4.05.2023, 9:45
Оқылды: 29

Тұқым шаруашылықтары қалпына келе ме?

Орал ауыл шаруашылық тәжірибе стациясына жаңа дем беріп, шағын тұқым шаруашылықтарының қалпына келтіруге күш салу қажет. Оған тек мемлекет тарапынан ғана емес, диқандар тарапынан түсіністік пен қолдау керек. Сонда Бәйтерек секілді астықты аудандарда егін шаруашылығы жаңаша қарқында дамиды. Бұл туралы Бәйтерек ауданында облыс әкімінің бірінші орынбасары Ержан Балтаевтың қатысуымен өткен жиында сөз болды.

IMG-20230504-WA0019

Бірқатар облыстық басқарма басшысы, ауылдық округ әкімдері, аудандық мәслихат депутаттары, агроқұрылым жетекшілері қатысқан жиынды ашқан аудан әкімі Марат Тоқжанов Бәйтеректе көктемгі далалық жұмыстар қарқынды жүріп жатқанын атап өтті.

IMG-20230504-WA0020
Жиында бірінші болып баяндама жасаған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Денис Умашев биыл өңірдегі егістік жоспарындағы Бәйтерек ауданының үлесі 44 пайызды құрайтынын жеткізді. «Бүгінде аудан бойынша барлығы 23,3 мың гектарға егілді, - деді Денис Молдағалиұлы.

- Бұл жаздық егіс жоспарының 13 пайызын құрайды. Соның ішінде дәнді дақылдар 18 мың, майлы дақылдар 5,5 мың, мал азықтық дақылдар 0,04 мың, картоп және көкөніс-бақша дақылдары 160 гектар.

IMG-20230504-WA0023

Өз кезегінде сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары бұл сапардың мақсаты - көктемгі егістік жұмыстарына байланысты диқандар қауымында туындап жатқан мәселелер болса, соларды талқылауға келгендігін жеткізді.
-Егістіктікке байланысты мәселенің бірі – тұқымға қатысты екені белгілі. Сөздің шыны керек, көпшілік диқандар тұқымды Ресейден алады. Кеше Тасқала ауданында болған кездесуде бір шарушалық жетекшісі болашақта тұқым жетіспей қалу тәуекелі бар екеніне тоқталды. Оған логистика және өзге де жайттар әсер етуі мүмкін. Сол себепті біз Жәңгір хан атындағы БҚАТУ мен Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы арқылы болашақта диқандарымызды тұқыммен қамту жайын ойлауымыз керек. Мемлекет тарапынан қажет қолдаулар жасалады. Осы бағытта өздеріңізбен пікірлесіп, алдағы уақытта бірлесіп жұмыс жасау турасында да ойласқанымыз жөн, - деді Ержан Талғатұлы.

Одан соң мінберге көтерілген Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың ректоры Асқар Наметов тұқым шаруашылықтарын қалпына келтіру туралы баяндады.

Оның сөзіне қарағанда, диқандарымыз элита немесе жоғары сұрыпты деп ресейліктерден алып жатқан тұқым тиісті талаптарға сай келмейді. Себебі, шаруашылықтар селекционер сынды мамандарды ұстамайды. Маманды айтасыз, қазір тұқым шаруашылықтары да жоқ. Бүгінгі таңда диқандардың көбі тауарлы бидай тұқымын пайдалануда. Ылғал сақтаумен, зиянкестермен, арамшөппен күрес мәселерімімен де көп ешкім айналыспайды.

Гербицидті пайдаланғанымен, оның тұқымға әсерін бағалап жатқан да ешкім көрінбейді. Мұның бәрі тұқым сапасының төмендеуіне, нарықтағы бағасының арзандауы әкеліп соғуда. Бұдан шығар жолдың бірі - Орал ауыл шаруашылық тәжірибе станциясын қайта қалпына келтіруге күш салу. Ол үшін диқандар өзеріне қажет тұқымдарға тапсырыс берулері керек. Өңіріміздегі жалғыз бұл кәсіпорын болашақта көпшіліктің тапсырысын орындауға мүмкіндігі болмайтыны анық. Сондықтан тұқым шаруашылықтарын жасақтауға мән берген жөн. Егер мемлекет тарапынан демеуқаржы төленсе, ондай шаруашылықты неге дамытпасқа?
Жиын барысында баяндамашыларға жанар-жағармай, оның бағасына қатысты, киіктің егістікке түсуі, келтірілген шығынды өтеу жайы және өзге де сұрақтар қойылып, тиісті жауаптар алынды.

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале