18.06.2022, 0:24
Оқылды: 40

Облыс басшысы - Бөкей елінде

Бөкей ордасы ауданына облыс әкімі Ғали Есқалиев жұмыс сапарымен келді. Оның сапары Хан ордасынан басталды. Облыс басшысымен бірге орынбасары Темірхан Меңдіғалиев, облыстық мәслихат хатшысы Бибігүл Қонысбаева бастаған басқарма басшылары да бар.

WhatsApp Image 2022-06-17 at 17.22.42

Ғали Есқалиев Жәңгір хан мектебінің және интернатының, мәдениет үйінің күрделі құрылыс барысымен танысты. Интернат пен мәдениет үйінде жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Материалдар жеткізіліп, ауыл азаматтары да жұмысқа тартылған.  Мәдениет үйінің күрделі жөндеуіне 171 963 964 теңге бөлінген. Жауапты мердігер - "Корпорация Алем-құрылыс" ЖШС. Серіктестіктің өкілі Хасен Медетбеков жөндеу жұмыстарын күзге дейін аяқтап,  қыркүйекте пайдалануға береміз деп сендіріп отыр. Көптен бері "жыр болған" мектептің жөндеу жұмысы әлі де қарқын ала қойған жоқ.

- Бюджеттік бағдарламаның өзгертілуіне орай қаржы дер кезінде қазынашылықтан өтпей қалды. Облыс әкімінің қадағалауымен бұл мәселе шешілді. Алдағы күндері жөндеу жұмыстары басталатын болады, - дейді  аудандық білім беру бөлімінің басшысы Бисенбек Насимоллин.

WhatsApp Image 2022-06-17 at 17.22.45

Мектеп жанындағы интернаттың жөндеу жұмысы басталған. 85 595,7 мың теңге қарастырылған. Нысанның жөнделуіне "АИАС құрылыс Сервис" ЖШС жауапты.

Өңір басшысы жол құрылысымен де танысты. "Ақжолқұрылыс" ЖШС учаске басшысы Аманжол Әбдіхалықов материал тасымалының жолға қойылғанын айтты. Вагон саны да артқан. Естеріңізге сала кетсек, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың облысымызға келген сапарында қатаң сынға алынып, жол құрылысы қарқынын арттыруда кедергі боп тұрған мәселелерді шешу қарастырылған еді.

WhatsApp Image 2022-06-17 at 17.23.50 (1)

Аманжол Әбдіхалықовтың айтуынша, дәл қазір базада бес мың тоннадай қиыршық тас бар. Цемент кешеуілдеуде екен. Қиыршық тасты Ақтөбенің Мұғалжарынан, цементті Ресей Федерациясынан, битумды Атыраудан алдырады. Жол құрылысына 25 жергілікті тұрғын тартылған. Жұмыс күшіне қажеттілік әлі де бар.

- Биылғы меже - 53 шақырымға ірі қиыршық тас төсеп, астыңғы қабатын жауып шығу. Асфальтталған 14 шақырым  пайдалануға берілген,- дейді учаске басшысы.

WhatsApp Image 2022-06-17 at 17.23.50

Облыс басшысы Ғали Есқалиев:

- Материал тасымалы шешілді, тиісті қаржы бөлінуде. Сізден талап етеріміз тек сапалы жұмыс. Жаз өтіп, күз келгенде халық тағы да жол мехнатын кешіп, қиналып қалмасын, - деп тапсырды.

Ұлпан Жакина, 

Бөкей ордасы ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале