29 қазан – Қазақстан кәсіпкерлері күніне орай аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында салтанатты шара өтті. Жиынға аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов, аудан әкімінің орынбасарлары, мекеме басшылары және ауданның әр ауылынан келген кәсіп иелері қатысты. Олардың қатарында шаруагерлер, дүкен иелері, шаштараздар, наубайхана басшылары мен такси жүргізушілері бар.

Шараның негізгі мақсаты – түрлі салада еңбек етіп жүрген кәсіпкерлерді кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың еңбегін бағалау. Осы орайда аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов ауданның әртүрлі саласында кәсіп жүргізіп, тұрғындарға қызмет көрсетіп жүрген бірқатар азаматқа алғыс хаттар табыстады.
Ауылдық жерлерде кәсіпкерлік бірнеше бағытты қамтиды. Бірі мал шаруашылығымен айналысып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге үлес қосса, енді бірі сауда, қоғамдық тамақтану, тұрмыстық қызмет көрсету және жолаушы тасымалы салаларында еңбек етеді. Бұл кәсіп түрлері ауыл тұрғындарының күнделікті қажеттілігін өтеуге мүмкіндік береді.
Салтанатты жиында кәсіпкерлер атынан Қуандық Жаужиев сөз сөйлеп, әріптестерін кәсіби мерекесімен құттықтады.
Мерекелік басқосу барысында аудан кәсіпкерлерінің еңбегі аталып, түрлі салада жұмыс істеп жүрген азаматтарға құрмет көрсетілді.
Қ.Елеуов,
“Жайық Пресс”