1.12.2019, 15:28
Оқылды: 82

Сырымда Тұңғыш Президент күні аталып өтілді

Бүгін Сырым аудандық мәдениет үйінде 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне арналған салтанатты шара өтті.

IMG-20191201-WA0115

Шарада Сырым ауданы әкімі Төлеген Төреғалиев тұрғындарды құттықтады.
– Құрметті аудан тұрғындары! Баршаңызды Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президент күнімен құттықтаймын! Бұл мереке – отандастарымызды бірлікке бастайтын ерекше күн. Ұлт көшбасшысы сындарлы шақта бірлік пен елдікті, татулық пен достықты ту етіп, Тәуелсіздікті баянды, егемендікті еңселі ете білді. 1991 жылдың 1 желтоқсанында Тұңғыш Президент сайлауында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Елбасы болып сайланды. Сол жылдан бері қазақ елі мен жерін тар жол, тайғақ кешу, талайлы кезеңдерден сүріндірмей, әлем мойындаған мемлекеттің негізін қалады. Осы орайда оның: «Біз мемлекет құрғанда аты бар да заты жоқ мемлекет емес, бүкіл адамзат танып қана қоймай, құрметтейтін мемлекет құра алдық» деген сөзі ойға оралады. Сондықтан елдегі игіліктің барлығы Тұңғыш Президент, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланысты. 2011 жылдың 10 желтоқсанында Парламент Сенат депутаттарының бастамасымен «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға толықтырулар енгізіліп, 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент күні болып белгіленді. 2012 жылдан бастап осы күн мемлекеттік мереке ретінде аталып өтіледі. Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін нарықтық экономикаға бет бұрып, өзге мемлекеттермен өзара экономикалық қатынас орнатып, Орталық Азияда интеграцияны дамыту бойынша бастама ұсынды. Бұл ретте Қазақстанның көрші елдерге қатысты ашық және татуластық саясатын ерекше атап өтуге болады. Тұңғыш Президентіміздің ұтқыр саясатының арқасында Қазақстан инвесторларға ыңғайлы бизнес атмосфера құра білді, - деген аудан әкімі, ауданда атқарылып жатқан іргелі істерге тоқталды.

IMG-20191201-WA0113
Төлеген Төреғалиев ауданның көркейіп, дамуына сүбелі үлестерін қосып келетін бір топ тұрғынды алғыс хатпен марапаттады. Алғыс хат иеленгендер қатарында Жымпиты обаға қарсы күрес мекемесінің дезинфекторы Еркін Ажығалиев, М.Есламғалиұлы атындағы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің кітапханашысы Жансұлу Әлімбетова, Сырым аудандық прокуратурасының кіші қызметкері Бақыт Галимова, Сырым аудандық білім беру бөлімінің экономисі Тойған Жаймұханбетова, Жымпиты ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Дидар Искакова, Сырым колледжінің аға оқу өндіріс шебері Өтеулі Қонақбаев, «Демалыс орталығының» мәдени-көпшілік шаралар режиссері Айгүл Лұқпанова, Сырым аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Жасболат Мұхамбетжанов, «Сырым» газ шаруашылығы ІІІ разрядты жерасты газ құбырларын пайдалану және жөндеу слесары Мейрам Мұхамбетов, «Демалыс орталығының» көркемдік жетекшісі Еркегүл Өтенғалиева, Аралтөбе ауылдық округінің әкімі Әділхан Мұхитов, аудан әкімі аппаратының шаруашылық меңгерушісі Қанат Байниязов бар.

IMG-20191201-WA0114
Мемлекеттік лауазымға алғаш қабылданған мемлекеттік қызметкерлердің ант қабылдау рәсімін Сырым аудандық әкімі аппаратының басшысының міндетін атқарушы Берік Жанболсынов жүргізіп, Қособа ауылдық округінің әкімі Бейімбет Жайманов, Шолақаңқаты ауылдық округінің әкімі Ерлан Журалиев мемлекеттік қызметкердің антын қабылдады.

Шынар Молданиязова
Сырым ауданы
zhaikpress.kz

IMG-20191201-WA0110 IMG-20191201-WA0109 IMG-20191201-WA0111 IMG-20191201-WA0112 IMG-20191201-WA0107

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале