14.12.2022, 16:31
Оқылды: 51

Ұстаздармен сырласу

Соңғы уақытта «Ұстаз мәртебесі» деген сөзді жиі естіп, қоғамда ерекше орынға ие ұстаздар қауымының мәртебесін арттыру мақсатын арнайы заң да қабылданды. Мұнымен қоса мұғалімдердің жалақылары жыл санап өсті. Бұл ұстаздар үшін үлкен қолдау болғаны анық. Дегенмен, әр нәрсенің екі жағы бар екені белгілі. Ұстаздар мәртебесін көтеру арқылы соңғы кезде: «Ұстаздар жергілікті басылымдарға жазылмасын, сенбілікке шығуға болмайды, басқа да мәдени-көпшілік шараларға қатыспасын!» деген алып-қашпа әңгімелер туындауда. Керек десеңіз, бұл сөздерді білім мен ғылымды жоғарыдан басқарып отырған азаматтардың ауызынан еститін болдық. Сонда «Олардың мақсаты не? Зиялы қауым өкілдеріне санатына кіретін ұстаздарды қоғамнан алшақтау емес пе?!» - деген ой еріксіз туындайды.

4

Осы сұрақтардың жауабын Казталов ауданына ат басын тіреген ақын, ұстаз, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы білім беру саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалі мен Ы.Алтынсарин медалінің, «Парасат» орденінің иегері Дариға Мұштановадан алғандай болдық.

7

Бүгінгі таңда зейнетке шықса да қоғамдық өмірден қол үзбей жүрген белгілі қаламгер екі жылдан бері облыстық «Орал өңірі»  газетінде қоғамдық редактор қызметін атқарып, газет бетінен ұстаздарға ауадай қажет «Үзіліс» бетін жүргізіп келеді. Ауданымызға келген сапары кезінде Дариға Ғазизқызы ауданымыздың іргелі білім ордаларын аралап, ұстаздармен кездесіп, ашық алаңда әңгімелесіп, сырласып қайтты. Алма Оразбаева атындағы жалпы орта білім беретін мектебі, Бірік, Бостандық жалпы орта білім беретін мектебі, Кенжебек Меңдәлиев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде барған Дариға Ғазизқызымен бірге Казталов ауданы әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Абешова ұстаздармен кездесті.

6

Кездесулер барысында ардагер ұстаз педагоктарға қатысты көптеген мәселелерге тоқталып өтті. Әсіресе, мерзімді басылымдарға жазылу туралы өз ойын айтты. —Мұғалімдердің газет-журналға жазылмауы, кітап оқымауы — болашақта білімсіз ұрпақ тәрбиелейтін, әлеуметтік желіге ғана тәуелді, өз ойын ашып айта алмайтын адамға айналатынына көз жеткізіп отырмыз. Егер, зиялы қауым —ұстаздарға кітап, газет-жорнал қажет болмаса, басқаға да қажеті болмасы анық. Мұның бәрі тілдің кеміп, рухани тоқырауға алып келеді. Бара-бара сөйлеуден, тілден айрылған ұрпақ тыңдаудан да айрылады. Бұл ұлттың болашағын жояды. Біз ұстаздар — ұрпақтың, ұлттың болашағына жауаптымыз. «Мұғалім мәртебесі» деген ұғымды дұрыс түсінбей жүргендер көп. Мұғалім мәртебесін көтеру ол қоғамнан ерекшелену емес. Ол — ұстаздың мәртебесін, беделін көтеру, әл-ауқатын арттыру болып табылады,-деді Дариға Ғазезқызы.

Сонымен бірге кездесулер барысында Дариға Мұштанова бала тәрбиесі, қыз тәрбиесіне қатысты тәлім мен тәрбиеге толы әңгімелеп берді. Ардагер ұстаз әңгімесі барысында ұрпақ тәрбиесіне қатысты өзінің шығармашылыққа толы өмірінен шынайы мысалдар айтты.

Қаламгер ұстазды жылы қабылдаған ұстаздар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, бүгінгі қоғамға қатысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

5

Алтын уақытын бөліп, ұлағатты ұстаздармен кездесіп, ұлағатты әңгімелер айтқан Дариға Ғазизқызына ұстаздар қауымы алғыстарын білдіріп, оқушылар өлеңдер оқып, гүл шоқтарын табыстады.

8

 

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале