15.04.2024, 11:15
Оқылды: 20

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі – денсаулық кепілі

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) – денсаулық сақтау саласындағы мүддені әлеуметтік қорғаудың мемлекеттік жүйесі. МӘМС Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматына, олардың жынысы, жасы, әлеуметтік мәртебесі, тұрғылықты жері және табысынан тәуелсіз түрде медициналық және дәрілік көмекке бірдей қолжетімділікті кепілдік етеді.

IMG-20240414-WA0001

Бұл денсаулық сақтау саласының қаржылық тұрақтылығын, медициналық қызметтердің жоғары сапасы мен қолжетімділігін, медициналық көмектің кең ауқымды пакетін қамтамасыз етеді.

Ауданымызда сақтандырылмай отырған азаматтар қатарында жеке шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер, жұмыссыздар, өз-өзін жұмыспен қамтыған азаматтар бар. Сақтандырылмай отырған азаматтарға міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің маңызы және МӘМС жүйесіне қатысу жолдары мен медициналық қызметтің көрсетілу тәртібі бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмысы медицина қызметкерлерімен ұдайы жүргізіліп отыр.

Казталов аудандық ауруханасында жыл басынан бері МӘМС есебінен 30 жоспарлы және шұғыл ота жасалды.

Өздеріңізге белгілі Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бұл – әлеуметтік жоба. Жинақтаушы болып саналмайды. Қазақта жақсы сөз бар – сақтансаң сақтаймын деген. Сақтандырылған әр азамат керек кезде төлейтін жарна төлеміне қарамастан, барлық медициналық көмекті алуға құқылы. Қарапайым дәрігерлік кеңестен бастап, жоғары технологиялық көмек, узи, қымбат бағалы КТ,МРТ сынды медициналық көмекті ала алады. Естеріңізде болса, КТ, МРТ сынды қымбат медициналық диагностикалық қызметтер 2020 жылға дейін әлеуметтік осал топтағы азаматтарға ғана тегін көрсетілген. Бүгінде барлық сақтандырылған азаматтарға ақысыз негізде қол жетімді. Яғни, МӘМС жүйесі енгізілгелі денсаулық сақтау саласы екі көзден қаржыландырылып, бірінші кезекте қарапайым халықтың медициналық көмек алуда көп мүмкіндіктері пайда болды.

Бүгінде әрбір емхана жанында Пациенттерді қолдау қызметі бар. Олар қажет болған жағдайда МӘМС, сақтандырылушының мәртебесін қалпына келтіру және медициналық көмек алу мәселелері бойынша кеңес бере алады.

Пациенттер бетпе-бет келетін проблемалық жағдайларды жедел шешу де осы қызметтер мамандарының міндеттеріне жатады. Қажет болған жағдайда олар ішкі аудит жүргізіп, оның нәтижелері бойынша Медициналық ұйымның әкімшілігі бұзушылық фактілерін анықтаған немесе растаған жағдайда тиісті шаралар қабылдайды.

Пациенттерді қолдау қызметіне қандай себеппен жүгінуге болады?

- шұғыл көмек алу үшін сізден сақтандырылған мәртебесі талап етіледі;

- учаскелік дәрігердің болмауы себебінен қабылдаудан бас тартылады;

- сіз бейінді маманнан кеңес ала алмайсыз, өйткені ол штатта жоқ немесе оған жазылу бір ай бұрын толтырылған;

- сізге МӘМС бойынша қолжетімді диагностикалық немесе зертханалық тексерулерге жолдама берілмейді, алайда сіздің бұл үшін медициналық көрсеткіштеріңіз бар;

- сізге жоспарлы тексеруді немесе бейінді мамандардан кеңес алуды 10 жұмыс күнінен артық күтуді ұсынады, алайда бірлесіп орындау шарты бойынша басқа медициналық ұйымдарға жібермейді;

- учаскелік дәрігер / медбике немесе фельдшер сіз осы емханаға аумақтық принцип бойынша тіркелген болсаңыз да, үйде шақыру қызметін көрсетпейді;

- сізді жүргізілген зерттеудің нәтижелерімен таныстырған жоқ;

- қабылдау кезінде дәрігер дөрекілік танытты, өзін дұрыс ұстамады немесе медициналық этиканы бұзды;

- сіз көрсетілген медициналық көмектің сапасына қанағаттанбадыңыз;

- сіз диагноздың немесе тағайындалған емнің дұрыстығына күмәнданасыз;

- сіз өзіңіздің медициналық жазбаларыңыздан қате мәліметтерді немесе қосып жазуларды байқадыңыз;

- сіз жалпы медицина қызметкерлері мен медициналық ұйымның жұмыс сапасына көңіліңіз толмайды;

- ТМККК және МӘМС пакеттерінде медициналық көмек алумен байланысты мәселелер бойынша.

Егер сіздің мәселеңізді пациенттерді қолдау қызметі шешпесе, әрқашан Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына: fms.kz ресми сайты, 1414 Бірыңғай байланыс орталығы, qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot байланыс арналары арқылы жүгіне аласыз.

Казталов аудандық ауруханасында сақтандырылмаған азаматтар да медициналық көмексіз қалған жоқ. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде науқастарға шұғыл жедел медициналық жәрдем, оның ішінде медициналық авиация; амбулаториялық жағдайдағы мамандандырылған медициналық жәрдем, шұғыл жағдайда көрсетілетін қызметтер, әлеуметтік маңызы бар және созылмалы аурулардың диагностикасы және емдеу; стационарлық жағдайдағы мамандандырылған медициналық жәрдем, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету түрлері көрсетілуде.

Казталов аудандық ауруханасының баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале