17.10.2024, 19:00
Оқылды: 168

Облыс әкімі іссапармен Жәнібек ауданында болды

Жәнібек ауданына іссапармен келген облыс әкімі Нариман Төреғалиев халық алдында есеп берді. Аудандық мәдениет үйіне жиналған аудан тұрғындары, аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері, бөлім басшыларымен қоса, облыстан келген бір топ басқарма басшысы бар.

463631325_1124598576336482_8123301159433559661_n

Атап айтсақ, Батыс Қазақстан облысы сот әкімшілігінің басшысы Айдар Тыныбаев, облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Жанболат Жаншин, полиция департаментінің бастығы Әзілхан Қайырханов, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Мирас Мүлкай, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бақберген Абуов, ветеринария басқармасының басшысы Абзал Бралиев, жер қатынастары басқармасының басшысы Нұржан Мақсотов, құрылыс басқармасының басшысы Нұркен Молдашев, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бекжан Тоқжанов, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекция басшысының міндетін атқарушы Қайрат Қадешев, «Қазсушар» РМК БҚОФ директоры Рауан Хұсайынов, «ҚазАвтоЖол» РМК БҚОФ басшысы Асылбек Мардан мен «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Асқар Ғайсин облыс әкімімен бірге келді.

Мінбеге көтерілген аудан әкімі Тимур Шиниязов Жәнібек ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасаса, облыс әкімі Нариман Төреғалиев облыс бойынша атқарылған және алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға қысқаша тоқталды.

463814367_1124598529669820_7300204005083791745_n

Кездесудің басым бөлігі сұрақ-жауапқа арналғасын, тұрғындар өздерінің сауалдарын «ашық микрофон» арқылы жолдады. Жәнібек ауылының тұрғыны Нұрман Түменов шекара өткізу бекетіне тоқталды. Оның айтуынша, Ресей және Жәнібек шекара бекеттерін салыстыруға келмейді. Ресей шекарасынан өтіп, Жәнібекке кіргенде «жетім баланың үйіне кіргендей боласың» деді. Ресей шекара өткізу бекетінде адамға да, көлікке де қолайлы жағдай жасалған. Сол себепті Жәнібек шекара өткізу бекетін тезірек модернизациялауды сұрады. Сонымен қатар ол: «Жақсыбай ауылына іргелес жатқан Қаракес көлі бар. Көлдің көлемі 3000 гектардай болады. Қазіргі таңда көлдің суы азайып кетті. Осыған орай Сарыөзен арнасын қайта жаңғыртып, аталған көлге су жіберуді қарастыруыңызды сұраймын», - деді.

Одан бөлек Жәнібек ауылының тұрғыны Гүлзада Сердалиева тұрғын үй мәселесін көтерсе, аудандық мәслихаттың депутаты Ринат Мұқатов Қамысты ауылындағы ауылішілік жолдарды асфальттауды сұрап, «Қамысты-Орал-Қамысты» бағыты бойынша жүретін маршруттардың уақытын жиілету мен бағасын арзандатуды тілге тиек етті. Аудандық мәслихаттың депутаты Райгүл Шагирова жоспарда тұрған мектептердің құрылысы уақтылы жасалса деген уәжін жеткізіп, аудан орталығындағы мәдениет үйіне де күрделі жөндеу қажет екенін айтты. Жәнібек ауылының тұрғыны Арайгүл Досқалиева айналма жолдың жөнделуіне байланысты «жедел жәрдем» көлігі тұрғын үйге кіре алмайтынын жеткізді. Жақсыбайлық Еркін Дүйтов те Қаракес көлінің мәселесін көтерді. Сонымен қатар үш ай бұрын Алматыдан ауданға көшіп келген, қазіргі таңда аудандық ауруханаға балалар дәрігері болып жұмысқа орналасқан Дәрмен Келдібек жастарға арналған бағдарлама арқылы келгендерін айтып, облыс, аудан басшылығына ризашылығын жеткізді. Сол сияқты Күйгенкөл ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Жұпар Хамзина қазіргі таңда өмір сүруге барлық жағдай жасалып жатқанына шүкіршілік айтып, ризашылығын білдірді. Сондай-ақ ол ауылдағы бары үш көшенің екеуіне асфальт төсеу жоспарланғанын айтып, қалған біреуіне жол жабынын төсеп беруді сұрады. Тау аулының тұрғыны Алтынай Қарашина Орал қаласындағы тұрғын үйдің кезегінде 14 жылдан бері тұрғанын айтты.

463603952_1124599726336367_1245120349195157308_n

Кездесуден соң облыс әкімі мен басқарма басшылары тұрғындарды жеке мәселемен қабылдады.

463487224_1124598119669861_747480845489144349_n

Гүлзара Мәди

Жәнібек ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале