27.06.2023, 17:00
Оқылды: 40

Сағадат Рахметжановтың шығармашылық кеші өтті

Бәйтеректе Сағадат Рахметжановтың шығармашылық кеші өтті.

IMG_20230627_144532_735

Аудан орталығындағы мәдениет үйінде ҚР-ның мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Сағадат Рахметжановтың «Сахна осы біздің киеліміз» атты шығармашылық кеші өтті.

Сағадат Ғабднасарұлы – Батыс Қазақстан өңіріндегі дәстүрлі ән мектебінің көрнекті өкілі, ән өнерінің дамуы жолында қырық жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан ол Ғарифолла Құрманғалиевтің төл шәкірті.

Қаратөбе ауданының құрметті азаматы, Ғ. Құрманғалиев атындағы және Мұхит Мералы атындағы конкурстардың бас жүлдегері.

IMG_20230627_144546_513

Кеш иесі концертті Мұхиттің «Үлкен айдай» әнімен ашқан соң, жиылған жұртпен амандасып, ертеректе ауданға келіп жүрген уақыттарында өнерді сүйетін жандардың аз болғанын айтып, бүгінгі күні өңірдің қазақыланып, көрермен қарасы көбейгеніне қуанышты екенін жеткізді.

IMG_20230627_144612_735

Кейін халық әні «Тілеуқабақ», Қызыл жыраудың «Мешін тауық», Қиса Көпжанұлының «Қисасын» шырқады.

Әннен бөлек Маңғыстау, Қарақалпақ өңірінің термелерін де шебер ойнауды үйренген ол Саттығұлдың термесі «Амандасу», Ы.Шүреновтың «Жайықтың бойы Сарайшық», Ә.Кердерінің термесі «Насихатты» нақышына келтіре орындады.

Сағадат Ғабднасарұлы әншілікпен қатар ұстаз болып, шәкірт те тәрбиелеген.

Атап айтсақ, республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаттары Дастан Есентеміров, Айжан Мұхамбетжанова, Жігер Құмаров, Мұратжан Османов және тағы да басқалар.

Соның ішінде кеште республикаға танымал эстрада жұлдызы Еркін Өтегенов, талантты музыкант Сиғатолла Ешкаев, мультиаспапшы Аслан Ғұмаров өнер көрсетті.

IMG_20230627_144522_000

Өз кезегінде «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Еркін Өтегенов «Ауылымды сағындым», «Бауырларым» әнін шырқап, көрермен жүрегін жылытса, филармония әртісі Аслан Ғұмаров бірнеше этноаспапта ойнап, үлкен қошеметке бөленді.

Ал әнші Сиғатолла Ешкаевтың әдемі қоңыр дауысы көпшілікті сүйсінтті.

Кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев өнер иелеріне алғысын айтып, ықылас гүлін табыстады.

Нұрсәуле Әбілпейсова,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале