28.08.2020, 15:44
Оқылды: 302

Тақсайдан сармат қызын тапқан археолог Теректіге қайта оралды...

Ежелде қазіргі Теректі ауданының аумағында көшпенді сарматтар өмір сүрген екен. Қазір сарматтар туралы шұбап жатқан, үнсіз дала обалары ғана еске салады.

Taksai (1)

Осыдан он шақты жыл бұрын сар даладағы обалар тарихына қызыққан Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының археологтары сол жерлерге шатыр тігіп, кетпен салды. Сөйтіп, «Тақсай оба кешені» деген шартты атауға ие болған жердегі қазба жұмыстарына тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сыдықов жетекшілік жасап, қазба жұмыстарын осы орталықтың ғылыми қызметкері Яна Лұқпанова басқарған топ жүргізді.

2012 жылы Тақсай кешені аумағында археологтар жәдігерлер тұнып тұрған жерлеу орнын тапты. Сол жерден біздің эраға дейінгі 6-4 ғасырларға, ерте темір дәуіріне тиісті екендігін дәлелдейтін қыш сынықтары табылды.

Ең басты олжа  – «Алтын ханшайым». Киімінде алтын әшекейлері мол, қасында пышақ, қазан, қола айна, көшпенділердің перстармен шайқасы бейнеленген тарақ табылған әйел адамның мүрдесі 1 метр тереңдікте жатырған.

Теңдессіз артефактты жарыққа шығарған археолог Яна Амангелдіқызы: «Тақсай ханшайымының жасы 28  шамасында. Оның бойынан сырға, сақина, алқа секілді 500-ге жуық алтын әшекей табылды. Тіпті үстіндегі көйлегі мен жамылғысы да алтын жіппен тігілген. Алтын ханшайыммен бірге екі күзетшінің жерленуі оның мәртебесі жоғары болғандығын көрсетеді. Тақсай кешенінен алынған бұл артефакттердің алғашқы зерттеу жұмыстары БҚО тарих және археология орталығы базасында жүргізілді. Алынған жәдігерлерді өңдеп, зерттеу барысында Қазақстанның Астана және Алматы, Жапонияның Токио, Германияның Бохум және Франкфурт-Дюссельдорф, Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Орынбор, Челябинск, Пущино, Новосибирск қалаларының мамандары мен ғалымдары шақырылып, зерделенді. Осы қайталанбас ғажайып ғылыми жәдігерлерді ғалымдарға, мамандарға, қызығушылық тудыратын адамдарға таныстыру мақсатында Тақсай обасынан табылған құндылықтар Елордаға жеткізіліп, Ұлттық музейдің экспозициясында «Алтын ханшайым» атауымен көпшілік назарына ұсынылды. Тақсайдан табылған материалдардың құндылығы өте жоғары. Бұл кешеннен табылған «Алтын ханшайым» ұлттық тарихымыздың өткенін зерделеп, қайта қалпына келтіруде үлкен маңызға ие. Ұлы даламыз осындай киелі жерлерге толы. Осындай жерлерді қадірлеп-қастерлеу – біздің борышымыз», – деген болатын.

Taksai (2)

Осыдан екі жыл бұрын «Алтын ханшайым»  қорғанының маңына биіктігі 7 метрлік ақ кесене орнатылды. Күре жолдың бойында «менмұндалап» тұрған кесене басына арнайы барушылар, жолдан бұрыла кетушілер көп. Кейбірі ақшаңқан кесенені қызықтап келсе, кейбірі, әсіресе әйел адамдар тәу етеді екен.

Расымен де, бұрыннан да тылсымға толы осы жер «Алтын ханшайым» мүрдесі шығарылып, алысқа сапар тартқалы тіптен «жанданып» кеткендей. Мал іздеп, оба басына барған адам айналып, жолын таба алмағаны болыпты. Таң алдында сол маңдағы жолмен өткен жүргізушілер алыстан көлбеңдеген ақ көйлекті қызы көрдік депті. Бұл әңгіменің қайсы шындық, қайсы «қырық қисынсыздың бірі» екенін білмейміз.

Taksai (3)

Тыныштығын бұзғандардан Алтай ханшайымы Укока сияқты кек алмағанмен, Тақсай ханшайымы да Теректі жерінде бір тұмса тылсым күш қалдырған шығар.

Сөз соңында: Айтпақшы, «Алтын ханшайымды» тапқан Яна Лұқпанова Теректі жеріне оралыпты. «Алтын тапқан жерді белден қаз» деген, тағы бір «Алтын ханшайым» болмағанмен, соған пара-пар археологиялық олжа табылар деген үміттеміз. Осыдан мыңдаған жылдар бұрын Теректі жерін мекендеген халықтардың дүние-бұйымдары табылып, тарихтың  тағы бір беті ашылуына сеп болар дейміз.

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале