14.12.2021, 9:01
Оқылды: 156

Түскен салықты тиімді пайдаланған

Бәйтерек ауданы орталығынан шалғайда орналасқан Егіндібұлақ ауылында балалар ойын алаңы пайдалануға берілді.

0A8E8440-A482-4857-9227-5A91F5C69F92

Осы кезге дейін талай мәрте ауыл, аудан әкімдерінің халық алында есеп беру кездесулерінде көтерілген мәселенің шешімін тапқанына тұрғындар разы. Елдің сұрауын екі етпей, тәу етер Тәуелсіздік күні қарсаңында балақайлар мен олардың ата-аналарын қуанышқа бөлеу төртінші деңгейдегі бюджет қаржысының арқасында мүмкін болыпты.

Осылайша түскен салықты орнымен жұмсаған округ әкімі Ринат Ескендіров көптің алғысын алды. Күннің суығы да ойын балаларына кедергі емес екен. Балаларға арналып әткеншектер, сырғанақ, өрмелеуіш, төбесі жабылған ойын құрылғылары бос тұрмайтыны көрініп-ақ тұр. Ойын алаңының айналасы жарықтандырылған.

20CC3E3C-64FB-4A8C-9E91-C7F6C6E3D20E

Игілікті істің қасынан табылған жандарға ауыл бүлдіршіндері де дән риза.

- Ауылда балаларымызғға арналып ойын алаңының тұсауы кесілді. Өте ризамыз. Тұрғындардың атынан алғысымды айта отырып, осындай жақсы істердің куәсі бола берейік деген тілегімді білдіремін. Атсалысқан азаматтарға көптен-көп рахмет. Енді балалар мен жасөспірімдер өздеріне арнап салынған алаңды бұзбай, көздің қарашығындай сақтап, тәртіппен пайдаланады деп сенеміз,-дейді ауыл мектебінің мұғалімі Замир Сукпусунов.

Одан бөлек, істің жайын, қаржыны орнымен жұмсауды білетін округ әкімі төртінші деңгейлі бюджеттен түскен қаржыға ауыл көшелерін жарықтандырған. Бірнеше жылдан бері іске асып келе жатқан бұл бастама округтер жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу кезінде экономикалық тұрғыдан мейлінше дербес болсын деген мақсатта қолға алынды. Яғни елді мекендегі әлеуметтік мәселелерді шешу үшін аудан бюджетіне ауыз ашпай, мүмкіндігінше жоғын өзі түгелдеуге мүмкіндік берді. Осы істі өз пайдасына асыра білген ауыл әкімінің іскерлігін аудан басшысы Марат Тоқжанов та оң бағалады.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале