27.03.2024, 23:52
Оқылды: 33

Халықаралық театр күні: Жәнібекте театрландырылған сазды кеш өтті

Бүгін Жәнібек аудандық мәдениет үйінде Халықаралық театр күніне орай театрландырылған сазды кеш өтті.

FB_IMG_1711564129283

«AMANAT» партиясы Жәнібек аудандық филиалының төрағасы Біржан Қуанәлиев құттықтау сөз сөйлеп, аудан театрының дамуына зор үлесін қосқан, еңбегі сіңген актерлерді марапаттады. Атап айтар болсақ, Н.Боранбаева, У.Тұманова, А.Сейіткереева, Б.Құбаеваға алғысхаттар мен гүл шоқтары табысталды.

Одан соң LED-экраннан аудандық халықтық театрының шежірелі тарихымен танысып, осыған дейін Жәнібек сахнасында өткен қойылымдардан естелік суреттер тамашаланды.

Бүгінгі таңда елімізде екі жүзге жуық халықтық атағы бар театр болса, оның тоғызы біздің облысымызда жұмыс жасауда. Жәнібек аудандық халықтық театрының негізі 1932 жылы колхоз театры болып құрылып, алғашқы директоры Халел Молдашев болған. Ал 1936 жылы театр жетекшілігі Мұхамбетжан Ғұмаровқа жүктелген екен. Отанымыздың отқа оранған сұрапыл жылдарында да бұл театр өнер көрсетуді тоқтатпаған. Күллі аудан халқы, әсіресе, үлкендеріміз Мұхамбетжан Ғұмаровтың арқасында театрдың талай қиындықтарды еңсеріп, гүлденгенін һәм көптеген жастарды өнерге баулығанын жақсы біледі.

Мұхамбетжан Ғұмаровтай өнерлі азаматтың шекпенінен өткен, бүгінде сол еңбектерінің зейнетін көріп отырған мәдениет саласының майталмандары Қайрат Төлешев, Қуандық Ақбейісов, Гүлфара Берікқалиева мен Құрманғазы Ермұқановтың мерекеге орай жолдаған бейнеқұттықтаулары экраннан көрсетілді.

FB_IMG_1711564120829

Содан кейін көрермендер аудан өнерпаздары дайындаған шағын қойылымдарды тамашалады. Айта кету керек, халық театрларындағы дарындардың көпшілігі кәсіби әртіс емес. Олардың басым көпшілігі басқа саланың мамандары. Соған қарамастан өнердің алып дүниесі театр әлемі үшін жасап жүрген еңбектері ұшан-теңіз екенін айтпай кетуге болмайды. Бүгінгі қойылымдарымен олар өздерінің сахнаға деген кіршіксіз махаббатын тағы бір дәлелдегендей болды.

Шағын қойылымдар басталған сәттен-ақ көрермендердің езуі күлкіден жиылмады. Көпшілік қауым «Арман» интермедиясын сахналаған Өмірзақ Жармұхамбетов, Гүлмаржан Қаташева, Шынар Каюпова мен «Танысу» интермедиясын ұсынған Анаргүл Молдашева, Жеңісбек Жүсіповтің актерлік шеберлігіне тәнті болды. «Балгер» қойылымында балгер мен жігіттің рөлін сомдаған Нұрлыхан Кәрімов пен Райымбек Нұрғалиев те халықтың ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ жәнібектіктер «Инвестиция» қойылымында өнер көрсеткен Айымжан Егеуова, Алсу Әскербекова мен Жалғас Доқпановты сахнадан көргендеріне дән риза болды.

FB_IMG_1711564159476

Әр интермедия арасында әсем ән шырқаған Әсем Ғайнуллина, Айнара Нұртаева, Тамара Кафарова мен Райымбек Кәрімов және мың бұралып би билеген «Ақмаржан» халықтық би ансамблі елді сүйсінтті.

Айсұлу Жұмабай,

Жәнібек ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале