8.09.2024, 12:30
Оқылды: 130

Жәнібек ауданы: «Шәрімбет саздары» жинағының тұсауы кесілді

Кеше Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетіндегі оқушылар сарайында мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, КСРО Журналистер одағының мүшесі Рахметолла Егізбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Шәрімбет саздары» атты кітабының тұсаукесері мен әдеби-сазды кеші өтті.

image-07-09-24-05-42

Кештің модераторы жазушы-журналист, Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР «Ақпарат саласының үздігі», ҚР құрылтай мүшесі Бауыржан Ғұбайдуллин ашып, жүргізіп отырды.

image-07-09-24-05-42-3

- Қай заманда болмасын елдің ісін ер атқарары хақ. Қылышынан қан тамған, темірдей қатты шеңгелді тәртіп орнату арқылы ұлтжандылықты табанға салып жаншып отырған кешегі КСРО заманында да қазақ елінің ертеңіне алаңдап, «игілігіне жарасам» деп арман еткен ұлтымыздың перзенттері аз емес-ті. Тек соны межеге жеткізген, өмір шындығына айналдырған, тарыдай баладан, таудай тұлғаға айналғандар көп болмады. Бойына асыл арманын арқалап, өзін еліміздің игі істеріне арнаған табанды баладан тарлан басшыға дейін, сезімтал жеткіншектен жампоз ақын биігіне жеткендердің бірегейі Рахметолла Сүйіндікұлы Егізбаев болатын.

Биыл мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, КСРО Журналистер одағының мүшесі Рахметолла Сүйіндікұлының туғанына 100 жыл толып отыр. Кештің мақсаты – бар болмысы мен бітімін ел ісіне арнаған, адал еңбекті ту еткен, қоғамдық іс пен шығармашылығын қатар алып жүре білген қайраткер жан Р.Егізбаевтың тұлғасында бүгінгі жастарға, орта буын азаматтарға көркемдік және сазды туындылар негізінде сергітер сезім ұялату, әсерлі ой туғызу. Өскелең ұрпақты шынайы патриотизмге, мемлекетшілдікке, адал еңбекке өңірімізде ел басқару ісінде үздіктердің бірі болған, шығармашылығы мен қызметін елдің игілігіне ғана арнаған нар тұлға азамат, адуын ақын Рахметолла Сүйіндікұлының образымен тәрбелеу, - деп кешті ашқан ол сөзді аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдоловқа берді. Ол өз кезегінде Р.Егізбаевтың өмір жолына тоқталып, жиналғандарды мерейлі датаға орай 27-28 қыркүйек күндері Жәнібек ауданында өтетін мәдени-көпшілік шаралардың қонағы болуға шақырды.

Сол сияқты кеңестік және қазақ жазушысы, өлкетанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Жайсаң Ақбай Рахметолла Егізбаев туралы бір үзік ойымен бөліссе, еңбек ардагері, Орал қаласының құрметті азаматы, КСРО кезінде түрлі лауазымды қызметтер атқарған әріптес-замандасы Роза Көжекова мен БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің мүшесі, КСРО кезіндегі лауазымды қызметтер атқарған, ақынның көзін көрген әріптесі Сәния Хамзина Р.Сүйіндікұлы туралы естеліктерін айтты. Қоғам қайраткері, Сыр елінің тумасы Қуаныш Төлебаев та екі ауыз сөз айтып, ұйымдастырушылар мен атсалысқан жандарға зерделі алғысхатын табыстады.

image-07-09-24-05-42-17

Шара әрмен қарай тұсау кесу рәсіміне ұласты. Жәнібек ауданы әкімдігінің тапсырысымен, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің атсалысуымен жарық көрген жинақты филология ғылымдарының кандидаты Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің қауымдастырылған профессоры Алтынбек Әбділманов әр жылдарда жарық көрген «Шешуші күш» очеркін (1970 ж.), «Қараша қаздар қайтқанда» (1975 ж.). «Дала бұлбұлдары» (1980 ж.), «Іздедім сені» (1985 ж.) өлеңдері мен толғауларының жинақтарын құрастырып, баспаға дайындаған болатын. «Шәрімбет саздары» жинағы сөз қадірі мен жыр жақұтын танитын қалың көпшілікке сыршыл ақынның ХХ ғасырда шағын жинақ болып шыққан мұрасы, яки өлеңдері мен толғаулары, очеркі бір кітап болып топтастырылды. Сонымен коса жинаққа Рахметолла Сүйіндікұлы туралы түрлі басылымдарда жарияланған материалдар мен арнау өлеңдер еніп отыр.

Республикамызға танымал ғалым, тарих ғылымдарының докторы, академик Тұяқбай Рысбеков пен Жақсылық Кәримоллаұлы кітаптың лентаны қиды.

image-07-09-24-05-42-11

Кеш барысында «Ғасыр жастары» жастар театрының әртістері Асланбек Жұлқашев, Құралбек Қатшаев, Ақжол Ихсан, Ринат Сабырғалиев, Рамазан Қамешов, Сабыржан Рысқалиев, Қамбар Талапов, Аманжол Сатқанбаев ақын өлеңдерін оқыды. Сонымен қатар жыр сүйген ағаларының соңынан келе жатқан жас өрен көсемсөз оқушылар, Р.Егізбаевтың туған жері Тегішілдің түлегі Дәурен Сәдиев пен Санжар Мұхамбетқалиев, тасқалалық Арнұр Жұмабай мен Орал қаласы М.Б.Ықсанов атындағы №36 мектептің оқушылары Диляра Сүлейменова және Айкүн Серікқали ақын өлеңдерін мәнерлер оқып берді. Дәстүрлі әнші, термеші, Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті Сағадат Рахметжанов кештің сәнін, әнін асырды. Сол сияқты республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты Асылан Боранбаев Рахметолла Егізбаевтің сөзіне, М.Өтемісұлы атындағы БҚУ доценті Қуаныш Қисметовтің әніне жазылған «Шәрімбетім» әнін нақышына келтіріп шырқады. Одан бөлек жинаққа енген арнаулар да оқылып, кештің шырайын келтірді.

Шараның басы-қасында жүріп, ұйымдастырған «М.Б.Ықсанов атындағы қоғамдық қордың» төрағасы Асқар Атаев пен филология ғылымдарының кандидаты, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Алтынбек Әбділманов кешті қорытындылап, шараның өтуіне атсалысқан, белсене қатысқан көркем өнерпаздар мен жекелеген азаматтарды марапаттады.

Гүлзара Мәди, 

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале