28.11.2026, 9:00
Оқылды: 0

Теректі ауданында «Дат» театры «Ит – менің досым» қойылымын сахналады

«Осы адамдар қызық...» Сахна шымылдығы Құтаяқ есімді иттің монологымен ашылды. Ауылдан қалаға келіп, Шарик атанған иттің өз есіміне де, адамдардың кейбір әрекеттеріне де көңілі толмайды. Сағынатыны – ауыл, алаңдайтыны – иесінің тағдыры.

915361870_18242338855316896_8434139200854692698_n

Теректі аудандық мәдениет үйінде халықтық «Дат» театры Нұржан Тутовтың «Ит – менің досым» атты қойылымын сахналады. Театрдың жетекші-режиссері Әділбек Қожабек көрерменге адам мен жануардың достығы арқылы қоғамдағы бірқатар өзекті мәселені қозғайтын туынды ұсынды.

Шығарманың негізгі кейіпкерлері – өнер жолында түрлі кедергілерге тап болған әртіс Батыр мен оның төрт аяқты досы Құтаяқ. Бірі айналасындағы адамдардың әрекетінен қажып, өмірден түңілген жан болса, екіншісі – иесінің амандығы үшін бәріне даяр адал серік.

Қойылымда мансап жолындағы жағымпаздық, адамдар арасындағы өшпенділік, достық пен махаббат, сенім мен сатқындық мәселелері көрініс табады. Әсіресе Батырдың өз мүддесі мен адал досының арасындағы таңдауы адамгершілік құндылықтардың мәнін қайта таразылауға жетелейді.

919001598_18242338972316896_7781441782130993244_n

Сахнадағы оқиға бірде күлкіге ұластырса, бірде көрерменді терең ойға қалдырды. Құтаяқ бейнесін сомдаған Данияр Балқасимовтың актерлік шеберлігі ерекше назар аудартты. Итке тән қимыл-қозғалысты, мінез бен сезімді нанымды жеткізген өнерпаз көрермен қошеметіне бөленді. Тіпті кішкентай көрермен арасында сахнадағы кейіпкердің шынымен ит екенін сұрағандар да болды.

Батыр рөлін режиссер Әділбек Қожабектің өзі сомдаса, Жанна бейнесін Айсұлу Жұбаныш, Матильда рөлін Альбина Мирамбай алып шықты. Сахналық безендіру мен музыкалық сүйемелдеу оқиға желісімен үйлесіп, кейіпкерлердің көңіл күйін жеткізуге ықпал етті.

Қойылымның әсерлі тұстарының бірі – Батыр мен Құтаяқтың соңғы тілдесуі. Кейіпкерлердің диалогы мен Құтаяқтың соңғы монологы кезінде залда көзіне жас алғандар да аз болмады.

933879805_18242338804316896_261225552920322564_n

Қойылым соңында аудан әкімінің орынбасары Темірболат Сағынгереев сөз сөйлеп, аудан әкімі атынан алғыс хат табыстап, өнерпаздарға гүл шоқтарын ұсынды.

«Осы адамдар қызық...» Құтаяқтың соңғы монологында да осы сөз қайталанды. Алайда қойылым басында жеңіл әзілмен астасқан тіркес соңында мүлде басқа мағынаға ие болды.

Ауылына оралуды аңсаған Құтаяқтың арманы қарапайым еді. Ал оның адам бойындағы қатыгездік пен өшпенділікке қатысты сауалдары әлдеқайда күрделі. Төрт аяқты кейіпкердің тағдыры арқылы өрбіген туынды адамдықтың өлшемі туралы ойлануға үндейді.

Әдемі Ғазизова,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале