23.03.2023, 23:41
Оқылды: 17

Наурыз, Наурыз,  күн игі, Шаттанушы еді бір игі!

Тіршілік біткен оянып, бұлақтар бүлкіл қағып, бүршіктер бусанып, аспан шайдай ашылып, күннің нұры шашылған, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы, жаңа күннің бастауы – Ұлыстың Ұлы күні халқымыз үшін мән-мағынасы ерекше мейрам. Үлкен-кіші айналаны тазалап,  тал отырғызып, қазанға қыстан қалған сыбағаны салып, жеті түрлі дәм қосып наурыз көже пісіріп, ұлттық киім киіп жасанып, селтеткізер мен ұйқыашар да жасалып, бәйгеге ат қосылып, ән менен күй қалқып, көңіл көкке шалқып, той-думанның көрігі қызатын мезеттің кереметі көп.

IMG-20230317-WA0139

Қымбатты оқырман, әсіресе жас оқырмандарым, осынау мерекеде дана қазақтың ұлттық тағамдары, киімі, ойындары хақындағы мәліметті назарларыңызға ұсынуды құп көрдік.

Ұлыстың дәмі

Наурыз мейрамының басты тағамы — Наурыз көже. Тағамның қазақ салт-дәстүріне енуі тектен-тек емес. Оның түп мағынасында адамдарды достыққа және бірлікке шақыру жатыр. Бұл жөнінде Ақсоғым  ауылының тұрғыны Дариға Хайруллина бүй дейді:

— Наурыз көже — Ұлыстың ұлы күніндегі басты тағам. Ол қасиетті 7 дәмнен тұрады, яғни оған тары, арпа, бидай, бұршақ, күріш сияқты түрлі дән мен ақ қосылатыны белгілі. Жалпы, ұлттық тағамнан алғаш рет ауыз тиген адам оның дәмдік ерекшілігіне тамсанбай қоймайды. Құрамы нақты емес, бірақ өте дәмді тағам. Көжеге соғымнан арнайы сақталған мүшелер (қазы, қарта, шұжық, т.б.) де қосылады. Қазақ халқының ұғымында жеті саны қасиетті саналғандықтан, наурыз көжеге жеті түрлі дәм қосылады. Оған қоса, ол — тоқшылық пен ырыс құттың жоралғысы десек те болады. Наурыз көжені халық арасында «тілеу көже»,  «көп көже»  деп те атай береді. Қазақтың өзгермес салты наурыз көже дайындау — қазақ халқының жан дүниесінің кеңдігі мен қонақжайлығын ғана емес, сонымен қатар адамдарының бірлікке, ынтымақтастыққа бағытталуын көрсетеді, — деген ақ жаулықты әже немерелеріне көже ұсынды.

FB_IMG_1679046203009

Бесбармақтан асқан ас жоқ жаһанда!

Жас дос, қазақша ет (бесбармақ, бешбармақ) асқанда ең алдымен жіліктеп бұзылған етті адам санына қарай мөлшерлейді. Асуға дайындалған етті жуып-шайып тазалап, қазанға салады да, ет батып тұратындай етіп суық су құяды. Содан кейін қазанды қатты жанған отқа қойып, сарқылдатып қайнатады, бетіне шыққан қанды көбігін алып тастап, шамалап тұз, 1 бас пияз салып отын басады да, 1-1,5 сағат ет әбден піскенше шымырлатып қайнатады. Ет әбден піскен соң табаққа сорпасынан бөлек қотарып алып, тартылған табақтың санына қарай мөлшерлеп тұздық әзірлейді.

Жанат жасаған жент  

Жент — қазақ халқының талқанынан жасалынатын ұлттық тағамдарының бірі. Ол өте дəмді, құнарлы əрі тойымды десерт. Оны салқын жерде сақтау керек. Женттің жақсы қасиеті оның ұзақ сақталуында.

Заман дамыған сайын жентті де әйелдер қауымы түрлі мәзірмен дайындауда. Бірақ женттің құрамына міндетті түрде талқан қосылатынын ұмытпайық. Хош, сонымен,  Теректі колледжінде  аспаз мамандығы бойынша арнайы пәндер оқытушысы Жанат Ихсановаға біздің жас оқырмандар үшін жентті үйден жылдам дайындау жолын үйретші деп қолқа салдық.

 

— Қажетті азық-түлікке тоқталатын болсақ,  1 стақан талқан, 130 г маргарин немесе сары май,бал,дәміне қарай қант қажет. Бұл жерде көрсетілген азық-түлік мөлшерінен аз жент шығады. Егер көпшілікке дайындайтын болсаңыз, жоғарыда көрсетілген тағамдар мөлшерін 3-4 есе көп алған жөн. Талқанды араластыруға ыңғайлы ыдысқа саламыз. Маргаринді алдымен ерітеміз, содан соң талқанға құямыз. Талқан, ерітілген маргарин және қантты, балды жақсылап араластырамыз. Қантты дәміне қарай қосасыз. Кей талқанда қант болады. Ол кезде қант салмай-ақ қоюға болады.  Жентті арнайы кондитерлік қалыпқа салып, мұздатқышқа 20-30 минутқа саламыз.   Қалауыңызға қарай,  тағамға арналған түрлі түсті бояу қосуға  да болады,  — дейді Жанат Жұмабайқызы.

WhatsApp Image 2023-03-23 at 21.39.27

 Ойын — халықтың рухани қазынасы

Қазақ халқы бұл мейрамда «Қыз қуу», «Көкпар», «Жамбы ату»,  «Аударыспақ», «Арқан тартыс», «Теңге ілу», «Ақсүйек» сынды түрлі ойын ойнаған. Сонымен қатар «Алтыбақан» тепкен. Құрметті, жас дос, «Арқан тартыс» ойыны туралы Теректі балалар жасөспірімдер спорт  клубының әдіскері Өтеген Мүбарактан сұрап білдік.

— Ойынға ұзындығы 10 метрдей кендір арқан керек. Арқанның қақ ортасы қызыл орамалмен байланады. Осы орамалдың екі жағынан 1,5-2 метрдей қашықтықта жерге белгі салынады. Екі топқа бөлінген жастар бойларына қарай арқанның екі шетінен ұстайды. Төреші белгі берген сәттен-ақ екі топтың ойыншылары арқанды өздеріне қарай тартады. Арқанның ортасындағы қызыл орамалды жердегі белгіге бірінші сүйреп әкелген топ жеңімпаз атанады,  — деген спортшы ойынның тәрбиелік маңызы зор екенін тілге тиек етті.

FB_IMG_1679046186925(1)

Ең әдемі киім — ұлтыңның киімі
Ұлттық киім — бай тарихи-мәдени мұра, оны зерттеу бізді өткен ғасырлардағы әдет-ғұрып, салт-дәстүр, халықтың хал-ахуалынан жан-жақты хабардар етеді. Ол бізге жеткен материалдық мәдениеттің жетістігі. Мағынасы кең, бағасы асыл киім-кешектерімізді өсіп келе жатқан жас ұрпаққа өзгеріссіз жеткізе білетін, егеменді еліміздің мерейін үстем етіп, тәлімі мен тағылымы мол, асулардан алқынбай асатынына сеніміміз кәміл.

Бүгінгі таңда түрлі әсем ою-өрнекпен әспеттеп ұлттық киім тігетін теректілік тігіншілердің туындылары баршылық. Солардың бірі — Подстепный ауылының тұрғыны, он саусағынан өнер тамған шебер  Гүлжайхан Әбдірахманова. Ол кісінің қолынан шыққан ұлттық киімдер көздің жауын алады.

— Қазақтың көне ұлттық киімдеріндегі ою-өрнектерді сақтай отырып, қазіргі уақытқа ыңғайланған сан алуан киімдер мен әшекейлерді қолданысқа енгізуге, күн­делікті гардеробымызды ұлттық үлгі­де тігілген киімдермен толтыруға болады деп ойлаймын. Ұлттық үлгіде тігі­л­ген киім арқылы жастардың бойы­на пат­риоттық сезім ұялатуға болады, — дейді Гүлжайхан Аңсарқызы.

IMG-20230317-WA0044

 Жас оқырман, біз тек бірсыпарасын ғана келтірдік. Мұны неге айттық?  Сіздер ұлтымыздың ең асыл дүниелерін үйреніп,  ұмыт қалдырмай біле жүрсе екен дегенді мақсат тұттық. Жалпы, ұлттық код деген бар. Ол – ең алдымен, тілде, сосын дәстүріміз бен салтымызды, мінезімізді айқындайтын ділде, ұлттық мәдениетте. Қазақ баласының тағылымы мол тарихында мәдени-рухани болмысы ізгілікпен әдіптеліп, қарапайымдылықпен шыңдалып, парасатпен шырайланған. Ұлттық кодымызда ізгілік, адалдық, перзенттік инабаттылық, адамгершілік, парыз, этикет, ақыл-парасаттылық кеңінен өрістеген, молынан қамтылған. Мінекей,  бұлардың бәрі сіздердің бойларыңызда һәм ойларыңызда болса деп тіледік.

Самал Жамет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале