25.07.2023, 9:15
Оқылды: 25

Тарихты түгендеуге талпыныс

Өткен айдың 13-і күні «Менің кіші Отаным» Казталов аудандық тарихи-танымдық  экспедициясы жұмысын бастаған болатын. Орталық кітапханада аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитованың қатысуымен жиын өтіп, экспедицияның алғашқы кезеңінің қатысушылары мен зерттеу аумақтары  таныстырылды.

Экспедициянын тарих ушин манызы зор (1)

Экспедицияның алғашқы кезеңі Тереңкөл, Қошанкөл, Қараоба, Бостандық, Бірік, Казталов ауылдық округтерін қамтыды. Алғашқы кезеңде аудандық «Ауыл айнасы» газетінің тілшісі, экспедиция жетекшісі Асылбек Байғазиев, тарих ғылымдарының магистрі, Ресей өлкетанушылар одағының мүшесі, «ҚР туризм саласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Айболат Құрымбаев, суретші-график, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Бекжан Жұмабаев, БҚО мемлекеттік архивтер басқармасының Жалпақтал филиалы мемлекеттік архиві директоры Миржан Қарабалин, Казталов мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Абзал Есенғазиев, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық директорының орынбасары, «Рухани жаңғыру» кеңсесінің жетекшісі Айбек Көшеғалиев және орталықтың кеңесші мамандары – Шыңғыс Қонысбаев, Мейірбек Бейсекешов зерттеу жұмыстарына қатысты.

f19bec9b-0716-4957-ac62-100d6535924e

Алғашқы күні экспедиция мүшелері Беспішен елді мекені және Қошанкөл, Қараоба ауылдық округтері аумағындағы зерттеуді қажет ететін тарихи нысандармен танысты. Аудан тарихында маңызы зор нысандар бақылауға алынып, жан-жақты зерттеу жұмысы жүргізілді.

Экспедиция Тереңкөл ауылдық округіне қарасты Беспішен елді мекенінен басталды. Елді мекенге сапар барысында Тереңкөл ауылдық округі әкімі аппаратының мамандары қонақжайлылық танытып қарсы алды. Мұнда экспедиция мүшелері беспішендік Сағидолла Ізмұғанбетовтің айтуы бойынша Мешіткөл қыстағы маңындағы тоқпас алаша руының қорымын зерттеу нысанына алды. Мұнда араб қарпіндегі шағатай жазуымен – 15, кириллица қарпіндегі төрт құлпытас бар екені анықталды. Жалпы саны 19 құлпытастағы жазуларды оқу барысында ру таңбасы мен сандарға назар аударылып, қорымда 18 тоқпас алаша, жеті рудың аташал тама руының бір ұрпағы жерленгені анықталды. Қорымнан күнбатысқа қарай ескі қыстақтың орнынан ХІХ, ХХ ғасырларға тән ыдыс-аяқтар, құрылыс жабдықтары, ауыл шаруашылығы және діни нанымдарға байланысты жәдігерлер  табылды.

– Мешіткөл біраз тарихтың бетін ашты. Экспедиция барысында Тереңкөл ауылдық округіне қарасты Беспішен елді мекенінен батысқа қарай (Қошанкөл ауылдық округі бағыты) үш шақырым жерде орналасқан Мешіткөл қыстағына аялдап, сол маңдағы он екі ата Байұлы алаша руының тоқпас бөлімі қорымына аялдадық. Онда  Сүндетқали Ділмасанұлы (1870-1928), Иманғали Бөпішұлы (1877-1935), Атауолла Баймағамбетұлы (1899-1949), руы аташал тама Ишан Мантаев (1896-1946) жерленгенін, төте жазумен жазылған қорымдарда жерленген адамдардың 1811-1879, 1819-1880, 1891-1914 жылдары өмір сүргенін анықтадық. Беспішен елді мекенінен 1965 жылы өмірге келген Сағидолла Ізмағамбетов ағамыз жолбасшы болып, экспедиция мүшелерімен ілесе шықты. Өткен ХХ ғасырдың 30-жылдары басында Мешіткөлде «К.Маркс» ұжымшары болғанын, кейін ол ұжымшардың тұтасымен қазіргі Болашақ ауылдық округіне қоныс аударғанын, кейін сол аумақ «К. Маркс» ұжымшарына айналғанын айтып, экспедиция мүшелеріне азды-көпті ақпарат берді. Уақытында ылғи алаша тоқпас мекен еткен тарихи орында Алланың үйі – мешіт болғанын, сол себепті Мешіткөл атанғанын, іргедегі Кіші өзенді жағалай шабындық көл жайлағанын, малға жылдар бойы таптырмас азық  болып келе жатқанын айтты, – дейді Жалпақтал архивінің директоры Миржан Маратұлы.

Беспішен елді мекенінен басталған іссапарымыз Қошанкөлдің Көктерек тоғайында жалғасын тапты. Округ әкімі Ернар Аққалиұлы бастаған ауыл тарихын зерттеуге үлес қосып жүрген азаматтар экспедиция мүшелеріне «Алау» жазғы лагері мен Оспан ата қорымын және «Сәйгүлік» мұражайы мен Ғ. Бегалиев атындағы өлкетану музейін таныстырды. Сондай-ақ «Медетсай» және «Бақасай» жөнінде аңыз-әңгімелерді айтып өтті. Қошанкөлдегі Оспан ата қорымындағы құлпытастардағы жазулар оқылып, кімнің жерленгені анықталды.

Қараоба ауылында Жалғас Мақсотұлы мен Нұрлығали Сағынғалиұлы экспедиция мүшелерімен 93-ке аяқ басқан Іңкаш Шакуова әжеміздің шаңырағында болды. Ақ жаулықты әже ауыл атауының шығу тарихына және  ХХ ғасырдағы тарихи оқиғаларға тоқталып, құнды мәліметтермен  бөлісті. Содан соң  өлкетанушылар мен жас тарихшылар Ғұмар Қарашты білім нәрімен сусындатқан ұстаз Омар халфе Жазықұлы, күйші Дина Нұрпейісованың қызы Әсемқоңыр ананың бе-йіті мен оның маңындағы ерте темір дәуіріне жататын обалар және ескі нысандар, Еңбек елді мекеніндегі Ғ. Қараш қызмет еткен ескі мектеп орнымен танысты. Сонымен қатар экспедиция мүшелері Әсемқоңыр ананың ұрпағымен кездесіп, тың дерекке қанықты.

Айта кетейік, экспедиция аумағындағы нысандардың барлығын суретші-график Бекжан Жұмабаев сол мезетте-ақ  суретпен  бейнеледі.

«Менің кіші Отаным» аудандық тарихи-танымдық экспедициясы құрамының бастамасымен қорымдар мен тарихи нысандарды барлау жұмысы 14 маусым күні Тереңкөл және Бірік ауылдық округтерінде жалғасты.

Экспедиция құрамы, алдымен, халық аузында «Жұмыр қылыш» атанып кеткен «Шағала аралы» маңындағы қорыммен танысты. Қорымнан араб қарпіндегі, шағатай жазуымен жазылған төрт құлпытас, кириллица қарпіндегі төрт мола, темір дәуірі кезеңіне жататын екі оба анықталды. «Обаның біреуі темір дәуірі кезінде тоналған», – дейді тарих ғылымдарының магистрі Айболат Құрымбаев. «Жұмыр қылыштан» соң экспедиция Нұрсай ауылына бағыт алып, округ әкімі Сабыржан Ишановтың бастамасымен қалпақ қорымындағы құлпытастағы жазуды оқып, онда 1805-1866 жылдары өмір сүрген 61 жастағы Қожағұл алашаның ұрпағы жерленгені анықталды.

Тереңкөл ауылдық округінен соң экспедиция Саралжын елді мекеніне бет алды. Заманында саралжын деген өсімдіктің отаны болған елді мекен тұрғыны Ахмет ағамыз арқылы Аманғали қалпе мешітінің орнына бардық. Мешіт аумағынан ХХ ғасырға жататын шай сүзгі, темірлер табылды. Мұнда тарихшы Марат Бейсенғалиев, Әжібай ауылының тұрғыны Садыр Жәнетовпен сұхбаттасып, бірқатар тарихи мәлімет жинақтадық. Ақсақалдардың жол көрсетуімен ҚР құрметті журналисі, «Ауыл айнасы» аудандық қоғамдық-саяси газетінің 2011-2019 жылдардағы редакторы болған Серік Жұмағалиев ағамыздың анасы Ақкенже әжеміздің бастамасымен 1975 жылы салынған «Ақкенже» бөгетімен танысып, оған қатысты аңыз-әңгімелерден хабардар болдық. Содан соң экспедиция құрамы «Жетібай» моласына аялдап, 30 құлпытасты анықтады. Оның 29-ы араб қарпіндегі шағатай тілінде жазылған болса, бір құлпытас кириллица қарпінде жазылған. Құлпытастардағы жазуларды оқу барысында қорымда 1855 жылдан бастап 1970 жылға дейін 115 жыл бойы бірқатар тұлға жерленгені анықталып отыр. Барлығы да алаша руының ұрпағы.

Алғашқы екі күн қорытындысы бойынша экспедиция мүшелері 298 шақырымды жүріп өтті. Әзірге Казталов ауданының ең биік нүктесі ретінде теңіз деңгейінен 32 метр биіктікте орналасқан Омар Жазықұлы бейітінің төңірегі, ең төмен нүктесі болып Бірік ауылдық округі аумағындағы Ақкенже бөгеті  анықталды.

15 маусымда аудан әкімі Асланбек Сарқұлов «Менің кіші Отаным» аудандық тарихи-танымдық экспедициясы құрамын қабылдады. Қабылдауда аудан әкіміне екі күннің қорытындысы баяндалып, жәдігерлер мен суретші-график Бекжан Жұмабаевтың экспедиция кезінде салған суреттері таныстырылды.

Экспедиция жетекшісінің орынбасары, тарих ғылымдарының магистрі Айболат Құрымбаев аудан әкіміне экспедиция жөнінде ақпарат беріп, тың деректер жинақталғанын атап өтті.

– Барлау жұмысының алғашқы кезеңінде көптеген құнды мәлімет жинақтап, тарихи маңызы бар қорымдарды анықтадық. Тіпті кейбір ауылдарда халық әулие санаған орындағы құлпытастардағы жазуды оқып, мүлде басқа адам жерленгенін білдік. Қала берді, алаша руының өкілі Әтидің де құлпытасын таптық. Халық көп біле бермейтін, табиғаттың тылсым күшімен маңында теректер қаптаған Ақкенже бөгетімен таныстық. Бұл – экспедицияның барлау жұмыстары. Әзірге аудандардағы тарихи орындарды анықтап, алдағы уақытта зерттеу жұмысын әлі де жандандырамыз. Сонымен қатар түрлі бағытта зерттеу жұмысын жүргізу де маңызды, – деді тарихшы.

Жиында экспедицияның екінші кезеңіне дайындық, ауданның тарихын түгендеу мақсатымен бірқатар зерттеу жұмысын жүргізу мәселелері талқыланды. Экспедиция әрі қарай  жалғаспақ.

Асылбек  Нәсіпқали,

Казталов  ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале