9.11.2020, 10:09
Оқылды: 89

Түс

Күні кеше телміріп отырып теледидардағы кинодан ғана көретін түрлі атыс-шабыстарға бүгін құлақ есітсе, таңданбайтын жағдайға жеттік. Әйтсе де, ондай сұрапыл сұмдықтарды құлағым шалса, іштей «біссіміләма» басып, зәредей қорқатынмын. Күндердің күнінде жан баласына қақтықпай-соқтықпай жүрген мен сол атыс-шабыстың ортасында жүремін және қылмыскер боламын деп ойладым ба?

CB55020F-56B2-4825-B9CE-EC6A8A776556

Бәрін басынан бастайын. Ортақ танысымыз үйлену тойына шақырып,  менен алты ай ғана үлкендігі бар немере ағам Ербол екеуміз тойға барғанбыз. Той жасауда қазекем бәсеке ғой. Бәрі керемет өтіп жатты. Айтпақшы, сол тойда бір танысым болды. Өзі Қазақстанда самбодан чемпион атанған, ауданның, облыстың намысын кез келгеннің қолына ұстата қоймаған жаужүрек жігіт-тұғын. Кездесіп қалғанда аман-саулық сұрасатынбыз.

Той дегенде қу басы домалап келген меймандардың ішінде бір ғана адам көзіме біртүрлі, оғаштау шалынды. Бет-әлпеті солғын тартқан, көзқарасы да қорқынышты, сүзеген бұқа дерсің дерсің бір.  Ішімнен дәу де болса, мас немесе бірдеңе шегіп алған деп топшыладым. Көзіне көзім түсіп кеткенде, тұла бойым дір етіп, үрей билеп алды. Содан қайтып о жаққа көз салмадым.

Тойдың нағыз қызған шағында мейрамхана іші қапырықтанып, түрлі әтірдің, ішімдік пен тердің иісі алып, жүрегім айнып, ауаға шыққым келді. Сәл саф ауамен тыныстайыншы деп қызып алып, ортада құдаша қызбен бидің түр-түрін сойып жүрген немере ағама беттедім.

- Ербол! Ербол!

Даңғырлаған даңғаза әуен, айқай-шу, жөнді-жөнсіз ысқырық пен шапалақтан ағатайым менің шақырғанымды ести қоймады, я естігісі келмеді.

Азар дегенде айқайлап:

- Далаға шығып келейік!- деп түсіндірсем, ол құдашаны да, биді де қиып кетер түрі көрінбейді, қипақтап қалды:

- Жайырақ шықсақ болмай ма?

- Жарайды,- деп қолымды бір-ақ сілтедім.

Өзім-ақ шықтым. Таза ауаны молынан жұттым да жайлап шығарып, терең демалғанда рақаттанып қалдым. Түнгі ауа деген керемет! Қапырық та, даңғырлаған әуен де, түрлі иіс те жоқ, құлаққа ұрған танадай тыныштық, тамаша! Бес минөттей сейілдейін деген оймен мейрамхананың сол жағына қарай бұрылдым. Жүре түскенде, алдымда көзге түртсе көргісіз қараңғыда тұрған біреудің жүргенін байқап, шошып кетіп, шыңғырып жібердім. Әлгі маған біртүрлі көрінген адам. Сүріне-қабына кейін қарай қаша жөнелдім. Әлгі ал кеп қусын. Ішке кіріп үлгермейтінімді біліп, шетке қонжиған бір мәшиненің алдыңғы есігіне жармастым. Уф! Құдайдың бір қарасқаны шығар, есік ашық! Қуанып кетіп, отырып алдым. Мені қуып келе жатқан адам да жетіп, мәшиненің есіктерін жұлмалай бастады. Артқы есікті ашты ақыры, ол да міне бергенде, манағы тойда жүрген чемпион бар ғой, сол келіп қалды. Ал, ана мені қуған адамның қолында жалақ-жұлақ еткен пышақ! Екеуі бірін-бірі жағадан алып, ұстаса кетті. Ана ұсқынсыз адамның  пышақты сұғып алар түрі бар. Менің қол-аяғым дірілдеп барады. «Бірдеңе табылып қалар» деген ой санамда сап етіп, мәшиненің бордачогін ашып қалсам, тапанша жатыр! Ойланбастан,  мәшинеден атып шығып, арт есікке жақындап, жұлысып-жұдырықтасқан екеуге кезендім. Қос қолыммен қыса ұстадым тапаншаны. Бұрын-соңды мұндай суық қару алып көрмеген адамға тіптен ұқсамаймын. Өзіме-өзім таңмын. Әлгі нашақорды атпаққа бекініп, шүріппені басып жібердім.  Жүрегім тарс-тұрс соғып, көзім қарауытып, басым айналды.

- Жоооқ! Мүмкін емес! О, жаратқан! Оқ менің көздеген адамыма емес, мені құтқармақшы болған адамның шекесінен тиген! Алаштың арыстай ұлын өлтірдім! Көк байрақты желбіретіп, ел намысын қорғаған ерді өлтірдім! 

Жан дүнием астан-кестен, аласапыран болған күйі қашуға жанталасқан әлгі әумесерді де тірі қалмасын деп, қазақтың маңдайына біткен спорт жұлдызынан оны жаны артық емес деп жайратып салдым.

Есімді жинадым...

- Мен... адам өлтірушімін... Екі бірдей адамның қанын мойныма жүктеп жер басып жүре алмаймын! Ары қарай қалай өмір сүрем?!

Мен де өлуге тиіспін деп, маңдайыма тапаншаны тақай бергенде... шошып ояндым. Бәрі түс екен...

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале