30.05.2023, 22:20
Оқылды: 44

МӘМС: Сақтандырылмағандар қатары көп

Бүгін аудандық мәслихаттың «Білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамту мәселелері» жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жәйі талқыланды.

IMG-20230530-WA0347

Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Сәрсенбай Молдашев, аудан әкімінің орынбасарлары, округ әкімдері қатысты.
Комиссия отырысында көтерілген мәселе бойынша Казталов аудандық ауруханасы директорының медициналық қызметтер сапасын бақылау жөніндегі орынбасары Жасұлан Нұрахунов, №2 Казталов аудандық ауруханасы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Жұмажан Алданыш баяндама жасап, ауданымыздағы МӘМС жүйесінің жәйі туралы айтып өтті.
2017 жылдан бастап қолданысқа енгізілген жүйені мемлекет басшысы да сынға алған болатын. Ауданымыздағы ахуал да көңіл көншітпей отыр. Бүгінде ауданымыз бойынша 3 231 адам медициналық сақтандыру қорына тіркелмеген. Бұл сала мамандарын да, жергілікті атқарушы органды да алаңдатып отыр.
Комиссия отырысына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова МӘМС жүйесіндегі өзгерістер, азаматтардың құқықтары мен міндеттері жөнінде түсіндіру жұмыстары үнемі жүргізіліп отырғандығын, кейбір ауылдар мен елді мекендерде медицина саласы қызметкерлерінің өзі жүйені дұрыс түсінбейтіндігін баса айтты.
Жиында талқыланған мәселеге қатысты депутаттар да өздерінің пікірлерін білдірді. Мәселен, аудандық мәслихат төрағасы Сәрсенбай Молдашев медицина саласы мамандары түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет екендігін алға тартса, депутат Серікбол Қадемов мәселені ақ желеңділерге ысырып қою, мәселені шешпейтіндігін атап өтті.
- Медицина саласы мамандары түсіндіруді үздіксіз жүргізіп келеді. Қолда бар мәліметке назар аударсақ, сақтандырылмаған азаматтардың басым көпшілігі өзін-өзі жұмыспен қамтушылар, шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлікте қызмет атқаратындар. Мәселені, бір жақты қарамай, жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірлесе отырып жүргізу керек, - деді халық қалаулысы.
Сала мамандары болса МӘМС жүйесі жөніндегі заңнамадағы жауапкершілікті арттыру, шаруа қожалық жетекшілері мен жеке кәсіпкерлерге және қызметкерлеріне заң жүзінде тиісті шара қолдану жөнінде ұсыныстарын жеткізді.
Комиссия төрағасы Сәкен Сәлімжанұлы мәселенің өзектілігін ескере отырып, округ әкімдері мен сала мамандары бірлесе отырып түсіндіруді жүргізуді тапсырды.

Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале