11.02.2022, 10:30
Оқылды: 64

Мичуринде атқарылған іс көп

Өткен жылы Бәйтерек ауданы Мичурин ауылдық округінің тұрғындары Светлая көшесіне қосымша жарық шамдарын орнату және электр желісінің жиі істен шығатыны жайында мәселе көтерген болатын. Биыл ауыл әкімдігі Светлая көшесіне 4 шам орнатып, округ орталығында электр энергиясын беруді қалыпқа келтіру үшін жарық тарату пунктінің құрылысына қажетті жоба дайындаған.

мичурин (6)Ақша бөлінген кезде бұл мәселе өз шешімін таппақ. Әзір қажетті деген екі трансформатор сатып алыныпты. Биыл олар орнатылады екен. Бұл туралы өзінің есептік кедесуінде округ әкімі Максим Мусалимов баяндады.

Сонымен қатар бұралқы ит, Иманов көшесіне салынып жатқан бизнес объектілеріне берілген жерлердің заңдылығын тексеру туралы комиссия құру, ауыл шетінде орналасқан көшелердің қарын тазалау, ауыл зиратын қоршау сияқты мәселелер де былтыр өткен есептік кездесуде сөз болды. Ауыл әкімі Максим Мусалимовтың айтуынша, аталған мәселелер біртіндеп шешілген.

-Осы кезге дейін 104 бұралқы ит ауланды. Мамыр айынан бастап арнайы комиссия Иманов көшесінде берілген жер учаскелерінің заңдылығын тексеру жұмыстарын жүргізді. Бұл жұмыстар барысында екі кәсіп иесіне ескерту жасалды. Ал ауыл шетіндегі көшелерді қардан тазалау жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Сондай-ақ ауыл зираты 50 метр профлистпен қоршалды. Бұл жұмыс әлі де жалғасады,-деді округ әкімі.

мичурин (4)

Жалпы қала іргесіндегі округке демографиялық өсім тән. Мысалы 2017 жылы 162 сәби көрінсе, былтыр бұл көрсеткіш 238 болыпты.

Жас әкім салық жинау ісіне де ұқыптылықпен қарайды. Былтыр 62,071 миллион салық жинап, жоспарды асыра орындаған ауыл әкімдігі аудан басшылығынан қаражат сұрамай-ақ салықтан түскен ақшаны жергілікті қоғамдастықпен ақылдаса отырып, екі ауылға балалар ойын алаңын салуға, кей көшелерді жарықтандыруға, қоқыс контейнерлерін жөндеуге, аялдама орнатуға және тағы басқа ауыл көркін келтірер іске жұмсаған.

Жергілікті шаруалар егін егіп, жақсы өнім алған. Соның арқасында екі рет ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылыпты. Сонымен қатар округте шағын бизнес саласы да мықты дамып келеді. Былтыр ауылға бір миллиардтан астам инвестиция құйылған. Қомақты қаржыға жылыжай тұрғызған «World Green Company» 175 жаңа жұмыс орын ұсынса, түрлі ресторандар мен DATA-орталық, оқу орталығы, жеке балабақша, «Бәйтерек» жаңа демалыс саябағы да біраз тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Округте «Пчеловоды ЗКО» атты кооператив құрылып, жемісті еңбек етуін бастағаны да қуантады.

Жалпы Мичурин округінде жасаймын деген жанға жұмыс табылады. Әкімдік жастар тәжірибесіне, ақылы қоғамдық жұмысқа сұранған жандарға қашан да көмек көрсетіп тұрады. Одан бөлек, мұқтаж отбасылар мен көпбалалылар және мүгедектер де назардан тыс қалған емес. Жергілікті кәсіпкерлермен бірлесіп, түрлі акциялар мен қайырымдылық марафондары да іске асып жатыр.

Ауылдағы білім сапасы да ойдағыдай. Округ аумағындағы мектептер толық. Жас мұғалімдер «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы арқылы баспана алуда. Осы кезге дейін он ұстаз баспаналы болған.

Мәдениет саласының жұмысы да ретке келтірілген. Түрлі үйірмелер мен әжелер, келіндер ансамбльдері, жас өнерпаздар көрерменін қуантуға қашан да дайын.

Максим Мусалимов келгелі мичуриндік спортшылардың да нәтижелері өскен. Осы кезге дейін аудан спартакиадасында үнемі соңғы орындардан көрінген ауыл спортшылары былтыр биік нәтижеге қол жеткізген. Округ аумағында тұратын, бірақ облыс орталығында жаттығатын Арсен Кулов каратэ до шотоканнан әлем чемпионы атанса, гимнаст Ислам Қабдолов та әлемді мойындатты. Одан бөлек волейболшы Алпамыс Сабырғалиев те облыстың үздік ойыншыларының қатарында.

Тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы да ретке келтірілген. Ауыл іші тазартылып, ағаш отырғызуға да үлкен көңіл бөлінеді. Әсіресе ауыл маңындағы Шаған өзенінің жағасын тазалауға тұрғындар белсенді араласыпты. Былтыр ұйымдастырлған «Бұл – менің қоқысым емес, бірақ бұл – менің ауылым» акциясы аясында біраз жер тазарып қалыпты.

-Бүгінгі таңда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы арқылы Мичурин, Асан ауылдарының ауылішілік көшелері жөнделді. «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы Октябрь ауылына барар жол мен Жамбыл ауылына кірер жолды жөндеу жұмыстары басталды. Аталған жобаның сметалық құжаттамасын кәсіпкер әрі меценат Мұрат Жәкібаев жасады,-деді атқарылған жұмысы жайында баяндаған ауыл әкімі Максим Мусалимов.

мичурин (5)

Одан бөлек, ветеринариялық және төтенше жағдайдың алдын алу сияқты жұмыстар да ойдағыдай атқарылған. Ауыл халқының денсаулығын жақсарту ісі де бір жақты шешіліпті. Вакцина алушылар саны да артып келеді екен. Тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 87 бейнебақылау камералары орнатылғаны да көпшілікті қуантуда.

Биыл округке қарасты Жамбыл ауылында 308 орындық мектеп құрылысын аяқтау, Асан ауылындағы көше жарықтарын қосу, 30Д маршрутының жүру кестесін ретке келтіру, Октябрь ауылына балалар ойын алаңын салу, орталық саябақ құрылысына қажетті жобалық-сметалық құжаттарды дайындау сынды кезек күтпейтін мәселелерді шешу сияқты жоспары бар екенін де ауыл әкімі айтып өтті.

-Мичурин ауылында 50 жарық шам орнатуды көздеп отырмыз. Екі трансформаторды орнатып, жарық өшу мәселесін шешуге де кірістік. Жамбыл, Октябрь, Зеленое ауылдарына барар жолдарға жарық орнату, округ орталығындағы Магистральный көшесін жарықтандыру, Асан ауылындағы автожуу бекетін іске қосу, Зеленое ауылына су құбырын тарту және әр ауыл күнін белгілеп, тұрғындар мен әкімдік арасындағы қарым-қатынасты реттеуге күш салатын боламыз,-деді сөз соңында ауыл әкімі Максим Мусалимов.

Кейін аудан әкімі сөз алып, округте атқарылған жұмысқа оң бағасын берді. Сондай-ақ былтыр ауданда қандай жұмыстар жасалғаны жайында да Марат Лұқпанұлы баяндап өтті.

мичурин (1)

2021 жылы аудан кәсіпкерлерінің қолдауымен ауылдарға жол салуға қысқа уақытта жобалық-сметалық құжаттамалар жасақталып, республикалық бюджеттен жол салуға қомақты қаражат бөлігенін Марат Тоқжанов ерекше атап көрсетті. Сонымен қатар былтыр ауданда 2 жаңа мектептің құрылысы басталып, биыл тағы 5 мектеп салу, 2 мектепті күрделі жөндеу жоспарланып жатқанын да аудан басшысы айтты.

Жастар бас қосатын мәдениет үйі жоқ 4 ауылда спорт залмен қамтылған клуб салу да жыл жоспарына енген. Елді мекендерде 2 денсаулық сақтау нысанын салуға қаражат қаралды. Өзге де әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеуге бюджеттен қажетті қаражат бөлінуде. Ауданда биыл бірнеше ірі инвестициялық жобалар іске қосылмақ. Осы және өзге де жыл жоспарымен бөліскен аудан әкімі тұрғындар сұрақтарына да жауап берді.

мичурин (2)

Мичуриндік ағайын №47 маршруттың жүретін уақытын созу, көше жарықтарын орнату, Светлая көшесіне жарық шамын қою сынды сұрақтарды көтерді. Барлық мәселені жергілікті жерде шешуге болатынын айтқан аудан басшысы тиісті тапсырмаларын да берді.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы 

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале