21.02.2020, 12:02
Оқылды: 160

Үйі өртенген анаға қолдау-көмек бола ма?

Өткен аптада Facebook әлеуметтік желісінде Жаңақала ауданы орталығында Құрманғазы көшесі, 18-үйдің тұрғыны Майгүл Шатаеваның пәтері өртенгені жөнінде жедел хабар тарады. Кім-кімге де айдың күні аманда һәм қақаған қыстың ішінде баспанасы отқа оранса, оңайға соқпайтыны анық. Осы жағдайды естіген бойда бізде қол қусырып қарап отыруды жөн көрмедік. Баспанасыз қалған М.Шатаевамен тілдесіп, мән-жайды білген едік. Майгүл апамыз аудандық ауруханада кіші қызметкер болып істейді екен. Қолында кәмелеттік жасқа толған қызы бар.

janakala audany ortengen ui (2)

- Аудандық ауруханада кіші қызметкер болып жұмыс істеймін. Үйде қызым екеуміз тұрамыз. 12 ақпан күні біз тұратын этажға электрик мамандар жаңа желіні жалғап, жарықты қосқан болатын. Барлық үйдің жарығы жанып тұрғанмен, біздің үйде электр жарығы жанбай қалды. Кешкі сағат 18:00-де жұмыстан келген соң, сағат шамамен 19:00-лерде электрик шақырттым. Обалы не керек, электриктер шақырған бойда шауып келе қалды. Біреуінің аты Әсет, астында көлігі бар екен. Мән-жайды айтқан соң, олар бірден дәлізде орналасқан қорапшадағы (подьезде) тоқты әрлі-берлі қозғап, жалғайтын жерін жалғады. Сондай-ақ олар бізге жертөленің светін кесіп тастадық деп айтты. Электриктер сол айналаны біраз шұқып, қарап, жалғап, кесетінін кескенмен біздің пәтердің жарығы ақыры жанбады. Қызым екеуміз сол күнгі түнді электр жарығысыз, май шаммен өткіздік. Ертеңгі күні күндегі әдетімізше таңғы асымызды ішіп, ел қатарлы жұмысқа кетіп қалдық. Қызым кәсіпкердің қарауында зат сатады. Ойымда ештеңе жоқ, жұмысымда қаннен-қаперсіз отырған едім. Сағат түскі 12-ге таман қызым хабарласты. Мен сол бойда жұмыстан сұранып, жылап-еңіреп, жағдайды білейін деп шұғыл үйге қарай жөнелдім. Негізі өрт болмастан бұрын электриктер келіп, кешегі жанбай тұрған біздің пәтердің жарығын қосып кетіпті. Оны маған көрші Дариға Диманова айтты. Мен үйге жеткенде өрт сөндірушілер де қатар келді. Олар өртті сөндіріп, көмектесті. Дегенмен, үйімнің өртенуі аудандық электр торабы мекемесі мамандарының жұмысына жауапсыздығынан деп ойлаймын. Себебі сол жаңа желіге жалғағаннан кейін бірінші күні үйде жарық болмады, ал екінші күні үйім өртенді. Бұл жағдайға тікелей солар кінәлі. Менің мұндай мүшкіл жағдайға ұшырауым электриктердің өз ісіне салғырт-салақ қарауының салдары. Үйімнің өртенгеніне 6 күн болды. Аудандық полиция бөліміне арыз жаздық. Алайда әлі біреуі келген жоқ. Тергеп-тексермеді. Мүмкін бүгін келіп қалар. Өрт болған жердің орнын қозғамай отырмын. Себебі зерттеу-сараптаманың  қорытындысын күтемін. Қыстың ішінде қайда барамын? Ағайын-туманы қашанғы жағалаймын? Ауыл әкімі А.Ахметов «Саған беретін үйіміз жоқ» деп айтты. Ендігі тілегім пәтерімді қайта қалпына келтіріп, жөндеп берсе, разы болар едік, - дейді жанары жасқа толған ана.

janakala audany ortengen ui (1)

Майгүл апамызбен сұхбаттасып болған соң, сәлден кейін құқық қорғау саласының қызметкері келе қалмасы бар ма?.. Бақсақ Руслан Қисамбаев деген тергеуші екен. Ол М.Шатеваны өзімен оңаша қалдыруын өтініп, бізді маңайына жолатпады. Кейін тергеу аяқталғанда өрт оқиғасына байланысты «Қандай пікір айтасыз?» дегенімізде «Ештеңе де айта алмаймын. Басшымыздан сұраңыз» деп қысқа қайырып, бұрылмастан, теріс қарап кете барды. Артынша аудандық полиция бөліміне хабарласқанымызда сараптама қорытындысы шықпай, өрт оқиғасына байланысты ештеңе айта алмайтындарын әрі айтуға міндетті емес екендіктерін мәлімдеді. Мұнан кейін алып-ұшып «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, аудандық электр торабы мекемесінің басшысы Бауыржан Бигалиев мырзамен жолықтық.

- Үйдің ішінен орын алған өрт оқиғасына біздің қатысымыз жоқ. Біз 300-дей үйді жаңа желіге ауыстырдық. Біз тек сырттағы столба, трансформаторларға жауап береміз. Көп адамдар үйлеріне қымбат-қымбат дүние алады. Бірақ тоқтың айналасына келгенде ақшаларын аяп қалады. Көбінде арзан разетка, арзан люстра. Міне, «арзанның тұзы татымас» демекші, арзан дүниенің сымдары әлсіз, өртенгіш келеді. Сол жағында халық ескергені дұрыс деп есептеймін, - дейді ол.

Жүрегі шерлі, көңілі күпті анамызға қандай да бір көмек бола ма деген ниетте Жаңақала ауылдық округінің әкімі Абзал Ғайноллаұлының да есігін қақтық.

- Иә, бұл оқиғамен таныспын. Өртенген пәтерге өрт сөндірушілермен бірге мен де барған болатынмын. Сол кезде аудан әкімінің орынбасары Асқар Жомартұлы да болды. Өрт сөндірушілер өртті сөндіріп болған соң, А.Жомартұлы екеуміз үйдің ішіне кіріп, бәрін қарап, аралап шықтық. Құдай сақтап, әйтеуір үйде адам жоқ екен. Артынша Майгүл апа келді. Сол жерде Майгүл апаға айттым. «Үйдің ішін реттейміз, жөндейміз. Сізге қандай көмек қажет, соның бәрі болады» дедім. Сонымен қатар Үкіметтің тарапынан заңды түрде материалдық көмек ала алатынын айтып, құжат жинау керектігін тілге тиек еттім. Жалпы, осы жағдайға байланысты бізге аудан әкімі Н.Қарағойшин тапсырма берді. Аудандық электр торабы мекемесі электр жарығын түгел жалғап беретін болса, аудандық газ мекемесі газ жағын реттейді. Біз ауылдық округ әкімдігі үйдің ішін жөндеуге көмектесеміз. Биылғы Еріктілер жылына орай бүкіл әріптестерімді М.Шатаеваның пәтерін жөндеуге, көрпе-көпшік, тағы да керекті заттарын алып беруге жұмылдырғалы отырмын. Бұл өз кезегінде сауапты іс қой, - дейді ауыл әкімі А.Ахметов.

Жаны жомарт жаңақалалықтарға айтарымыз «Апат айтып келмейді» дейді бабаларымыз. Біз мұндай жағдайды өз басымыздан өткермегесін сезінбеуіміз де мүмкін. Дегенмен, «Көп түкірсе көл» дегендей, ақ адал ниетімізбен, жомарт жүрегімізбен, жаны жабырқаулы Шатаева Майгүл апамыздың отбасына қолұшын созып, қолдан келгенше көмектесейік, ағайын.

Шатаева Майгуль Турешовна

ЖСН: 660 505 402 410

Халық банкі: 4402 5735 68 34 286

Алтынбек Серікқалиұлы

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале