11.08.2022, 11:31
Оқылды: 151

Құрылыс – қоғамның айнасы

Әр мамандықтың қоғамда алатын өзіндік орны, мәртебесі бар. Сондай мәртебелі мамандықтардың бірі құрылысшы мамандығы екендігі баршамызға аян. 14 тамызда елімізде құрылысшылар күні аталып өтіледі. Құрылысшы – адамзат өркениетiнiң бастауында тұрған мамандық.

10

Күн санап қарқынды құрылысымен қызу еңбектің ортасындағы Ақсай қаласы бүгінде әсем ғимараттармен толығуда.

Мереке қарсаңында аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімімен байланыс жасадық.

«Төрт елді-мекеннің бас жоспарын дайындау жоспарда бар»

Аталған бөлімнің басшысының міндетін атқарушы Мұратбек Ташенбаев сала бойынша ауданның бүгінгі жұмыс барысымен таныстырып өтті.

8

- Ауданда құрылыс қарқынды жүруде. Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы 10 ықшам ауданда екі 9 қабатты үйдің құрылысы толық аяқталып, иелеріне пәтер кілттері табысталғаны баршаңызға мәлім. Құрылыстың қарқындылығы мен сәулеті қала үшін өте маңызды десек те, баспанасыз жандардың баспаналы болуы алдыңғы қажеттілік. Сондықтан да ағымдағы жылы тағы да екі көпқабатты баспана құрылысына қажетті құжатнамалар жасақталды, құрылыс жұмыстары басталды. Аталмыш үйлер Отбасы банк арқылы осы банкте салымы бар және жергілікті органның кезегінде тұрғандарға беріледі. Бұл жүздеген отбасы алдағы уақытта баспаналы болады деген сөз. Сондай-ақ, тұрғын үйден бөлек Ақсай қаласының шығыс бағытында 1186 жер учаскесіне арналған «Жилой массив-2» тұрғын үй алабы жобасы жасақталуда. Ереже бойынша азаматтарға берілетін жер телімдері тиісті және қажетті инженерлік инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілген жағдайда беріледі. Инженерлік желілерді жүргізу бойынша барлық жұмыстар өз бастауын алды. Ал қала құрылысы саласындағы құжаттамаларға келетін болсақ, келесі жылы 4 елді-мекеннің бас жоспарын дайындау жоспарда бар. Ол туралы жұмыс басталған сәтте толығырақ мәлімдейтін боламыз. Әзірге атап өткен жұмыстар жасалып жатыр. Мамандар да жеткілікті. Құрылыс саласы бойынша ЖОО-нын аяқтап келген жас мамандар да өз қабілеттерін көрсетуде,- деді сөзін аяқтап Мұратбек Мәлікұлы.

«Жастар тәжірибесі – жастарға мол мүмкіндік»

Біз де сөзін іле-шала бөлімдегі мамандармен тілдесуге асықтық. Бөлімдегі жас мамандардың бірі Жансая Казекенова.

9

Жансая- аталған бөлімде статист маманы. Ол Пугачев мектебін 2016 жылы жақсы деңгейде аяқтап, 2016 жылы Орал қаласы  Халықаралық Цифрлық Технологиялар, Сәулет және Құқық колледжіне  «Ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану» мамандығына грантқа түсіп, 2020 жылы құрылысшы маманы иесі атанып, үздік аяқтаған.

- 4 жыл білім алдым. Бұл салаға келуіме бірден бір себеп әкемнің еңбекқорлығы мен шеберлігі дер едім. Себебі әкем барлық құрылыс, дизайн жағынан өте шебер адам. Алайда оқуға түскенде архитектор немесе дизайн мамандығына түсемін деп жоспарлаған болатынмын, бірақ «Ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану» мамандығы бойынша грант бұйырды да, мен осы салада білім алдым. Дипломымды ала салысымен 2020 жылы өз ауданыма алғашқыда «Сәулет қала құрылысы және құрылыс» бөліміне жастар практикасы бойынша жұмысқа орналастым. Алғашқы жұмысым болған соң ба  тәжірибеден өту өте қызығушылықпен өтті. Жастар тәжірбиесі уақыты аяқталмай тұрып, атқарған жұмысымның жақсы нәтежиесінің арқасында сол жылы бөлімінің хатшы міндетін атқардым. Содан соң көп кешікпей міне, 2021 жылдың шілде айынан бастап бөлімінің статист маманымын.  Қазіргі уақытта  мүліктерді мемлекеттік тіркеуден өткізу, сметалық құжаттамалар тексеру, мердігерлер мен жұмыс және олар мен хат алмасу жұмыстарымен, сонымен қатар  құрылыс саласының порталдарымен жұмыстанамын. Құрылыс саласында жүргеніме биыл 3 жыл толды. Осы сәтті пайдаланып айтқым келгені, менің жұмысымды жақсы деңгейде орындай білуім, берілген тапсырманы уақытылы орындауым, жасаған әрбір жұмысым үшін естіген жақсы сөздердің барлығы тәлімгерім Салтанат Рамазанқызының арқасы. Жас маманның қай қайсысы да тәжірибелі мамандардың арқасында білімін толықтырып, іс жүзінде жасап көріп, тәжірибе жинақтайды. Қазіргі уақытта бөлімнің әрбір қызметкері бір үйдің баласындай  бірлесіп, ауданның сәулеттенуіне үлес қосудамыз. Және бұл жұмыстар  тоқтамай әлі де бағындырар белестеріміз алда деп сенеміз»,- деді ерекше қуанышпен Жансая.

P/S: Ақсай қаласы жыл өткен сайын көркейіп, биік-биік үйлер, ғимараттар бой түзеп келеді. Пайдалануға берiлген барлық нысандарда құрылысшылардың қолтаңбасы жатыр. Сондықтан құрылысшы еңбегi қашан да құрметке лайық! Барлық құрылысшы мамандық иелерін төл мерекелерімен құттықтап, ел экономикасының дамып, көркеюіне қосқан үлестерінің жемісін көре берсін деп тілейміз!

Сәнім Меңдібай,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале