28.12.2022, 0:00
Оқылды: 56

Үздік жастар марапатталды

Переметный ауылында «Жыл үздігі – 2022» аудандық жастар сыйлығының байқауы болды. Іріктеуден түрлі салада табысты еңбек етіп, түрлі байқаулардан орын алған, тең құрбысының алды болғандар өтті.

IMG-20221227-WA0103

Аталмыш шараны құттықтау сөзімен ашқан аудан әкімі Марат Тоқжанов жастар қоғамның бір бөлігі ретінде мемлекетте маңызды рөл атқаратынын, қозғаушы күш екенін атап өтті.

– Бұл байқауға ауданымыздағы 50-ден аса жастар үміткер қатысты. Олардың ішінде осалы болған жоқ. Сол себепті комиссияға іріктеу оңайға түспеді. Бүгін арамызда мықтылардың мықтылары отыр. Оларға осы жетістікпен тоқтап қалмай, алға қарыштап дамуды тілеймін. Жалпы адам, әсіресе жастар қоғамда өз орнына ие болу үшін кез келген қоғамдық мәселеге бейжай қарамауы тиіс деп ойлаймын. Себебі патриоттық рух та, рухани ерік-жігер де ортамен араласудан туындайды, - деді Марат Лұқпанұлы.

IMG-20221227-WA0100

Бұл кешке арнайы келген облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Аслан Тапишев енді елімізде жастар санатына жататындар қатары артатынына қуанышты екенін айтты. Яғни 29 жасқа дейінгілер бойынша облысымызда 123 мың жас тіркелсе, енді олардың қатары айтарлықтай көп болады. «Кеше ғана Мемлекет басшысы «Жастар саясаты туралы» заңға қол қойғаны белгілі,-деді ол, - Соған сәйкес жастар санатына кіретіндер 35 жасқа дейін деп белгіленді. Бұл жастарға түрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға, жеңілдіктерге ие болуға көп мүмкіндік береді. Бүгін аудан бойынша үздіктер қатарынан көрініп отырғандар алдағы уақытта облыстық, республикалық, тіпті халықаралық байқауларда топ жаруларына тілектеспін».

IMG-20221227-WA0101

Байқауда Бекзат Васихан «Үздік студент», Нұрсыйла Жасланова «Үздік жас ұстаз», Мейірбек Жанболат «Үздік жас өнерпаз», Әйгерім Қожағалиева «Үздік жас өнерпаз», Айсұлу Сәрсенова «Үздік жас спортшы», Диас Тауымов «Үздік жас ауыл шаруашылығы маманы», Альфия Асауп «Үздік жас құқық қорғаушы», Максим Максимов «Үздік жас кәсіпкер», Данагүл Рафхатова «Үздік жас қолөнерші», Эльмира Нұржанова «Үздік жас дәрігер» аталымдарымен марапатталды.

IMG-20221227-WA0102

Кеш барысында айтуылы еңбегі үшін аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Жанар Ғұбашеваға облыстық жастар саясаты басқармасының, облыстық жастар ресурстық орталығының атынан алғысхаттар табысталды.

Қуаныш Қали,

Бәйтерек ауданы 

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале