5.10.2021, 12:03
Оқылды: 69

Суретші де, спортшы да, етікші де бір өзі

Сан қырлы талант иесі деп сайқындық Мейрамбек Омарғалиевті айтса болатындай. Бұл кісіні біз жіті танымасақ та фейсбук желісіндегі оқырманы ол салған суреттерді жіберіп, “Осындай дарынды ауылдасымыз бар. Бұрындары безендіруші боп жасаған-ды. Тамаша сурет салады. Мықты спортшы да” деп сырттай таныстырып еді. Фейсбугін ақтарып, суреттерін көрдік.  Дос-жаран, бауырларымен қатар, ресейлік, шетелдік актерлердің портретін айнытпай бейнелепті. Негізі, өзге түсті араластырмай қара қарындаштың көмегімен адамның бейнесін салу оңай емес дейді білетіндер. Ол - ол ма тісімен гір тасын көтеріп тұрған суретіне де таңқалыстық. “Сегізінші қыр” айдарына дөп келетін кейіпкер тапқанымызға қуанып әңгімелесуге бел будық.

2F87A206-5FCC-4011-804B-439B6333ABC6

–Сурет салуға оқушы кезімнен қызыға бастадым. «Адам анатомиясы» сабағында адамның тұлғасын жиі салғызатын. Көз, ауыз, мұрын т.б мүшелерді салуға еш қиналмайтынмын. Редколлегия құрамына алынып, түрлі байқауларға қатыстым. Кейін әскерде Отан алдындағы парызын өтеп, елге жиналғандарға альбом шығарумен шұғылдандым. Өздеріңіз білесіз, ол кезде заманауи құрылғылар жоқтың қасы. Бәрін де қолмен сызып-пішіп құрастырып, әскери өмірге қатысты суреттермен безендіретінбіз.  Аудандық кітапханада бірер жылдай безендіруші болып істедім, мерекелік коллаж, плакаттарды салу менің мойнымда еді. Десе де өзімді ешқашан суретшімін деп санамаппын. Тіпті, салған қайсыбір суреттерімді жинамаппын да. Осы күні түрлі түсті акварель, майлы бояулардан гөрі, портрет жанрында сынап көрейін деп қара қарындашпен сурет салуға көштім, – деп әңгімесін жалғастыра түсті.

«Жұлдыздардың суретін қайтесің, сатып, кәсіп жасамақсың ба?» деп мысқылмен  сұраушылар бар. Сурет салу  хоббиіме айналғалы қашан. Егер табысымды еселеуді көздесем баяғы-ақ  жұмыстарымды сатып, пайда көрер едім. Бұл іс өзіме ұнайды, миым демалады, жаныма қуаныш сыйлайды, – дейді.  

3C65DD18-7B34-42B0-9C6C-628B5304381A

  Кейіпкеріміз ең алғашқы суретін марқұм анасына арнапты. Түрлі түсті акварельмен салынған  әзиз анасының бейнесі үйінің төрінде ілулі тұр.  

– Бұл суретті анама тағзым ретінде салдым. Есейіп кетсек те анамызды сағынамыз...  Суретіне қарап отырып балалық шаққа, бақытты кездерге ойша сапарлаймын, – деп анасын еске алды.

     Суретшілікті кәсіпке айналдырмай, кәсіби тұрғыдан шұғылданбаса да осы тақырып төңірегінде айтары жоқ емес.  Әсіресе, отандық қылқалам иелерінің еңбегі жеткілікті бағаланбайтынына налиды.

– Шетелде бейнелеу өнері жақсы дамыған. Суретшілердің әр жұмысы қымбат тұрады. Жыл сайын емес, ай сайын жеке көрмелері өткізіліп, жаппай сатылымға қойылады. Өкінішке қарай біздің елде бұл өнерді көптің көңілінен шығады деу қиын. Қазіргі жастар қазақстандық суретшілерді танымайтын сияқты. Әбілхан Қастеев, Гүлфайруз Ысмайылова сынды қазақ суретінің қарыштап дамуына сүбелі үлесін қосқан марғасқаларымызды екінің бірі есіне түсіре қоймас. Өйткені, сурет өнерінің насихатталуы кемшін.  Біздің қылқалам иелері  қазақтың салт-дәстүрі, кең даласы, ұлттық мұрамызға негізделген жаттанды тақырыптардан ауытқымайды. Сурет  экспериментті қажет етеді.  Тың ойлауымыз керек. Сонда ғана өзгелерге таныламыз. Ресейлік Олег Целков, Григорий Брускиндей суретшілерді құрметтеймін. Суретті ақ параққа өрнектеу арқылы көп нәрсені жеткізуге болады, – дейді.

EAF1B056-F332-44CA-81B9-AD59DBD1D4AA

Жігітке жеті өнер де аз, жетпіс өнер де көптік етпейді.  Кейіпкеріміздің спортта қол жеткізген жетістіктері өз алдына, 32 келілік гір тасын тісімен оп-оңай көтере алатындығына таңқалмайтын адам жоқ.

– Аудандық кеден бекетінде жұмыс жасап жүргенде  басшым әрі сол кездегі  бапкерім, спорт шебері  Асхат Құрманғалиев гір тасын көтеруге үйрете бастады. Әбден машықтанып алған соң сайыстарда бағымды сынап, облыстық  жарыстарда талай топ жардым.  Спортқа 24 жасымда, яғни өте кеш келдім деп есептеймін. Ауылдағы спорт мектебінде Дмитрий Семилидидің  қолдауымен  гір  спортынан үйірме ашып, шәкірт тәрбиелеп, бапкерлікпен айналыстым. Артур Байымбетов, Серік Самадьянов, Қуанғали Жанғуатов, Аслан Махметов, Райымбек Сабырғалиев, Кенжебек Қадырұлы т.б шәкірттерім баршылық. Артур және Серікті спорт мектебіне бармас бұрын гір спортына баулығам. Еңбегім еш кетпеді. Артур Байымбетов 2009 жылы гір тасын көтеруден Эстония қаласындағы  Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Кәсіби спорттан қол үзсем де күнделікті жаттығуларды тастаған емеспін. Адамның тісі өте мықты. Әлемдік Гиннестер рекордтар кітабына енгендердің ішінде менен де зор салмақты еш қиналыссыз еңсеретіндер тіркелген. Гірді күніне бірнеше рет қолыма алмасам мазам кетеді. Тіспен ауыр салмақты көтеру үшін  зор дайындық, жүйелі жаттығу қажет. Тек гір тасын ғана емес, 24 литрлік шелектегі суды көтеремін, – дейді ол.

    Мейрамбек  Омарғалиевтің етікшілік өнерін де айналасы мойындаған. Көпшілік қырын қарап, менсінбеушілік танытса да етікшілік ісмерліктен тең түспейтін, қолдың ептілігі мен аса ыждағаттылықты талап ететін кәсіп. Мейрамбек ағамыз да  етік тігуді еріккеннің ермегі санамайды.

– Тағы да шетелді мысалға алсам, бәзбіреулерге ұнамаспын. Орайы кеп тұрғанда айтып қалайын, етік тігу басқа елде өте тәуір бизнес әрі мәртебелі жұмыс. Етікшілердің арнайы орындары, керекті құрал-жабдықтары  өз алдына, тапсырыс алу, дайын өнімді жеткізу т.б процестері жүйеленген. Еуропада Сальваторе Феррагамо, Фабрицио секілді  атақты да дәулетті етікшілер шыққан. Етікшілік өнерді отбасылық бизнеске айналдырғандар да бар. Біздегі етікшілердің жұмыс орны  қуықтай бөлме ғана. Еңбегін де жұртшылық өте арзанға бағалағысы кеп тұрады. Сол себептен де шығар, жастар жағы бұл кәсіпті мойындамайды, – дейді.  

   Иә, Мейрамбек Омарғалиев әр істен пайда көздеп, мол олжаға кенелуді мақсат тұтпайды. Жан дүниесін тыныштыққа бөлейтін сүйікті ісімен шұғылдану, көптің емес, өзінің ойына, таңдауына сүйеніп, өмір сүру басты принципім дейді...

 Арайлым Есмағұл,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале