28.08.2019, 17:31
Оқылды: 604

Тасқалада екі мектеп уақытша жабылған

Балаларын жаңа оқу жылына тыңғылықты дайындықпен жіберу әрбір ата-ананың міндеті. Десек те оқушылардың дұрыс білім алуы үшін олардың мектептері де талапқа сай болуы шарт. Осы орайда біраз жылдан бері жөндеу көрмеген Тасқала ауданы орталығындағы екі мектеп күрделі жөндеуден өткізуге уақытша жабылды.

jaqsygylov (2)

Аталған мектептердің бірі қазақ халқына еңбегі сіңген қайраткер Қаныш Сәтбаев атында болса, бірі майдан даласында Отан үшін от кешкен жерлесіміз, Кеңес Одағының батыры Садық Жақсығұлов атындағы білім ошағы.

satpaev (1)

Аудан басшысы Алдияр Халелов қос мектепті бір мезгілде уақытша жабуға және күрделі жөндеу жұмыстарын уақыт созбай бастап кетуге ықпалын тигізді. Аудандық білім бөлімінің басшысы Талғат Шәкіровтің айтуынша, «Ауылым ел бесігім» атты жаңа бағдарлама бойынша отыз жылдан бері жөндеу жұмысын көрмеген аудан орталығындағы қос мектеп күрделі жөндеуге жабылды.

satpaev (8)

 

Қ.Сәтбаев мектебі 1989 жылы, С.Жақсығұлов мектебі 1969 жылы салынған. Қыркүйек айының соңында С.Жақсығұлов мектебінің (оған 91 млн. 182 мың теңге қаражат бөлінген) күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады деп күтілуде. Қ.Сәтбаев мектебінің (бөлінген қаражат – 155 млн. 740 мың теңге) күрделі жөндеу жұмыстарының аяқталу мерзімі қараша айы деп бекітілген. Бірақ қазан айының аяғында аяқтап беру жоспарда бар.

satpaev (6)

-Күрделі жөндеуді «Кварц-Спецсервис» ЖШС құрылыс компаниясы жүргізуде. Қазіргі таңда 585 оқушы білім алатын (шамамен бұнда 80 оқушы бірінші сыныпқа барады) Қ.Сәтбаев мектебі «Сәулет» мектеп гимназиясына, ал 271 оқушы оқитын (шамамен бұнда 33 оқушы бірінші сыныпқа барады) С.Жақсығұлов мектебі Ы.Алтынсарин мектебіне уақытша көшірілді.

satpaev (4)

Бір айта кететін жайт, қазіргі таңда облыс бойынша күрделі жөндеуден өтуге тиісті төрт мектеп болса, соның екеуі Тасқала ауданында. Сонымен қатар балалармен мектептен тыс жұмыс орталығында ағымдағы жөндеу жұмысы басталғалы жатыр. Жөндеу құны – 4 млн. теңге. Аудан басшысы Алдияр Сансызбайұлының тапсырмасына сәйкес, қос білім ордасында аталған жұмыстар қарқынды жүріп жатыр,- дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Талғат Шәкіров.

satpaev (7)

Темірболат Әнуарұлы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале