6.12.2023, 10:16
Оқылды: 12

Сырымдық кәсіпкер жаз бойы 300 сақина құйған

Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов Сарой ауылдық округіне жұмыс сапары барысында «Жұлдыз» шаруа қожалығының еңбек тынысымен танысты.

PHOTO-2023-11-29-11-24-06

Шаруашылықтың жетекшісі Батырхан Құтқожин – біздің замандасымыз. Оның «Сырым жастары» жастар қоғамдық бірлестігінде әдіскер, «Қазақтелеком» АҚ Сырым аудандық бөлімшесінде маман болғанын, Жымпитыда өрнектас басатын цех ашып, жеке кәсіппен де айналысқанын білеміз. Бастысы, өзін сынаудан, дамытудан тартынған емес.

PHOTO-2023-11-29-11-24-08

Тәуелсіздіктің құрдасы осыдан төрт жыл бұрын туған ауылынан шаруа қожалығын ашты. Қазір иелігінде 50 бас ірі қара, 98 ұсақ мал және 24 бас жылқы бар. Малының қысқы азығын да өзі дайындайды. Жазғы далалық жұмыс үшін тракторын, тіркемесін, ең бастысы шөп шауып, буатын агрегаттарын сайлап алған.

- Мал шаруашылығы жанұяның қажетін, игілігін қамдайды. Ал ауыл үшін өндіріс керек! Әр ауылдың өзінің бренді болғаны жақсы, – дейтін еді Батырхан.

Шаруа жігіт сөзін іспен дәлелдеуді дұрыс санап, құрылыс материалдарын дайындайтын цехты іске қосты. Шағырлой ауылындағы шағын кәсіпорын құдық сақиналарын жасайды. Биылғы жаздың өзінде «Жұлдыз» шаруашылығы 300 дана сақина құйды. Халықтан сұраныс көп, тас сақиналар кәріз құдықтары үшін кеңінен қолданылып жатыр.

PHOTO-2023-11-29-11-24-09

Аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов Батырхан Құтқожинмен кәсіптің аясын кеңейту, мемлекеттік қолдау бағдарламарының игілігін пайдалану туралы пікірлесті.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале