9.06.2023, 10:30
Оқылды: 29

МӘМС не үшін қажет?

Кейінгі кезде елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесі төңірегінде қызу талқылау жүріп жатыр. Қоғамның қызу талқысына түскен тақырып аудан тұрғындарын да толғандырып жүр. Осы орайда аталған тақырып бойынша жиі қойылатын үш сұрақты рекдакциялап, ауданымыздағы денсаулық сақтау саласы мамандарына жолдадық.

МӘМС жүйесі 2017 жылдан бастап іске қосылғанымен, сақтандырылмаған азаматтар саны азаймай отыр. Жалпы МӘМС не үшін қажет? Сақтандырылмай отырған азаматтар кімдер?

817dd5c5-dce9-4b1e-90cf-bc588b058c03

Жасұлан Нұрахунов, Казталов аудандық ауруханасы директорының медициналық қызметтер сапасын бақылау жөніндегі орынбасары:

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) – денсаулық сақтау саласындағы мүддені әлеуметтік қорғаудың мемлекеттік жүйесі. МӘМС Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматына, олардың жынысы, жасы, әлеуметтік мәртебесі, тұрғылықты жері және табысынан тәуелсіз түрде медициналық және дәрілік көмекке бірдей қолжетімділікті кепілдік етеді.

Бұл денсаулық сақтау саласының қаржылық тұрақтылығын, медициналық қызметтердің жоғары сапасы мен қолжетімділігін, медициналық көмектің кең ауқымды пакетін қамтамасыз етеді.

Ауданымызда сақтандырылмай отырған азаматтар қатарында жеке шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер, жұмыссыздар, өз-өзін жұмыспен қамтыған азаматтар бар. Сақтандырылмай отырған азаматтарға міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің маңызы және МӘМС жүйесіне қатысу жолдары мен медициналық қызметтің көрсетілу тәртібі бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмысын медицина қызметкерлері ұдайы жүргізіп отыр.

Аудан халқының басым көпшілігі «Мен МӘМС қорына не үшін жарна аударуым керек?» деген сауалды жиі қояды. Медициналық сақтандыру қорына жарнаны кімдер және қалай төлейді? Қорға жарна төлеу арқылы қандай мүмкіндіктерге ие болады?

0e7eb054-f374-4263-aab6-5935c541a996

Жұмажан Алданыш, №2 Казталов аудандық ауруханасы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары:

– МӘМС қорына жарналарды аударатын халықтың әртүрлі әлеуметтік тобы болады. Олар өз-өзін жұмыспен қамтушылар, яғни БӘТ (бірыңғай әлеуметтік төлем) төлеушілер, жұмыс беруші, жеке кәсіпкер, жеке нотариус, адвокат, кәсіби медиатор, шаруа қожалығының иесі, шаруа қожалығының мүшесі (олар шаруа қожалықтары болып табылмайды), азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмыс істейтін жеке тұлға, жалдамалы жұмысшы, азаматтардың жеңілдікті санаттары, дербес төлеуші (тұрақты табысы жоқ және азаматтардың жеңілдік санаттарының тізіміне енгізілмеген жеке тұлға).

МӘМС бойынша мынадай медициналық қызметтер көрсетіледі:

- профилактикалық медициналық тексерулер, яғни скринингтік тексерулер;

- учаскелік дәрігердің нұсқауы бойынша арнайы маманданған дәрігердің қабылдауы және кеңес беруі;

- созылмалы дертке шалдыққан жандардың бейінді мамандардың бақылауында болуы;

- уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша халықтың жекелеген санаттарына шұғыл және жоспарлы нысанда стоматологиялық көмек көрсету;

- халықтың белгілі бір категориясына шұғыл және жоспарлы түрде стоматологиялық көмек көрсету;

- диагностикалық қызметтер, оның ішінде лабораториялық диагностика (УЗИ, рентген, КТ, МРТ); - мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялы, стационарлық медициналық көмек;

- медициналық оңалту;

- стационарда мамандандырылған медициналық көмек көрсету кезінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету.

Бірыңғай жиынтық төлем деген не және ол қалай есептеледі?

Жасұлан Нұрахунов, Казталов аудандық ауруханасы директорының медициналық қызметтер сапасын бақылау жөніндегі орынбасары:

– Бірыңғай жиынтық төлем – жылына 1175 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын табысы бар, бейресми жұмыспен қамтылған азаматтардың кәсібін тіркеу тәртібін жеңілдетуді қарастыратын жаңа режим. Бірыңғай жиынтық төлемді енгізудің негізгі мақсаты – бейресми жұмыспен қамтылған азаматтардың кәсібін ресмилендіру және олардың әлеуметтік қорғау, міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуын қамтамасыз ету.

Ауылдық жерде тұратын тұлғалар үшін бірыңғай жиынтық төлем мөлшері – 0,5 АЕК, яғни 1725 теңгені құрайды.

БЖТ арқылы мынадай төлемдер жасалады:

  • 10 % – жеке табыс салығы;
  • 20 % – мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар;
  • 30 % – бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына зейнетақы жарнасы;
  • 40 % – әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударымдар.

Бірыңғай жиынтық төлемнің пайдасына тоқталар болсақ, бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер медициналық мекемені таңдай отырып, міндетті медициналық сақтандыру аясында барлық медициналық қызмет түріне қол жеткізе алады. Олар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыса отырып, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер ала алады (еңбек ету қабілетінен айырылу, асыраушысынан айырылу, жүктілік және босану, жаңа туған нәрестені асырап алу және 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша) және зейнетақы жүйесінде еңбек өтілін жинап, базалық және жинақталған компоненттер есебінен тиісті көлемде зейнетақы алады.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале