13.11.2026, 17:29
Оқылды: 5

Сырым ауданында “Жан серігім - қаламым!” кітабының тұсаукесері өтті

Бүгін Сырым ауданында белгілі қаламгер, журналист Мүсірбек Айташевтің “Жан серігім - қаламым!” атты кітабының тұсаукесері өтті. 
IMG_5246
Мүсірбек Айташев - жазу адамы, бұған дейін “Сырым елі” қоғамдық - саяси газетінің редакциясында ұзақ жыл жемісті еңбек етті. Газетте қайнап жүріп ол оқырманға “Жүрегіме ұя салған қарлығаш”, “Сары қыз” атты кітаптарын ұсынды. Өмірді боямасымыз, мөлдір күйінде жазатын Айташевтің әр мақаласының тарихы, тағдыры бар. Бұл жолы “Жан серігім - қаламым!”жинағына журналистің әр жылдары жазған көлемді мақалалары, соның ішінде туған ел туралы толғаныстары мен туған ауылдың тұнық шежіресі, асыл адамдары жайлы естеліктері енген.
Бұл әдеби оқиға белгілі жазушы, Алаш әдеби сыйлығының лауреаты Мұқадес Есламғалиевтің 80 жылдығына арналған шаралардың аясында өткенін қалам иелері арасында үндестік дер едік.
Бір қарағанда Мұқадес - қазақ әдебиетінің қарағайдай өкілі, ал Мүсірбек - аудандық газеттің журналисті. Екеуі де қалам құдіретіне байланған жандар. Айтқали Нәріков айтқандай: “Мұқадес шығармашылығы сан алуан кейіпкерлерімен ерекшеленеді.” Кейіпкерлер Мүсірбекте де көп. Себебі ол газетте қоғамдық - саяси жаңалықтарды жазып, омалып отырмай, ел кезіп, көнекөз қариялармен кездесті, өмірдің иіріміне бойлады, табиғаттың сырын құстардан іздеді. Осылайша, ол сан түрлі бейнелердің қалың коллекциясын жасады.
Жаңа кітаптың жібін халықаралық «Алаш»әдеби сыйлығының иегері, «Қазақстанның Құрметті жазушысы» Айтқали Нәріков пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі айтыскер ақын, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филормониясының директоры Бауыржан Халиолла шешті.
Автор жаңа кітабын Мұқадес ағаның рухына тағзым деп түсіндірді.
Бауыржан Ширмединұлы
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале