28.02.2024, 16:15
Оқылды: 7

Тасқала ауданы: көктемгі су тасқынына дайынбыз ба?

Тасқала – негізінен өзен бойын сағалай қоныстанған ауданның бірі. Бірақ ағын су адамға да, малға да тіршілік көзі болғанымен, одан келер қауіп те жоқ емес. Әсіресе, көктем мезгілінде нағыз тілсіз жаудың өзі десек, артық болмас. 2011 жылы су көтеріліп, өзен арнасынан асқанда ауылды су басып, біраз адам зардап шеккен болатын. «Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, содан бері аудан басшылығы кеткен олқылықтың орнын толтырып, әр жыл сайын көктемгі су тасқынына дайындықты ерте қолға алып келеді. Биыл да сол үрдіс жалғасты. Бейқамдықты көтермейтін табиғи апатқа тосқауыл қою үшін білек сыбана іске кірісті. Жедел штаб құрылып, жұмыс жоспары бекітілді. Жасалып жатқан жұмысты тағы бір шолып шығу үшін аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Мырза Батрашевқа жолығып, әңгімеге тартқан болатынбыз.

таскала су 2024 (1)

– Иә, көктемгі су тасқынына дайындықты біз былтыр күзде бастап кеттік. Жалпы ұзындығы 3780 метр су өткізетін арнаны тереңдетіп, тазарттық. Қазіргі таңда су тасқынының алдын алу және жою мақсатымен Деркөл, 1 -Шежін, 2 -Шежін өзендеріндегі су жүретін жолдарды қамыс-талдардан тазалау қолға алынды. Ендігі кезекте мұзды бұрғылау, кесу және жару жұмыстары жүргізіледі. Одан бөлек каналдар мен арықтарды және құбырларды қардан тазалау үшін сенбіліктер ұйымдастырылады. Күні бүгінге қолымызда 105 тонна инерттік материал (құм), жанар-жағар май, яғни 10 тонна дизель отыны, 5 тонна бензин, бір үрмелі қайық, 10 құтқару жилеті, сонымен қатар 10 мың қап пен мұз кесуге арналған бір ара бар. Одан бөлек қосымша тағы да 5 тоннадан жанар-жағармай сатып алу үшін тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Су тасқыны кезінде 123 адам, еріген қар суын соруға 17 мотопомпа, бес су соратын техника, 75 техника, эвакуацияға арналған 15 техника, 24 жеңіл автокөлік пен зардап шеккен халықтың жеке заттарын тасымалдау үшін тоғыз техника жұмылдырылмақ. Егер жағдай ушығып, халықты эвакуациялайтын жайт туындағанда, оларды орналастыратын 23 эвакуациялық пункт белгіленді. Олардың қатарында 12 мектеп, тоғыз мәдениет үйі, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі мен Тасқала колледжі бар. Эвакуацияланған халықты ыстық тамақпен қамту үшін жеке кәсіпкерлермен келісімшарттар жасалды. Су тасқыны кезінде ауданда орналасқан барлық мекеме қызметкерлері әр учаскеге бөлініп, бекітіледі. Олар уақтылы мониторинг жүргізіп, кезекшілікте болады. Әрине, қауіп жоқ деп, арқаны кеңге салуға болмайды. «Сақтансаң, сақтармын» деген ғой. Былтыр күзде, сондай-ақ қыста жауған жауын салдарынан жерде ылғалдың мол екенін бәрі біледі. Сондықтан күн күрт ерітетін болса, қар суы өзен арнасына сыймай, тасып кете ме деген қауіп жоқ емес. Қазіргі таңда қардың қалыңдығы 15 см болса, жердегі тоң 38 сантиметрмен 45 сантиметр аралығында. Былтырғыдан төмен. Барлығы да ауа райына байланысты. «Қазгидромедтің» айтуынша, ақпанның 20-сынан кейін күн күрт ериді деген ақпарат болды. Қазір интернетті қарап отырмыз, наурыздың басында да қатты жылылық байқалмайды. Егер күн қатырып ерітіп тұрса, ондай қауіп болмауы керек, – дейді Мырза Батрашев.

таскала су 2024 (2)

– Көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатымен Тасқала жұмыс қолға алынды. Тасқала Бірлік аймағымен өтетін Деркөл өзенінің бойындағы ұзындығы 850 метрді құрайтын аумақ мекемелер мен жергілікті тұрғындарды тарта отырып, ағаштар мен тал, қамыстардан тазартылды. Саябақ көшесіндегі су жүретін жердегі жол құрылысы кезінде қалып қойған топырақ тазартылып, қосымша 150 метр су арнасы қазылды. Самал, Сәулет, Б. Момышұлы, С. Ахметқалиев, Шевченко, М. Мәметова, Ә. Молдағұлова көшелерінде ұзындығы 2550 метрді құрайтын су арналары қазылып, дайындалды. Сонымен қатар ауыл ішінен 5500 текше қар сыртқа шығарылды. Су басу қаупі жоғары 78 үйдің иесіне ескерту парақшалары таратылып, ақпараттық құралдар арқылы халықты су тасқыны кезінде эвакуациялау алгоритмі бойынша түсіндіру жұмысы жүргізілді. Одан бөлек Тасқала ауылының су жүретін 37 жол сақинасы бар жерлерді қардан тазартуға ақпан айының соңына дейін мекемелерді жұмылдыра отырып, сенбіліктер ұйымдастырылуда, – дейді округ әкімі Алғадай Жамбыл.

таскала су 2024 (3)

Көктемгі су тасқынына дайындық барысы аудан әкімінің де жіті бақылауында. Аптаның алғашқы күні өткен лездемеде аталмыш мәселеге тағы бір тоқталып, сенбіліктерді уақтылы ұйымдастыру тапсырылды. Сондықтан әр ауыл тұрғыны бұл мәселеге бейжай қарамай, үйінің маңындағы су жүретін жыраларды аршып, қауіп төнген жағдайда арнайы құрылған жедел штабқа хабарласуы керек.

таскала су 2024 (4)

Назгүл Серікқызы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале