2.06.2020, 21:35
Оқылды: 43

Тасқалада құсқа сұраныс көп

Өткен аптаның демалыс күндерінде Тасқала ауданы орталығындағы «Жастар» стадионында жәрмеңке ұйымдастырылды.

3A4B21D6-420D-45BD-96BF-7C12042C762A

Онда қаз, үйрек балапандарымен бірге тауықтар да сатылды. Жәрмеңкеге жиналған жұртшылық карантин режимін сақтай отырып, өзге аймақтан әкелінген балапандарды сатып алды.

Жәрмеңкеде үш күндік қаз балапандарының бір-біреуі 1800 теңгеден, үйрек балапаны – 550 теңгеден, ал үлкен тауықтар – 2500 теңгеден сатылды. – Әсіресе, жаз мезгілінде қол қусырып отырмай, белгілі бір іспен айналысқан жақсы, әрине. Отбасымызбен ойлана келе, қаздың балапанын алып, өсіруді жөн санадық. Аудан орталығында құстардың жәрмеңкесі болатынын естіп, Ақтау ауылынан келген едік. Өздеріңіз көргендей, құс алушылардың қатары қалың. Біз де өз кезегімізді алып, балапандарға қол жеткіздік. Мемлекетіміз тағайындаған «Бастау» бағдарламасы бойынша 82 қаздың балапанын сатып алдық. Әзірге үш күндік балапан болғаннан кейін олар өте нәзік, кішкентай болып тұр. Дегенмен бағып, аман-есен өсіріп аламыз деген ойдамыз, – дейді Ақтау ауылының тұрғыны Махамбет Серғазиев.

D67BE3F6-CEED-4FEE-8F47-9AD845892950

- Ауданымызға Орал қаласынан келген «Кенжалиев» жеке шаруашылығы биылдыққа осымен төртінші рет құс балапандарын сатып жатыр. Оның ішінде тауық, қаз, үйрек және күркетауықтар да бар.

A66825E2-840C-4C30-9F78-B907550A7B5B

Қазіргі күнге дейін 17 000 құс сатылды. Бұл дегеніміз аудан бойынша құспен айналысушылар қатарының көбейгендігін білдіреді. Жақын арада тағы да балапандар әкеліп, халыққа ұсынатын боламыз. Ендігі жерде ауылдық округтерге апарып, сондағы тұрғындарға үлестіруді көздеп отырмыз. Құс балапандарына сұраныс көп. Әкелушілердің де еңбегі зор. Әр ұйымдастырылған жәрмеңке сайын құс балапандары өздерінің жаңа иелеріне жөнелтіліп жатыр, – дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Самиғолла Шүкіров. Бұған дейін де жариялағанымыздай, құспен айналысушылардың қатары күннен-күнге көбейіп, екі қолға бір күрек табуда. Құс асырау да оңай емес, әрине. Жақсы күтім керек. Бірақ құс балапандарын өсіруге әбден машықтанып алғандар үшін қиындық тудырмасы анық. «Балапанды күзде сана» демекші, алдағы айларда нәтижесін байқайтын боламыз.

Темірболат Әнуарұлы

 Тасқала ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале