5.08.2026, 17:00
Оқылды: 5

Медиация - қоғамдық келісімнің берік тетігі

Қоғамдағы тұрақтылық пен өзара түсіністік ең алдымен адамдар арасындағы сенім мен келісім мәдениетіне сүйенеді. Осы тұрғыдан алғанда медиация институтының маңызы жыл өткен сайын артып келеді. Дауды сотқа жеткізбей, тараптарды мәмілеге келтіру уақыт пен қаржыны үнемдеп қана қоймай, қоғамдағы ауызбіршілік пен азаматтық жауапкершілікті нығайтатын өркениетті тәсіл. Осы бағыттағы жұмысты жүйелеу және өзара тәжірибе алмасу мақсатында Қазақстан медиаторлары күніне орай Казталов ауданында «Медиация – тиімді диалог алаңы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
image-05-08-26-03-44-7
Аудандық кітапханада өткен басқосуға аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев, аудандық соттың төрағасы Әлібек Нұрғалиев, бөлім басшылары, қоғамдық және кәсіби медиаторлар, құқық қорғау органдарының өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері қатысты.
Жиынды ашқан аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев медиация – қазақ халқының билер институтынан бастау алатын бітімгершілік дәстүрінің қазіргі заман талабына сай жаңғырған құқықтық тетігі екенін атап өтті. Оның айтуынша, ауылдық жерде қоғамдық келісімді сақтау, түрлі тұрмыстық және әлеуметтік сипаттағы келіспеушіліктердің ушығуына жол бермеу бағытында медиаторлардың еңбегі айрықша.
image-05-08-26-03-44-5
Бүгінде Казталов ауданында 18 медиатор қызмет атқарады. Оның ішінде біреуі кәсіби медиатор болса, қалған 17-сі қоғамдық негізде тұрғындармен жұмыс жүргізуде. Олар ауыл-аймақтарда туындайтын отбасылық, азаматтық және әкімшілік сипаттағы дауларды өзара келісім арқылы шешуге ықпал етіп келеді.
Дөңгелек үстелде аудандық соттың төрағасы Әлібек Нұрғалиев медиацияның құқықтық мемлекет қағидаттарын орнықтырудағы рөліне тоқталып, келісім арқылы шешілген әрбір дау азаматтардың уақытын үнемдеп қана қоймай, қоғамдағы сенім ахуалын күшейтетінін атап өтті.
image-05-08-26-03-44-12
Кездесуде аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдана Мұханбетова баяндама жасап, аудандағы медиация институтының даму көрсеткіштеріне жан-жақты тоқталды.
— 2025 жылы медиаторлардың қарауына 27 іс түссе, 2026 жылдың алғашқы алты айында олардың қарауына 41 өтініш келіп түскен. Оның ішінде кеңес беру, азаматтық, отбасылық және әкімшілік сипаттағы даулар қаралған. Бұл тұрғындардың өзара келісім арқылы мәселе шешуге деген қызығушылығының артып келе жатқанын аңғартады. Барлық ауылдық округтерде ақпараттық баннерлер орнатылып, әлеуметтік желілер арқылы медиаторлар туралы мәліметтер жарияланды. Ауыл әкімдерінің есептік кездесулерінде медиаторлар таныстырылып, бұқаралық ақпарат құралдарында арнайы мақалалар жарық көрді. Сонымен қатар бірқатар ауылдық округтерде медиаторлардың жұмыс кабинеттері жабдықталып, тұрғындарды қабылдауға қолайлы жағдай жасалды,  — деді ол.
image-05-08-26-03-44
Басқосуда қоғамдық медиаторлар тәжірибе алмасып, ауылдық жерлерде кездесетін түйткілдерді ортаға салды. Медиацияны одан әрі дамыту, құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейту, күрделі дауларды сотқа дейінгі кезеңде шешу тәжірибесін кеңейту жөнінде нақты ұсыныстар айтылды.
Жиын соңында Қазақстан медиаторлары күніне орай медиация саласының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар қоғамдық медиаторлар марапатталды.
image-05-08-26-03-44-3
Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасының Құрмет грамотасы Көктерек ауылдық округінің қоғамдық медиаторы Ақзия Шунбаеваға және Қайыңды ауылдық округінің қоғамдық медиаторы Тұрсынай Иманғалиеваға табысталды. Сондай-ақ аудан әкімінің Алғыс хатымен Жаңажол ауылдық округінің қоғамдық медиаторы Мұрат Қарабалин, Қараөзен ауылдық округінің қоғамдық медиаторы Амангелді Кенжеғалиев, Қараоба ауылдық округінің қоғамдық медиаторы Гүлшат Селенова және Бостандық ауылдық округінің қоғамдық медиаторы Байболат  Жылқыбаев марапатталды.
Нәзік СЛАМБЕК
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале