22.02.2024, 17:15
Оқылды: 14

«Шәкәрім оқуларынан» бас жүлдені жеңіп алды

Оралда Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен оқушылар арасында «Шәкәрім оқулары-ІІ» мәнерлеп оқу байқауының облыстық кезеңі өткен болатын. Байқауға Қ.Жұмалиев атындағы мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы Кәусар Ислямқызы қатысып, сайыстың бас жүлдесін жеңіп алды.

Шакарім оқулары (1)

Аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінде ұлы ақын, философ Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығын дәріптеуге арналған байқау жеңімпазы Кәусар Ислямқызы және оның жетекшісі Айнагүл Рысбайқызымен кездесу өтті.

Шәкәрім шығармашылығына арналған мәнерлеп оқу байқауы үш кезеңнен өткен. Алғашқы кезеңі ақын өлеңдерін жалғастырып жаңылмай мәнерлеп оқу болса, келесі кезеңі ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы жайында қойылған сұрақтарға жауап беру. Сайыстың соңғы кезеңі суырылған жеребе бойынша Ш.Құдайбердіұлының өлеңін мәнерлеп оқу болыпты. Оқушылар арасындағы байқаудың облыстық кезеңінен мүдірмей өтіп, жеңімпаз атанған Кәусар Ислямқызы 27 наурызда Астанада өтетін байқаудың республикалық кезеңіне жолдама алды.

Шакарім оқулары (4)

Өлең оқуға деген қызығушылы бастауыш сыныптарда жүргеннен бастап оянған Кәусар бүгінге дейін «Абай оқулары», былтыр өткен «Шәкәрім оқулары» байқауларынан жүлделі орындар иемденіп үлгерді. Қазір Ш.Құдайбердіұлының 100-ге жуық өлеңін жатқа оқитын Кәусар һәкім Абайдың, ақын Қ.Мырзалиевтің, М.Мақатаевтың біраз өлеңін де жатқа біледі.

 Оқырманмен кездесуде байқаудың қалай өрбігені жөнінде әңгімелеп берген жас дарын Кәусар Ш.Құдайбердіұлының «Талап пен ақыл», «Шыннан өзге Құдай жоқ...», «Адамдық борышың» өлеңдерін оқып берді.

Кездесуде аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мәулен Салахаден, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллин жас талант иесін жеткен жетістігімен құттықтап, алдағы шығармашылық байқауда үздік нәтиже көрсетуіне тілектестігін жеткізіп, сәттілік тіледі.

 

Серікбай Хасанов,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz   

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале