22.09.2020, 14:30
Оқылды: 180

Тасқалада ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылмақ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Жеке шаруашылық миллиондаған ауыл тұрғындарына табыс табуға мүмкіндік бере алады. Оларды өңірлік азық-түлік хабтарын құруға жұмылдыру керек. Басы бірікпеген жеке қосалқы шаруашылықтар, шын мәнінде, өлместің күнін көріп отыр. Бұл ретте, сапалы әрі мол өнім өндіру, үздіксіз тауар жеткізу туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз. Бәсекеге қабілетсіздік пен импорттан арыла алмай отыруымыздың себебі де осыда. Кооперация кезінде жер және басқа да мүлікке қатысты барлық құқықтар сақталады. Кооперация шаруашылықтарға шикізат сатып алу, өнім өндіру және оны сатуды ұйымдастыру барысында күш жұмылдыруға мүмкіндік береді. Ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзан бағаланады. Бұл жасырын емес. Табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар кенеліп жатады. Сондықтан субсидия және салық жеңілдіктерін беру бағдарламалары аясында ауылдық жерлердегі кооперацияны ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасын әзірлеу қажет» деген болатын.

Тоғаилыдағы бөгет

Жуырда Мерей ауылдық округінің мәдениет үйінде аудан халқының табысын арттыру бойынша пилоттық жоба туралы жиын өтті. Оған аудан әкімі Алдияр Халелов қатысты.

«Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі» сіздер үшін өте қажет, – деп сөзін бастаған аудан әкімі.

– Шаруа қожалықтарының дені мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, пайдасын көріп отыр. Яғни, мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруда. Субсидиясын алып, мал санын өсіруде. Ал ауыл тұрғындарына келгенде әңгіме басқаша. Қарапайым халыққа ең тиімді бағдарлама осы ауылшаруашылық өндірістік кооперативін құру болып тұр. АӨК құру кезінде біз не ұтамыз? Біріншіден, қазіргі таңда мал бағылмайды. Бағылмаған мал ұрылардың жемтігіне айналады. Малшы мал бағуға шыққысы келмейді. Себебі бақташының ауылдағы ағайыннан қол жайып, ай сайын ақша сұрап жүргісі жоқ. Сондықтан да мал бағуға ниетті емес. Екіншіден, асылдандыру мәселесі. Бұқашықтарды қосу, одан төл алу, яғни жекенің мал санының артуы басты назарда болуы керек. Жасыратыны жоқ, кейбір ауылдарда аналық малдың арасына аталық малдар қосылмайды. Сайып келгенде, ірі қара малы қысыр қалып жатады. Ешқандай бағдарламаға қатыспағандарға субсидия төленбейді. Қазіргі таңда мал азығы да қымбат. Ауласындағы бір-екі ірі қарасы барлар жем-шөбі ақтамағаннан кейін сатып құтылады. Сосын, амал жоқ, қалаға көшеді. Міне, қазіргі жағдай осы.

Дархан даламызды бос қоймайық

Ағайын, қазақ халқының алтын бесігі саналатын ауылдарды кім ұстап қалады? Ауылды ұстап қалатын сіз бен біз емес пе? Кең байтақ даламыздың бос жатқандығы жараспайды. Сондықтан мемлекеттік тиімді бағдарламаларды дұрыс жағына пайдаланып қалуға асығыңыздар, – деген ниетін алға тартты аудан басшысы.

– Облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлының тапсырмасы былтырдан бастап берілген болатын. Бұған дейін біз ауыл шаруашылығы бөлімі бар және басқа да бөлімдермен бірігіп, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құру жөнінде зерттеп, зерделеп көрген едік. Анықтау барысында бес жылдың ішінде субсидиясыз малдың өсімі мен субсидия алынған мал санының өсімінің арасы жер мен көктей екендігіне көзіміз жетті. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында екі мәселеге тоқталды. Оның біреуінде ауылдық жерлерде өндірістік кооперативтер құру, ал енді бірінде соны дамытуды қолға алу керектігін алға тартқан болатын. Біздің жобамыз әзір. Жақында өткен жиында облыс басшысына осы жобаны таныстырдым. Алдағы уақытта аталмыш жоба Үкіметке жіберілмек. Егер қолдау тапса, ауылдағы қарапайым халыққа жол ашылар еді. Қазіргі таңда қай ауылға барсаңыз да, айналасындағы жерден шауып алатын шөптің жоқтығын байқайсыз. Уақыт өте келе жер тапшылығы да одан сайын артуы мүмкін. Ал АӨК-нің тиімді жері – шабындық немесе жайылымдық жер алған кезде аукционға қатыспай-ақ қол жеткізесіз. Сондықтан арқаны кеңге салып, жайбарақат жүрудің еш қажеті жоқ. Осы күнге дейін он төрт АӨК құрылды. Тағы да екі ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылмақ. Неге мемлекеттік бағдарламаларға шаруа қожалықтары қатысады да, ауылдағы қарапайым халық еш алаңсыз отыра береді? Сондықтан бірлігіміз бекем болып, іске кірісетін уақыт жетті, – дейді аудан әкімі Алдияр Сансызбайұлы.

Мал басының өсімі артады

Аталмыш жиналыста ауылдық округ әкімі Мэлс Нәріков сөз алды.

– Ауылымызда ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Ауыл жігіттері аталмыш жобаны қолдап отыр. Мысалф, бес жылдың ішінде мемлекеттің қолдауынсыз мал өсірген уақытта небәрі 6,5 пайызға ғана мал өсімі байқалды. Ал егер мемлекеттік қолдаумен мал өсіретін болсақ, онда бұл көрсеткіш 12 пайызға артар еді. Егер АӨК құрғандар болса, олардың сұраған жерлерінің құжаттарын дайындап беруге көмектесеміз. Сол кезде ауылдың ішінде мал бостан-бос сандалып жүрмейтін болады. Оның үстіне күзде ауылға айдап келгенде союға жарайтындай күйде болады. Алдағы жылы бөгеттерді жаппай қайта қалпына келтіру жұмыстарына кірісетін боламыз. Биыл су тапшылығы сезілді. Жаңа ғана аудан әкіміне Тоғайлыдағы бөгетті көрсеттім. Енді оның да мәселесі басты назарда. Соның бәрін алдағы уақытта ауыл болып бірігіп шешуіміз керек, – деді ауыл әкімі.

Аталмыш ауыл тұрғыны Салауат Лұқпанов «кооперативті құру қаншалықты қиын және құрған уақытта да оны басқаратын адам әкімдік жанынан болмай ма?» деген сұрағын қойды. Оған ауыл әкімі Мэлс Жасанғалиұлы: «Ауыл шаруашылық өндірістік кооперативін құру кезінде құжаттамаларға көмектесеміз. Ал енді басқаруға келсек, заң бойынша аталмыш кооператив құрамына кірген адамдардың арасынан сайлануы керек. Қазіргі талап бойынша аталық басқа 10 мың теңге көлемінде төленеді. АӨК құрамында мал саны қаншалықты көп болса, соншалықты мемлекеттен субсидия төленеді. Оны бақташының еңбекақысына жұмсай ма, әлде жинап техника сатып ала ма, оны кооператив мүшелері өздері ақылдасып шешетін болады. Негізінен, үш кісімен ашуға болады. Бірақ соңынан тағы да қосыламын дегендер болса, мүшеліктің тізіміне тіркеле алады. Қой басына 2500 теңге төленеді. Бұрын бұқаларды сатып алып жүрген болсақ, қазіргі уақытта жалға (аренда) алуға болады. Бір ескеретін нәрсе тоқсан сайын ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің есебін беру керек. Ол кезде аталмыш кооператив жетекшісінің мойнына іліп қоймай, қалған адамдар да көмектессе болғаны. Содан соң «әлеуметтік жұмыс орны» деген мемлекеттің қолдауы бар. Мысалға малшыңыздың айлық жалақысы 120 мың теңге деп бағаланса, соның 35 пайызын Үкімет төлейді. Ол да үлкен көмек емес пе?» деп жауап берді.

Аукционсыз жер алуға болады

DSC_0979

Аудан әкімі Алдияр Сансызбайұлы ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құру ауыл халқының басын қосатын бірден-бір бағдарлама екендігін атап өтті. Егер сәтімен құрылып жатса, әрі қарай қолайлы жер алуға немесе мал басына субсидия алуға зор мүмкіндік бар. Ауылдағы қарапайым халық болашақта да мемлекеттің бағдарламаларына қатыспай, осылай үн-түнсіз отыра беретін болса, кейін жақсылыққа апармайтынын, жаңадан құрылған ауылшаруашылық өндірістік кооперативтеріне қазіргі күннің өзінде сұраған жерлерін бергендігін және айтты. Себебі жері болса, халыққа да еш қиындық болмайды. Әзірге бар нәрсені пайдаланып қалуға шақырған аудан әкімі, мемлекеттің қолдауымен төленетін қаражатқа биылғы жылы техника алса, келер жылы шөп шабатын жабдық алуға болатындығын да алға тартты. Сөйтіп, 3-4 жылда ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі өз алдына емінеркін өмір сүре алатын күйге жетеді. Бақташылар да халықтан ақша жинамай, тұрақты түрде еңбекақысын аталмыш кооператив арқылы алып отырады.

Қазихан УӘЛИХАНҰЛЫ (ауыл тұрғыны):

– Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құру мәселесін қолдаймын. Игі бастама. Ауыл үшін өте қажет нәрсе. Сондықтан ауылдастарымды аудан басшысының ұсынысын қолдауға шақырамын. Кезінде осындай жұмыстардың басы-қасында жүрдім. Сол кезден бастап бұның қаншалықты қажет екенін жақсы сезінемін. Ауылдағы ағайын біріксе, ғана жақсы күнкөріс болатындығын айтқым келеді.

 

Темірболат Әнуарұлы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале