18.08.2021, 18:08
Оқылды: 139

Су келсе, шаруа оңалады

Су – тіршілік көзі. Су тапшылығы бар жерде шаруашылық ұстау қиындайды. Әсіресе, ата кәсіппен айналысып, нәпақа айырған ағайынға қиын. Өткен жылы Жайық-Шалқар арнасы іске қосылып, Ақжайық, Аңқаты, Шағатай жақтағы халық бір көтеріліп қалған болатын. Мал шаруашылығына жан бітіп, суат толды.

 сержан идиятов (1)00

Енді сондай жақсылық Барбастау бойындағы халыққа да бұйырады дегенді естіп, қуанып отырмын. Жұмыс сапарымен Теректіге келген облыс әкімі Ғали Есқалиевке аудан әкімі Арман Өтеғұлов соңғы жылдары суы азайған Барбастау өзеніне Жайықтан су тарту жобасын таныстырды.

Қабылтөбеден бері қарай су арнасы тартылып, іске қосылса, Барбастаудың салалары суға толар еді. Өзен бойында қонған ауылдардағы мыңдаған халық үшін де су керек. Ауылдарда мал-жан үшін бірден-бір су көзі болып отырған Покатилов, Ұзынкөл, Жаңа Өмір, Социализм су қоймалары толса, қосымша суармалы жерлер алқабын кеңейтуге, бау-бақша салуға мол мүмкіндік туары сөзсіз. Мал басын көбейтіп, өрістік жайылымда ұстауға болады. Сол арқылы өңірді жергілікті өнімдермен қамтамасыз етіп, азық-түлік белдеуін қалыптастыруға мүмкіндік туады. Арна бойы суға толса, Шалқар айдынының да жағдайы дұрысталар еді. Сол арқылы экологиялық мәселені де оңымен шешуге болатыны анық.

Теректі жерінде өсіп, ауылымды көркейтуге, жерлестерімнің өмірін жақсартуға үлес қосуға бел байлаған азамат ретінде мен аудан басшысының бұл бастамасын аудан үшін ерекше маңызды, өте пайдалы жоба деп танимын.

Менің «Теректі» шаруашылығым Федоров ауылдық округі жерінде орналасқан. Мал шаруашылығымен, егін салумен, көкөніс-бақшамен айналысамыз. Шаруашылықты кеңейтіп, жеміс ағаштарын салғымыз келеді. Ол жоспарымыз жүзеге асу үшін су керек. Қабылтөбе тұсынан су келсе, жайылым, шабындық, суармалы жер, бау-бақша салуға жағдай туады. Аудан әкімі Арман Кәрімұлының бастамасы – нағыз халыққа арналған, ел үшін керек жоба.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев аудан басшысының бұл жобасын құптап, қолдау көрсету жайында айтқаны көңіліме қуаныш ұялатты. Әлемдік деңгейдегі қиыншылықтар кезеңінде болашаққа нық қарап, ертеңі бар істі қолға алуды дұрыс көрген ел азаматтары бары қуантады.

Бұл – үлкен жоба, қаржылық  салымды қажет етеді. Сондықтан, «сиқырлы таяқтың» күшімен бір-екі айда іске аса қоймасын түсінемін. Бірер жылдың жүзінде Жайықтан бастау алған арна бойы суға толып, мал баққан, дән сепкен ағайынды қуанышқа бөлеріне сенемін.

 

Сержан Идиятов,

кәсіпкер,

«Теректі» шаруа қожалығының басшысы

Теректі аудандық мәслихатының депутаты

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале