8.06.2022, 11:15
Оқылды: 88

Науқан басталды: тәртіпті сақтаған жөн

Жаздың сәні – суға түсу. Күннің ыстығында бір сергіп, суға шомылған жақсы-ақ. Алайда, сақтық шараларын орындамаса, соңы қайғылы жағдайға душар ететінін қаперден шығармау керек.

IMG-20220607-WA0089

Ресми мәліметтерге сүйенсек, жыл сайын әлемде жарты млн-ға жуық адам суға батып, қаза табады екен. Бұл, әрине, алаңдатарлық жәйт. Тілсіз жаудың құрбанына айналғандардың басым көпшілігі тыйым салынған орындарда суға түскендер болса, енді біреулері ата-анасының қарауынсыз қалған жасөспірімдер. Ащы суға сылқия тойып, суға түсетін ересектер де бұл тізімнің қатарында.

Қауіпсіздік шараларын сақтау маңызды

Жаздың үш айын қамтитын суға түсу науқаны күздің ортасына дейін созылатыны мәлім. Осы уақыт аралығында төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары аянбай тер төгеді. Күннің аптап ыстығында қызу жұмысқа кірісіп, адам өміріне араша түседі. Осы орайда Теректі аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Жарас Көпжасаровпен сұхбаттасып едік.

a8e15fd3-4089-4ee9-8a8a-06dea5ffea2d

- Ауданымызда суға түсуге рұқсат етілген тоғыз орын бар. Сол орындарға жергілікті атқарушы органдар жағажай салу керек. Немесе жеке шаруаларға беріп, жақсы демалыс орнын ұйымдастыру керек. Қазіргі уақытта Подстепный ауылындағы Ядовитая өзеніне «Елжас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жауапкершілік алып, жағажай салу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Биыл халыққа пайдалануға беру жоспарда бар. Жыл сайын Шалқар көліне шомылуға туристер келеді. Осы екі жерден басқа орындарға суға шомылуға бармаған дұрыс. Себебі,  қалған  су қоймаларында техникалық қауіпсіздік жағдайлары жасалмаған. Жағажай аумағында құтқару жасағы, дәрігерлік пункт, жоғарыдан тексеру орны, қайық болуы керек. Бізде құтқару жасағы тек бір жерде, яғни Шалқар көлі аумағында ғана бар. Суға түскенде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, белгіленген орыннан шықпауды, ата-аналарға балаларын қараусыз қалдырмауды ескертемін, - дейді Жарас Нұрсұлтанұлы.

Былтыр аудан бойынша төрт адам суға кетіпті. Оның екеуі Ақжайық және Подстепный ауылдарындағы мектеп жасындағы жеткіншектер екен. 2020 жылы да мектеп оқушысының ажалы судан болғаны жөнінде факт тіркелген. Демек, тек белгіленген, рұқсат етілген жерлерде ғана суға түсу керек.

Науқанға сақадай сай

Облысымыздың мақтанышы саналатын Шалқар көлінің ауданымызда орналасқаны қуантады. Тұздан шипа, судан ем іздеп келушілер саны да осы аймақта өте көп. Қазақстанның басқа қалаларынан, тіпті көршілес елдерден де арнайы келетін демалушылар  бар. Шалқар ауылдық округіндегі №5 жедел құтқару жасағы тобының басшысы Тілеген Оразовтан науқанға дайындықтарын сұрағанбыз:

c9e09d7b-bda8-4267-8833-9b1bf4692c89

- Шалқар көлі жағасына ауыл тұрғындары киіз үй тігіп, маусымдық кәсіппен айналысады. Демалушылардың санында шек жоқ. Әсіресе, аптаның сенбі, жексенбі күндері киіз үйде бос орын болмайды. Жаға адамға толған күндері қауіптің алдың алу мақсатында жұмыс күшін күшейтеміз. Штатта 6 адам жұмыс істейді. Шақырту түскен бойда жедел қимылдап, оқиға орнына жетеміз. Былтыр қайғылы жағдай тіркелген жоқ. Жалпы, жедел құтқару жасағындағы әр қызметкер өздеріне берілген міндеттерді орындайды. Басты міндет -жұмыстан кешікпеу, шақырту орнына тез жету, техникаларды мұқият тексеру, - дейді Тілеген Ермекұлы.

Бассейнге құмартқан жеткіншектер

2019 жылы аудан орталығы Теректі ауылында кәсіпкер, Теректі аудандық мәслихат депутаты Сержан Идиятов «Теректі» кешенін ашты. Рестобар, қоғамдық монша және бассейнді қамтыған кешенде теректіліктерді жиі кездестірерсіз. Әсіресе, жас жеткіншектер күн сайын бассейнге келіп, жүзуді үйреніп жүр.

a11560a2-5d08-42cf-b15b-44224b2b9be0

- Бұл бассейн ауыл тұрғындарының барлығына арналған. Өзім 7 жастан бастап 18 жасқа дейінгі мектеп оқушыларына суда жүзуді үйретемін. Қазір үйренушілер саны 20-ға жетті. Бассейнде жүзуге рұқсат алу үшін, ең алдымен, денсаулық жағдайы туралы анықтама керек. Суға түсуге арналған киімдерін әкелу де маңызды. Балалар бассейнге түспес бұрын (себелегіш) душ қабылдап алады. Содан кейін қауіпсіздік ережелерін түсіндіремін.  Ғимарат ішінде  жүгіруге, секіруге, қатты айқайлауға болмайтынын ескертемін. Аптасына үш күн жүзіп үйренеміз. Шәкірттеріме суда жүзген ұнайды. Денсаулыққа да пайдалы. Бірақ бассейн мен өзенде жүзуді салыстыруға болмайды. Бірқалыпты бассейнде жүзіп үйреніп, бірден ағысқа шығу өте қауіпті. Қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау керек,- дейді жүзу нұсқаушысы Саят Құлмұқанов.

Р/S: Қанша жерден жедел құтқару жасағы темірдей тәртіппен жұмыстанса да, әр қадамымызға жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Балаларымыздыда көзден таса қылмай, мейлінше сақ болған жөн. Сонда ғана қауіптің бетін сейілтер едік. Жағажайда демалғанға не жетсін, тек бас амандығын естен шығармайық!

Балнұр Қанаева,

Теректі ауданы 

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале