21.07.2020, 10:01
Оқылды: 77

Тасқалалық азаматтар да оттегі концентраторын алып беруге жұмылды

Әлемді жайлаған індет біздің елімізді де айналып өтпеді. Өтпегені былай тұрсын, адамдардың бірінен соң бірі ауруға шалдығып, дәріханаларда дәрінің, ауруханаларда орынның тапшылығына әкеліп соғуда. Жағдай мәз емес. Десек те жоқтан бар жасап, аталған дерттен халықты қалай да аман алып қалу үшін Тасқаладағы атымтай жомарт азаматтар бірігіп әрекет етуде.

52A603B6-2C73-4C2E-9387-4970C52195FE

Қиналғанда елге қол ұшын созуға әзір тұратын азаматтардың барына да шүкір етесің.

– Қазіргі таңда ауданымызға ең қажеттісі – дәрілер мен науқастардың емделіп шығуына қажетті аппараттар. Осы орайда «СВС Батыс» ЖШС директоры Замир Сәрсенбаев кислород концентраторын алып бергенін айта кеткім келеді. Оның өзінің бір данасы 700 мыңға жуық бағаланады. Оған қоса аудан орталығындағы мәдениет үйі мен Ы.Алтынсарин жалпы орта білім беретін мектебін күрделі жөндеуден өткізіп жатқан қызылордалық мердігер компания аталған аппараттың тағы бір данасын Ақтөбе қаласынан алдырды. «Асфа» ЖШС құрылыс компаниясының басшылары мен жергілікті азамат Нұртай Жұмашев, сонымен қатар аудан орталығындағы көшелерге тас жол төсеп жатқан «Ануш» ЖШС құрылыс компаниясының өкілдері аудан халқына дәрі-дәрмекпен көмектесуде. Одан бөлек «Айдана» ЖШС жол құрылысының мердігері облыстағы қорға аудан атынан қомақты қаражат бөліп, төрт дана оттегі концентратын алуға тапсырыс беріп қойды. Қаражатын аударды, енді сол керекті аппараттың аудандық ауруханаға келуі күтілуде. Қазіргі жағдайға байланысты науқастарды емдеп жатқан дәрігерлер «Шұғыла» демалыс орталығына орналастырылды. Сол жерден аудандық ауруханаға келіп, науқастарды емдеп, өздерінің кезекшілік уақыты аяқталғаннан кейін қайтадан аталған мекенжайға қызметтік көлікпен жеткізіледі. Енді бұл жерде оларды гигиеналық заттар мен азық-түлікпен қамтамасыз ету керек екені айтпаса да түсінікті. Осы орайда аудан кәсіпкерлері аталған заттардан бөлек тоңазытқыш пен бөлменің ауасын салқындатқыштарды алып беруге демеушілік жасап, дәрігер мамандарымызға көмек қолын созудан аянбай келеді, – дейді аудан әкімінің орынбасары Арсен Баяндықов.

Оның үстіне мұндай қиын кезеңде ауылдық округтегі адамдар аудан орталығына келіп, әрлі-берлі сабылып жүрмеуі үшін өздерінің ауылындағы фельдшерлік-амбулаториялық пункттеріне керекті дәрілердің тізімін береді. Ал сондағы мамандар қажетті дәрілерді ауыл тұрғындарына жеткізіп беруге жағдай жасаған. Бұның өзі осындай шаруаларды ұйымдастырушы тараптың сақтық шараларын қатаң қолға алғандығын білдіреді.  

Әсет Баян,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале