15.07.2022, 9:15
Оқылды: 48

Руханиятқа толы жүздесу

Ақжайық ауданына қазақ радиосының сандуғашы атанған, филолог, доцент, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Сауық Жақанова, филология ғылымдарының докторы, профессор, тіл жанашыры Роза Қайырбаева және белгілі журналист, ақын, «Айгөлек» журналының бас редакторы Қымбат Әбілдақызы келіп, Чапаев және Бударин ауылдарында руханиятқа асық жұртпен жүздесті.

IMG_8242

Қазақстан Ақын жыршылар одағының мүшесі Сағынтай Бисенғалев жүргізген Жұбан орталығындағы жас оқырмандармен, еңбек ардагерлерімен кездесуде кеш қонақтары қазақ тілі және тарихынан, мәдениетінен салмағы зор әңгіме өрбітті.

Алдымен меймандар рухты ақын, Желтоқсан жебесі Жұбан Молдағалиевтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

– Әйгілі ақын Жұбан елінде болу, оның жерлестерімен сұхбаттасу – біз үшін үлкен мәртебе. Ұлтымыздың рухын асқақтатқан тау тұлғалы эпик ақын қазақтығымызды әлемге әйгіледі десек, артық айтқандық емес. Мұны ұрпақ жадына сіңіре түсу бүгінгі руханият жанашырларының алдындағы бұлжымас парыз. Қанды уақиға желтоқсанда ештеңеден де, ешкімнен де тайсалмай, қазақылығымызды жаншығысы келген қандықол билікке қарсы шығуға қаймықпады. «Мен қазақпын» деп, әлемге жар салған ақын шығармашылығын жаңғыртып, асқақ рухты болыңдар, - деді оқушыларды қасына алып, маңдайынан емірене иіскеген Қымбат Әбілдақызы.

Сондай-ақ олар қазақ тілінің тағдыры туралы да толғам, пікірлерін ортаға салды.

«Қасиетті Ақ Жайық өлкесі – шежіресі өте бай мекен. Талай тағдыршешті кезеңдерді бастан өткерсе де, ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрімізді қаз-қалпында сақтап қалған батыс жұртының алдында басымды иемін. Бүгінгі шараға қатысып отырған жастар, ұлан-ғайыр даланың иесі, қазақ ұлты ретінде қалыптасуында қан мен тер төккен ата-бабаларымыздың ұрпағы екендеріңді ұмытпағайсыңдар. Сондықтан тәуелсіз Қазақстанның ертеңі ретінде сендерге бүгінде зор сенім артылып отыр. Туған елді көркейту, егемендікті қастерлеу сендердің басты парыздарың болмақ», – деді әйгілі диктор Сауық Мәсіғұтқызы.

Қазақтың әр баласын халқымыздың бай мұрасы – ертегілер оқи отырып тәрбиелеген әйгілі радио дикторының өмірі өскелең ұрпаққа зор өнеге болып табылатыны сөзсіз. Осында оқушылар кеш кейіпкерлеріне өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, әңгімеге тартты.

IMG_8261

Кездесуде қолдарына «Айгөлек» журналын ұстаған «7МУЗА» шығармашылық отауының мүшесі, орталық балалар кітапханасының оқырмандары Еркінжан Ернұр, Айсана Серік жатқа өлең оқып, Қымбат Әбілдақызынан қолтаңба алды.  Жайықтық «Асыл әжелер» ансамблі ән шырқап, кездесудің көркін келтірді. Еңбек ардагерлері Тілес Жазықбай, Бірлес Қайрошұлы, Аманғали Қайсағалиев меймандардың тұщымды әңгімесіне, рухани дем бергендеріне риза екендерін айтты.

Шара соңында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысы Руслан Биманов сөз сөйлеп, естелік сыйлықтар табыстады.

Нұрәлі Әлім,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале