28.04.2022, 22:34
Оқылды: 100

«Сырғаның» шырғалаңы

Бірден айталық, бұл жерде тілге тиек, мақалаға тақырып қып отырғанымыз   ̶  мал сырғасы. Мал басын бірдейлендіру, таңбалау мақсатында малға сырға салынады. Сырғасы жоқ малдың кімге тиесілі, қандай екпе алғаны, қандай аурумен ауырғаны, ет-сүтінің қаншалықты жарамды екенін аңғару мүмкін емес. Заңды тұрғыда сырғасыз малды сата да алмайсың, сойып, етін базарға апарып, саудалай да алмайсың. Мал сырғасына қатысты мәселе тек мұнымен шектелмейді. Ендеше, сараптап көрейік. 

MMALDINTOLKUJATY

Фото дереккөзі: ser-per.kz

«Сырғасыз мал    ̶  күдікті мал»

̶ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылдың 30 қаңтарындағы бұйрығымен ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидасы бекітіліп, малды сырғалау, таңбалау жұмыстары қолға алынды. Сырғалау жұмыстары түгелдей мемлекет есебінен жүргізіледі. Яғни, тегін. Өйткені бұл – мемлекеттік маңызы бар шара. Мал да машина сияқты. Автокөліктің нөмірсіз жүргізілмейтіні секілді, түлік те қорадан сырғасыз шығарылмауы керек. Сырғасыз мал   ̶  күдікті мал. Оның шығу тегі беймәлім, оған түрлі қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы екпе егілген-егілмегені белгісіз. Қазақ бірақ бес сиырын жазбай таниды ғой. Әрине, сол ауылдан ауру шығып жатпаса, карантин болмаса, мал айтарлықтай қауіп әкелмеуі мүмкін. Бірақ заңдылық бұзылады. Бұл ретте базар әкімшілігі, мал дәрігері, тасымалдаушы, мал иесі жауапқа тартылады. Сол үшін малыңызды сырғалап, сырғасы түскен жағдайда біздің мамандарға хабарласуыңыз сұралады, – дейді аудандық ветеринариялық станция басшысы Алмабек Құрмашев.

Сырғаның шырғалаңы да жеткілікті

̶Сырғалау керектігі, малдың сырғалануы заңмен міндеттелгенін үнемі айтып, ескертіп жүреміз. Бірақ ауылдағы ағайын малын сатар кезде ғана сырғасын түгендейді. Өйткені, алдындағы малының өзгенікі емес, өзінікі екенін дәлелдеу үшін анықтама алуы керек болады. Мал алатын саудагерлер машинасын үйіне тіреп қойған кезде, не Атырау, Ақтауға өзі мал әкеткелі жатқан кезде ауылдағы ветеринар мамандарға шауып келіп, анықтама талап етеді. Жоғалған сырғаны ветеринар маман суырмасынан шығарып бере салмайды. Қолымызда басы артық сырға тұрған жоқ. Бірегей базаға енгізілген мәлімет бойынша бір жыл бұрын тапсырыс береміз. Оралға да емес, тікелей Нұр-Сұлтан қаласына тапсырыс жібереміз. Сырғалар Елордадан келеді. Заңда көрсетілген талап бойынша сырғасы жоқ мал оқшаулануы керек, яғни, бөлектеп қамап қоюыңыз керек. Сосын ветеринар маман келіп, тиісті құжаттаманы толтырып, астанаға тапсырыс жіберіледі. Ол тапсырыстың екі-үш күнде келмейтіні ересектер түгілі есін жаңа жинаған балаларға да аян ғой. Тапсырыс берілген сырғалар астана айналып, ауданымызға жеткенше ай емес, жыл өтуі ғажап емес. Ал сырғасыз малымыз жаңа сырғасы келгенге оқшауланып, табынына, я үйіріне қосылмай оңашада тұруы керек. Бұл енді ақылға сыймайтын жайт қой. Шынын айтайын, қазіргі сырғалар сапасыз. 2013 жылдары сырғаның сапасы жақсы болды. Сырғалауға қомақты қаржы бөлінеді. Тек өткен жылы ауданымыз бойынша малға 62 174 174 теңгеге сырға алынды. Сапасыз сырға мәселесін шешудің бірден-бір жолы малға чип орнату. Мұны Т.Масин ауылының шаруа қожалықтары жаппай қолға алуда. Бір сиырға чип салу 980 теңгені құрайды, 780 теңгесіне чип алынса, 200 теңгесі сол чипті салу жұмысына төленеді, - дейді ауданның бас ветеринары Алмабек Құрмашев.

«Таяқ лақтырсаң, сырғасыз сиырға тиеді»

Сырғасыз малға қатысты полицейлердің де айтары бар.

̶Жаз шықса болды, ауыл малы жол жағалап кетеді. Мал бағымсыз жүреді. Бағымсыз мал пойызға да түсіп жатады. Жылына үш-төрт мал пойызға басылып, пойыздың жүру кестесін бұзып жатады. Мұндайда оқиға орнына келген мал иелері мал құлағындағы сырғаны кесіп алып кетіп, айыппұлдан құтылып кетіп жатады. Не сырғасы мүлдем болмайды. Өткен жылы сырғасыз малды тиеп алған үш «КамАЗ» көлігіне тосқауыл қойылды. Бұл қалай болғаны? Заң басқа. Мән-жай басқа. Мал иелерінен сұрасаң, барлығының жауабы бір – «түсіп қалды» деген сылтауға саяды. Ал көлік иелері  «мен делдалмын, малдың құжатында, сырғасында шаруам жоқ», – деп басын ала қашады. Демек, сырғасыз мал күдікті саналады. Сырғасыз малдың тасымалына да, саудасына да  үзілді-кесілді тыйым салынады. Ауыл ішінің абаттандыру жұмысына да осы бағымсыз мал кесірін тигізіп жатады. Шара қолданайық десек, көшедегі малдың көбісі сырғасыз. Бірегей база жасалып, мал сырғаланды десек те, таяқ лақтырсаң, сырғасыз сиырға тиетіндей көрінді, -  дейді аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Жангелді Салауатов.

Ауылдық округ әкімдерінің бәрі бірдей Салауатовтың сөзін қос қолдап қолдайды. Бағымсыз мал, малға бақташы шығару, бақташыны келістірсе, мал иелерін ақы төлеп бақтыруға келістіру ауыл әкімдері үшін қиюы қиын мәселе.

Анар Артықбай,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале