9.03.2024, 15:30
Оқылды: 29

Шыңғырлауда «Оқырман отбасы» сайысы өтті

Қазіргі таңда кітап оқитын жанұялар саны көп емес деп айтсақ  жаңсақ болмас. Шынында да, телефон, смартфон арқылы көркем әдебиеттерді оқи салу түк болмай қалды. Бірақ, бұл кітапханаға барып кітап таңдап алу, оны отбасында талқылау, алған әсеріңмен бөлісу  ерекше рухани ләззат сыйлайтын ерекше сәтті алмастыра алмайды.

Оқырман отбасы

Шыңғырлау аудандық оррталықтандырылған кітапханасы да осындай жақсы үрдісті насихаттау барысында көптеген іс-шараларды қолға алып келе жатыр. Соның бірі жақында өткізілген «Оқырман отбасы-2024» аудандық отбасылық байқауы. Ата-ана жауапкершілігі, отбасылық тәрбиедегі  іс-тәжірибелердің жағымды жақтарын тарату, үздік отбасылық дәстүрлерді таныту, жас отбасыларды көкрем әдебиетке қызықтыру, шығармашылық қабілетінің  ашылуына жағдай жасау мақсатын көздеген шараға 7 отбасы қатысты.

 Байқау «Кітап және отбасым», «Кітап оқуды баста», «Құрақ кұрау - бірігудің белгісі» атты кезеңдерден тұрды.

 Қатысушылар  отбасы мүшелерінің қатысуымен ертегіден үзінділер көрсетіп, Бердібек Соқпақбаевтң «Менің атым Қожа» туындысынан бейнероликтер дайындап және кітап оқуды насихаттаған ізденістерін көпшілікке көрсетіп, бұл байқауға ерекше жауапкершілікпен келгендерін көрсетті.  Барлық оқырман отбасылардың ұлттық нақыштағы киім үлгілері, алған тақырыпты ашып көрсетудегі тапқырлықтары, отбасының ең кішкентай ұл-қыздарына дейін әуелетіп ән шырқап, былдырлап тақпақ айтуы көрермендерді разы етті.

Осы байқауға тыңғылықты әзірлікпен, тапқырлықпен келген Амангелді ауылдық кітапханасы атынан қатысқан Төлеуқұловтар отбасы бас жүлдеге ие болып, облыстық «Ақжайық өңірінің оқырман отбасы» байқауына жолдама алды. І орынды аудандық балалар кітапханасының оқырмандары Садықовтар жеңіп алса, ІІ орынды орталық кітапханасының оқырмандары Қаражановтар отбасы иеленді. Ал ІІІ орыннан Ащысай модельді ауылдық кітапханасының оқырмандары  Тұяқбаевтар отбасы көрінді.

Белсене қатысқандары үшін Ардақ ауылдық кітапханасынан Мұхамбетияровтар, Дән ауылдық  кітапханасынан  Даулетияровтар, Шоқтыбай модельді кітапханасынан  Нұрғалиевтер отбасылары   алғыс хаттармен және сыйлықтармен марапатталды. Осы шараның жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсеткен  бас демеуші «Хозяюшка» дүкенінің иелері Неплюевтер отбасына да разы болдық. Сонымен қатар Шыңғырлау аудандық «Аманат» партиясы филиалының төрағасы Азамат Тағаниязовтың, «Арман» сауда орталығының  және ауылдық кітапханашылардың қолдауымен сайысқа қатысушы отбасыларының балаларына  «Наурыз қоржын» сыйлықтары табыс етуі де ерекше көрініс болды.

                                                                                          Гүлшат Ибрагимқызы,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале