13.11.2020, 10:04
Оқылды: 668

Жанболат Гумаров: «Ауданымызда қысқы спорт түрлері дамымай отыр...»

«Тәні саудың – жаны сау», «Бірінші байлық - денсаулық» деп ата-бабаларымыз бекер айтпаған-ды. Әрбір адам спортпен айналысу керек. Өйткені спортпен үнемі айналысқан адамның дені сау, көңіл күйі көтеріңкі болады және денсаулығы жақсаратыны әммеге аян. Бұл орайда Жаңақала ауданы да талантты споршыларға кенде емес. Ауданымызда спорттың жағдайы қалай, қандай жұмыстар атқарылуда және оның нәтижесі қандай деңгейде деген сауалдарымызға жауап алу мақсатында аудандық «Jastar» спорт клубының басшысы Жанболат Гумаровпен сұқбаттасқан едік.

36E02608-67EF-4DFF-8124-6E53CE60347B

- Аудандағы спорт саласының кешегісі мен бүгініне тоқталып өтсеңіз?

- Қазіргі таңда ауданымызда спорт саласы өте жоғары деңгейде. Спорт саласының бұрынғы кезі мен қазіргі уақытын салыстыратын болсам, бұрын спорт кешендері, спорт залдары болған жоқ. Жаттығатын, ойнайтын залдардың болмауы себебінен аудан тұрғындарына қолайсыз болды. Ал қазіргі таңда өздеріңіз білетін 160 орындық спорт кешені ашылды. Бұл кешен спортты дамытуға  үлкен үлес қосып, ауданымыздың жастары мен спортшыларына едәуір жағдай жасап жатыр. Алдағы уақытта да ауданымыз әрі қарай да дамып, көптеген қажетті спорттық залдар ашылып, бұдан да жақсы жетістіктерге жетеміз деген ойдамын.

- Дамыған елдерде спортқа ерекше мән беріледі. Қоғамда салауатты өмір салты кеңінен насихатталып, әр адамның спортпен шұғылдануына барынша жағдай жасалынады. Ал ауданымызда бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

- Қазіргі таңда бұқаралық спортты дамыту мақсатында үлкен-үлкен шаралар ұйымдастырылып келеді. Волейболдан аудандық лига да өтіп жүр. Мұнда 120-ға жуық адам қамтылды. Сондай-ақ футболдан да ауданымызда лига өтті. Одан қазіргі таңда 14 команда, соның ішінде әр командадан 15 ойыншы, екі жүздің үстінде спротшылар бақтарын сынаған болатын.

- Ауданымызда спорттың қай түрлері қарқынды дамып келеді?

- Қазір волейбол, футбол сынды ойындар жақсы дамып келеді. Лига өтіп, осы спорттардың дамуына көп көмегін тигізуде.

- Ал қай спорттың түрлері дамымай отыр және оған не кедергі?

- Қолымыздан келетін спорт түрлерінің барлығы даму үстінде. Алайда ауданымызда қысқы спорт түрлері дамымай отыр деп айта аламын. Себебі қыстың дұрыс болмауынан деп есептеймін. Сонымен қатар оқушылар арасында ұйымдастырылатын бокс үйірмесі жоқ. Бұндай үйірмелер ауданымызда дамыса, аудан абыройын асқақтататын спортшылар шығар еді. Алдағы уақытта үстел теннисін қолға алып, жобасын жасап, іске асырып, оны дамытамын деген ойым бар. Ауданымыздағы басқа да спорт түрлерін әлі де дамытып, бар үлесімізді қосып, көркейтеміз деп ойлаймын. Қазіргі таңда баскетбол ойыны да, бұқаралық спорт та ақсап тұр. Осыны алға бастырып, футбол, волейбол секілді спорт түрлерінің деңгейіне жеткізгіміз келеді. Бұқаралық спорттардан волейболдан 18 жастан жоғары ересектер арасында ауданнан, облыстан бірнеше мәрте жеңімпазы атандық. Дамымай отырған баскетбол ойынын да осы секілді деңгейге көтеріп, танытқымыз келеді.

C000DE12-D9EC-4FE7-9E9A-8418D4F4ADBD

- Аудан бойынша жергілікті халықтың қанша пайызы бұқаралық спортпен шұғылданады?

- Қазіргі таңда 2020 жылғы статистика саны бойынша 7995 адам бұқаралық спортпен айналысады. Ол 33 пайызды құрап тұр.

- Жыл басынан бері аудан абыройын асқақтатқан спортшылардың бір жыл көлеміндегі жетістіктеріне тоқталсаңыз?

- Биылғы жылы карантинге байланысты шаралар, облыстық чемпионаттар тоқтатылды. Алайда жаз мезгілінде ұйымдастырылған ашық алаңда өткен жарыста футболшыларымыз «Jastar» кубогын иеленген болатын. Одан бергі спорттық жарыстар карантинге байланысты тоқтап, тек аудандық шаралар өтуде.

- Мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен қамтылуы қандай деңгейде?

- Жоғары деңгейде деп айта аламын. Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында әртүрлі шаралар өтіп жатыр. Аудан орталығында күні кеше шахматтан, дойбыдан, теннистен жарыстар өткен болатын. Алдағы уақытта да жұмыстанатын жұмыстар көп.

- «Шәкіртсіз ұстаз тұл» дейді ата-бабамыз. Білгеніңізді үйреткен шәкірттеріңіз бар ма? Шәкірт тәрбиелеуде нені ескеру керек?

- Қазіргі таңда шәкірттерім жоқ емес бар, шүкір. Бірақ жаттықтырушы қызметінде көп жыл жұмыс жасаған жоқпын. Қазір балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде волейболдың жаттықтырушысы болып қызмет атқаратын Хамза Мырзабек деген шәкіртім бар. Қалған шәкірттерім де өз салалары бойынша қызмет атқарып жүр. Жалпы, осы аудан спортын қорғауға, дамытуға үлестерін қосып жүр деп айта аламын.  

Шәкірт тәрбиелеуде басты міндет – шәкірттермен жұмыс жасай білу керек деп есептеймін. Шәкірттердің айналысып жатқан спорт түріне қызығушылығын одан әрі дамытуға ықпал ету керек.

- Спорттың дамуы үшін ең бастысы жағдай жасалу керек. Іші кең, барлық талапқа сай ғимаратта жұмыс жасайсыздар. Бапкерлер құрамы толық па?

- Қазіргі жағдайда спорт кешеніміз соңғы үлгідегі заманауи кешен болып есептеледі. Спортшылардың атынан да, спорт саласындағы маман ретінде де қуанышты екенімізді айта кетейін. Өйткені ауданымыздағы осындай кешеннің арқасында аудан жастарына, оқушыларына қолжетімді етіп, бұқаралық спортты дамытуға, жастар мен жасөспірімдер арасында спорттың одан әрі жоғары деңгейде дамуына  үлес қосып жатыр. Ал бапкерлерге келетін болсам, жұмысқа алынып жатыр. Күндіз жаттығатын балалар кешкі алтыға дейін келетін болса, кешкі алтыдан онға дейін бұқаралық спорт жалғасады. Оған енді жаттықтырушыларымыз жетерлік. Бұрын шара, жарыс, бұқаралық спорт өтетін болса, ауырлық ауданымыздағы үш мектепке түсіп, оқушыларға қиындық туатын еді. Қазіргі таңда спорт кешені тұрғызылып, өз алдымызға әртүрлі спорт түрлерін ұйымдастырудамыз.

- Кезінде сіздің түйе палуан атанғаныңыздан хабардармыз. Соңғы кезде «Қазақстан барысы» жарысында облыста жоғары жетістікке жете алмай жүрміз. Себебі неде? Біздің ауданнан облыстың барысы қашан шығады деп ойлайсыз?

- Иә, кезінде «Қазақстан барысына» барып, ауданның намысын қорғап жүрдік. Алайда қазір бұндай жетістікке жете алмауымыздың себебі – уақ бітімімізден деп ойлаймын. «Қазақстан барысына» тең болатын барыстай алып жігіттердің спорттың айналасына, яғни күрес жағынан табылмай жатқандығы – себеп. Алдағы уақытта облыс барысын ұтатындай, Қазақстан барысына шығатындай палуандарды тәрбиелеуге жұмыстанамыз. Негізінде осындай жарыстарға қатысуға дене бітімін қалыптастыру үшін бала кезден жаттығу қажет. Қазір де артымыздан еріп, үлгі алып келе жатқан жас палуандарымыз бар. Үш-төрт жыл шамасында ауданымыздың жеңімпаздары атанатынына сенемін. Солардың бірі де бірегейі Жайсан Есекеновтің баласы Ерасылдың дене бітімі барысқа қатысуға келеді. Алайда салмағы жетіңкіремейді. Бірақ Ерасыл ініміз өзін-өзі шыңдап, бас бәйгені алатынына сенімдімін.

- Спортты әлі де болса дамыту үшін алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар?

- Дамытуға арналған жоспарлар көп. Спорты дамыту үшін, ең бірінші жүйемен, жоспармен жұмыс жасау керек. Спорт мектебімізден бөлек, мектептегі дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері де үлесін қосып, әр оқушының іргетасын дұрыс қаласа, спорт саласын жан-жақты дамытамыз деп есептеймін.

- Шынайы әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан Жаннұр Берікқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале