23.06.2020, 16:23
Оқылды: 83

Тәжірибе – уақыт еншісінде

«Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалынды, өршіл, намысты, биік рухты болса – ол елдің еңсесі де биік болары сөзсіз. Өршіл, намысшыл жас отаншыл патриот келеді, халқына, өз ұлтына адал қызмет етуге ұмтылады». (Н.Ә.Назарбаев)

D79A9573-7742-4973-87C1-B7077377D204

Кемеңгер Елбасымыздың «Қазақстан-2050» бағдарламасы өз бағытымен жүзеге асса, келешекте Қазақстан мемлекеті дүние жүзіндегі ірі мемлекеттер қатарына қосылады деген сенімдемін. «Отан – оттан да ыстық» деген дана халқымыз адам баласының жүрегінде ең бірінші ақ сүт берген туған анасына деген сезім орын алса, екінші Отанға деген жалынды, ыстық махаббат болуы шарт деген. Бабаларымыздың үмітін ақтау мақсатымен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде сапалы білім алып, болашақта елдің дамуына өз үлесімді қосқаныма, әлі де қосатыныма нық сенімдімін. Жүрегімнің қалауымен экономика факультетінің мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығында оқып, одан әрі магистр атағын алу үшін тәлім алып, қазіргі таңда оқуымның жемісін көріп отырмын деп айта аламын.

Тасқала ауылдық округі әкімі аппаратына жұмысқа қабылданғаннан бері өте мол тәжірибе жинақтағанымды айтқым келеді. Өйткені бойымда өз мамандығыма деген сүйіспеншілігім басым. Қуат пен жігер, болашаққа үміт пен сенім бар. Тізбектей келе айтқым келетіні, нағыз маман атану жолындағы алған білімімді кәдеге жарату, өз бетімше үздіксіз білім алу дағдыларын меңгеру, бәсекеге қабілетті болу, өз мамандығыма деген адалдық пен отансүйгіштіктің құрамдас бөліктері деп түсінемін. Мені бұл қызмет мынаған тәрбиеледі деп кесіп айтпасам да, мен мемлекеттік қызметтің жауапкершілігі мен ауыртпалығын көріп келемін. Мемлекеттік қызметші бола жүріп көп нәрсені үйренуге болады. Менің жұмысым халықпен тығыз байланысты болғандықтан, қалыпты жұмыс кестесі болмайды. Сан түрлі түйіні мол мәселелер күтіп тұрғанда өзге нәрсеге мойын бұруға мүмкіндік те қалмайтынын түсіндім. Себебі бұл үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Сондықтан сол артылған міндеттерді ақтауға тиіссің. Сол себепті де мен жұмыста өзіме жүктелген міндеттемелерге әрқашан да үлкен мұқияттылықпен қараймын. Мемлекеттік қызметші болу қай жағынан алып қарасаңыз да төзімділікке үйретеді. Тіпті демалыс күндері мен мереке күндері де тым алысқа кетіп қалмауға тырысамын. Қай салада болмасын, өз жұмысыңды жақсы көрмесең, ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмайсың. Қанша ауыртпалығы мол болса да, жауапкершілігі жоғары болса да, өз қызметімді жақсы көремін. Адамдармен үнемі байланыста боласың, мұң-мұқтажын тыңдап білесің. Бұл салада ауылдың тынысы бар. Ал мен оны сеземін. Менің қызмет ететін орным, яғни ауылдық округі әкімі аппараты мемлекеттік қызметтің айнасы деуге болады. Себебі қандай мәселе болмасын, барлығы бізден бастау алады. Жалпы, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі ауылдық округ әкімі аппаратының қызметі барлық мемлекеттік қызметтің бастауы. Біз халықпен тікелей жұмыс жасаймыз. Адам – біздің басты байлығымыз, оған барлық уақытта құрметпен қарауымыз керек. Мемлекеттік қызметші – ол мемлекеттің бір өкілі. Сондықтан өз ісіңе, сөйлеген сөзіңе, жүріс-тұрысыңа жауап бере алатындай болуың керек. Сені көріп тұрып қаншалықты тәртіпті, тәрбиелі екеніңді халық сезінуі керек. Болашақта үлкен жетістіктерге жетіп, елім үшін бәрін істеуге дайынмын. Елдің әр азаматы өз тағдырын ел тағдырымен байланыстырып, шын ықыласымен еңбек ететін болса ғана біз Елбасы айқындағандай «Қазақстан-2050» Стратегиясына сай бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіретін боламыз. Менің айтпағым, Қазақстан мемлекетінің ертеңгі болашағы жастарға, яғни бізге тәуелді.

Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың «Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек, бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» дегенімен толықтай келісемін.

Саягүл Ғалиева,

Тасқала ауылдық округі әкімінің орынбасары

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале