Орал қаласындағы “Жайық Арена” спорт кешенінде Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай іс - шара өтті.

Оған Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов, Батыс Қазақстан облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов және бірқатар шен иелері қатысты.
Қоғамдық - спорттық іс - шарада Сырым аудандық Жымпиты халық театры “Таңдау” әлеуметтік драмасын сахналады. Режиссері - Назерке Сауырбаева.
«Таңдау» – бүгінгі қоғамның ең күрделі әлеуметтік қасіреттерінің бірі – есірткіге тәуелділік мәселесін психологиялық драма деңгейіне көтерген сахналық туынды.
Арман образы – жас ұрпақтың жиынтық бейнесі. Ол – еңбекқор, мақсатшыл, Отан намысын қорғауды армандаған спортшы. Кейіпкердің трагедиясы әлсіздігінен емес, өзгеге сенудің салдарынан басталады.
Драмадағы Есбол мен Аңсардың бейнесі де жай ғана жағымсыз кейіпкерлер емес. Олар – қызғаныштың, іштарлықтың және адам тағдырына немқұрайлы қараудың символдық көрінісі. Олардың арбауына түсу, түспеу Арманның өз қолында еді.
Қойылым көрерменге дайын жауап ұсынбайды, қайта әр адамның өмірінде тағдырды өзгертетін таңдау мезеті туатынын айтады. Айтпақшы, бас кейіпкердің аты тегіннен Арман емес. Адамды алға арман жетелейді, ал таңдаулар кейде армандарды құртады.
Бас кейіпкердің рөлін Мейірбек Қанатов сомдады. Сол секілді драмада Жымпиты халық театрының актерлары Ақылбек Бекболат, Азамат Кеңес, Есбол Ниетқали, Сәндібек Өтеғалиев, Жоламан Еркін, Назерке Сауырбаева
Орал қаласы, Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрының актрисасы Дана Нұрқуат өнер көрсетті.
Бүгін 20:00 - де қойылым жымпитылық көрерменнің назарына ұсынылады.
Б. Шерім,
Сырым ауданы