6.10.2023, 12:44
Оқылды: 114

«Туған жерім - тұғырым»: казталовтықтар өнер көрсетті

Облыс орталығындағы «Атамекен» өнер ордасында облыстық «Туған жерім - тұғырым» халық шығармашылығы фестивалі аясында «Қосөзен - өнер өлкесі» атты Казталов ауданы көркемөнерпаздарының шығармашылық кеші өтті.

казталов (2)

Шығармашылық кешке облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, аудан әкімі Асланбек Сарқұлов қатысты.

Кеш қонақтары алдымен ауданымыздың қолөнер шеберлерінің бұйымдары, сүт және кондитерлік өнімдер, зергерлік бұйымдар және ұлт аспабы домбыраны әзірлеуші шеберлердің, суретшілердің туындыларымен танысты. Сонымен қатар «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының әр жылдардағы лауреаттары да туған жерін аңсаған жерлестерді отбасылық өнімдері мен бұйымдары, жетістіктері және өнерлерімен таныстырды. Ауыл дәмінен дәм татып, шеберлердің туындыларына таңдай қаққан қонақтар туған жерге сағынышын жеткізіп, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.

казталов (6)

Шығармашылық кеш шымылдығы «Ел тұлғалары ел есінде» атты театрландырылған қойылыммен ашылды. Аудандық театр ұжымдары халықтың жүрегінен орын алған Хадиша Бөкеева, Кенжебек Мендалиев, Сағит Садықов, Алма Оразбаева, Сәкен Ғұмаров, Ғұбайдолла Әнесов, Мансұр Ғатаулин, Тельман Имашев, Темірғали Жазбаев, Рахым Ығылманов және Нығмет Нағымовқа арналған жыр шумақтарын паш етіп, еске алды.

казталов (4)

Аталған тұлғалардың аудан тарихында есімдері алтын әріппен жазылған қоғам қайраткерлері, мәдениет саласының майталмандары, қаламы қарымды журналистер.

«Атамекеннің» көрермен залынан орын алған көрермен ауданның мәдениет саласының майталмандарының өнерін бір деммен тамашалап, ықыласын білдірді. Туған жердің сәлемін арқалаған өнерпаздардың өнерін тамашалауға келгендер қатарында шек болмай, лық толы залда ине шаншыр орын қалмады. Көзі қарақты көрерменге Р.Ығылманов атындағы ұлт-аспаптар оркестрі, «Қарлығаш» би ансамблі, Баян Қабиеваның Халықтық жанұялық ансамблі, халықтық «Шапағат», «Гүлдерайым» әжелер ансамблі және «Әжелер шуағы» ансамбльдері, халықтық «Бигалиевтер» жанұялық ансамблі, Үлгілі «Қыз Жібек» дәстүрлі әншілер ансамблі, аудандық вокалды-аспапты ансамбльдері мен Ержан Құмарғалиев, Азамат Ғұбайдуллин, Тұрлыхан Абуханов, Азамат Мәліков, Нұрбол Болат сынды күйшілер, Асхат Неғметов, Құндыз Еренбаева, Боранқұл Сәртөк, Асылхан Болтанов, Бауыржан Меңдеш, Саят Ерешов, Мұрат Ахметов, Сыйлық Құсайынова, Оралхан Ерғалиев, Ерлан Аманжолов, Нұрбек Мұхамбетқалиев, Мержан Дүйсенов, Нұрхат Жалмұханов, Бейбіт Даулетов, Қайрат Абдулов, Оралхан Ерғалиев, Данагүл Жұмабаева, Балғаным Ғұбашева сынды жез таңдай әншілер өнер көрсетті. Ал есімі аудан жұртшылығына мәшһүр Тауасих Тақаев, Дильназ Жасқайратова, Нұрбек Мұханбетқалиев кешті жүргізіп, көрерменнің ықыласына бөленді.

Концерт соңында ауданымыздың өнерпаздарына облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы, «КазИИТУ» ғылыми-білім кешенің құрылтайшысы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Инженерлік Академиясының БҚО филиалының төрағасы, академик,«Жаңару» жалпыұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысының БҚО бойынша филиалының төрағасы ,«100 жаңа есім» жобасының иегері, Орал қаласының құрметті азаматы Ақсерік Сарыұлы, ғалым, тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстан гуманитарық ғылымы академиясы акададемигі, Қазақстан Жоғары мектеп академиясының корреспондент-мүшесі Тұяқбай Зейтұлы атынан ықылас гүлі табысталып, аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы жерлестерге ризашылығын білдірді.

казталов (1)

- Облыс әкімінің бастамасымен, 14 наурызда басталған фестиваль аясында облыс орталығына келіп, көзі қарақты көрерменнің ықыласына бөленіп, туған жерге деген сағынышын көріп жатырмыз. Сіздерге аудан жұртшылығы атынан шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлы:

«Әннің де естісі бар, есері бар,

Тыңдаушының құлағын кесері бар.

Ақылдының сөзіндей ойлы күйді,

Тыңдағанда көңілдің өсері бар...», - деп жырлағандай бүгінгі шырқалған әндер арқылы сіздердің туған жерге деген сағыныштарыңызды сездік.

Оңтүстігіміздегі Қособадан басталып, Еңбекке дейінгі, Саралжыннан Хайрушке дейінгі кең байтақ даланы мекендеген ағайынның ыстық ықыласын алып келдік. Қазақ өнері жасасын! Бұл елдің мерекесі. Осындай мүмкіндік беріп жатырған облыс басшылығына ризашылығымыз шексіз.

казталов (5)

Бүгінде ауданымызда 8,8 миллиард теңге қаржыны құрайтын ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Республикалық, облыстық бюджет, Ұлттық қор және «Қарашығанақ Петролеум Б.В.» есебінен мектептер, медициналық нысандар салынып, бірқатар ауыл ауыз сумен, көгілдір отынмен қамтамасыз етіліп, жолдар жөнделуде. Бұның барлығы халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шықсын» дейді халқымыз. Бүгін ауданымыздың өнерпаздарына деген ықыластарыңыз үшін тағы да алғыс айтамыз, - деді аудан әкімі.

Шығармашылық кеште шырқалған әндер мен домбыраның қоңыр үні арқылы жерлестеріміз туған ауылға сапар шегіп, балалықты еске алды.

 

Асылбек Нәсіпқалиұлы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

20231005133816_IMG_8872 казталов (3)

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале