19.08.2021, 11:59
Оқылды: 117

Жәнібекте ұлттық спорт қанат жайып келеді

Әр халықтың ертеден айналысқан шаруашылығына қарай салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ұлттық  киімдері, тағамдары, тіпті ұлттық спорт түрлері де сол шаруашылыққа байланысты болып келеді. Қазақ халқы байырғы заманнан мал шаруашылығымен шұғылданғандықтан өмір сүру дағдысы да осы төрт түлікке тікелей қатысты. Ұлттық тағамдары, киімдері, көпшілігі мал өнімдерінен дайындалады. Сондай-ақ ұлттық ойындарымыз да, спорт түрлері де төрт түліктің қатысуымен жүзеге асады. Мысалы, қыз қуу, көкпар, бәйге, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, асық секілді тағы да басқа ойындар бар.

к - копия

Жәнібек ауданында ұлттық ойындарды дамыту мақсатында көптеген шаралар қамтылуда. Соның ішінде ат спорты жақсы дамып, айтулы жетістіктерге жетіп, аудан атын шығаруда. Тарихы терең, дәстүрі бай қазақ халқының ұлттық ойындары, әсіресе осы ат спортының біздің төл мәдениетімізді дамытуға, дәріптеуге қосатын үлесі зор.

- Жалпы, ауданымызда ат спорты бөлімінің  негізі 2015 жылы қаланды. Алғашында қолымыздан не келетінін, болашағы бар спорт екенін дәлелдеу мақсатында ауданда ат спортынан шағын жарыстар ұйымдастырып, жігіттер шақыртып, өнер көрсетіп, көкпар, аударыспақ секілді спорт түрлерінен жетістіктерге жетіп жүрдік. Атап өтер болсақ, 2012 жылы ауданның 90 жылдығы, М.Ықсановтың 85 жылдығы секілді атаулы күндерге арнап бәйге, көкпар, аударыспақ сынды ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткіздік. Облыстық «Ақ бидай» ойындарында жақсы нәтиже көрсеткеніміз де бар. Сөйтіп аудан әкімдігінің қолдауымен арнайы ат қора және бес бас жылқы сатып алынды. Осылайша ауданымызда ұлттық спорт түрінің негізі қаланып,  өз жұмысын бастады, - дейді аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Орынбасар Ғилымов.

ат

Ат спорты аз уақыт ішінде толағай табыстарға жетті. 2017 жылы көкпардан облыстық «Ақ бидай» ойындарынан жүлделі І орын алды. Сонымен қатар «ЭКСПО»-дан Батыс Қазақстан күндері аясында ұйымдастырылған көкпардан жүлделі І орынға ие болып, ауданымыздың абыройын асқақтатты. 2018 жылы аудандағы ат спорты кешенінің жаттықтырушысы Бейбіт Аронов Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстан чемпионатынан ересектер арасында аударыспақ бойынша ІІ орынды иеленіп, спорт шебері атағын алды. Биыл сәуір айында Тараз қаласында ұйымдастырылған Қазақстан чемпионатында да аталған спорт түрінен жүлделі ІІ орынға ие болып, екі дүркін финалист атанды. Сонымен қатар ол Қазақстан құрама командасының қатарына енді. Жасөспірімдер арасында Мирас Берікбаев 2019 жылы Алматы қаласында өз салмағы бойынша Қазақстан чемпионы болды. Сондай-ақ Бекзат Сәлімов, Асыланбек Төлегенов, Ерболсын Мақашев, Нұрберген Аманғалиұлы, Әлижан Мамаев сынды басқа да білекті жастар теңге ілу, көкпар, аударыспақ ойындарынан облыстың негізгі құрамасының қатарында өнер көрсетіп, республика көлемінде жүлдегерлердің қатарынан көрініп жүр.

- 2019 жылы ұлттық спорт түрлерінен облыстық фестивальде 3-орынға ие болдық. Құрылғанымызға санаулы жылдар болса да ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктеріміз, облыс, республика бойынша ойып алар өз орнымыз бар. Жалпы, ат спорты мектебінің мақсаты ұлттық спортты дамыту ғана емес, оны дәріптеу және осы ат спорты арқылы басқа да салалардың дамуына өз үлесімізді қосу. Атап өтер болсақ, мектебіміз ашылған уақыттан бастап екі-үш жылдай мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған иппотерапия жұмысын тұрақты атқарған болатын. Бастамада аудандық ауруханадан дәрігерлер келіп арнайы дәрістер берді, бақылауда ұстады. Бірақ арнайы маманы табылмады. Қазіргі таңда бұл үрдісіміз белгілі себептерге байланысты тоқтап тұр. Алдағы уақытта өзіміз бастамашы болып, арнайы мамандар оқытып, жұмысымызды жалғастыруға тырысамыз, - дейді спорт мектебінің директоры.

Сонымен қатар 2016 жылы барша ауданымыздың атбегі азаматтарының бастамасымен атбегілер федерациясы құрылды. Ауданымыздың атқа мінер азаматтары Арсен Кенжалиевті федерация президенті, ал Нұрболат Шагировті вице-президент етіп сайлады. Осындай атбегі азаматтарымыздың арқасында аудан көлемінде бәйгелер ұйымдастырылып, түскен жарнадан жиналған қаражатқа қайырымдылық шаралары жүргізіліп тұрды. Мысалы, Ақоба, Тау ауылдарындағы мешіт  құрылысына көмек көрсетілді. Жыл сайын ат спортының ашылу, жабылу салтанатына бәйге ұйымдастырылатын. Биыл карантинге байланысты көптеген бәйге, көкпар ойындары кейінге қалдырылды. Дегенмен жуырда ауданымыздың ат спорты бөлімі VІІ облыстық «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарын ұйымдастырды.

- Жәнібек ауданы шекараға жақын орналасқан аймақ. Сол себепті көршілес Ресей мемлекетіне де, ондағы қандас бауырларымызға да ұлттық спортты дәріптеу мақсатында 5 жыл қатарынан тұрақты түрде Волжск қаласында «Волжск қаласының қазақтары» атты бірлестіктің ұйымдастыруымен осы ұлттық спорт түрін  дәріптеп, басқа ұлт өкілдеріне қазақ халқын танытуға тырысып жүр. Қандастарымыз ұлттық құндылықтарымызды таныстыруды дәстүрге айналдырған. Волгоград қаласына да барып, шеберлік шыңдау мақсатында «Саадак» садақшылар клубымен тәжірбие алмасып тұрамыз.  Осы тұста бізді ұлттық спорт арқылы өзге елдер, қазақтың қандай батыр, ержүрек халық екенін түсінсе екен дейміз. Осындай жетістіктердің арқасында Алматы қаласында Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың қолынан Қазақстан бойынша үздік  аудандық  федерация атағын да алдық. Осының барлығы да осы ат спортының ашылуының, аудан әкімдігінің қолдауының арқасы. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсам, ат спорты бөлімінің өз алдына қойған мақсаты – ат ойындарын кеңінен дамытып, Алаш ұлының ат үстіндегі сайыста жұмыр жердегі жан баласын шақ келтірмейтінін әйгілеу, - дейді ат спортының жанашыры Орынбасар Ғилымов.

2020 жыл ат спорты бөлімі үшін жемісті жыл болды. Серік Дәулетовтың бастамасымен Тайыр Жароков атындағы орта мектепті 1980 жылы бітірген түлектердің атынан «Жайлау» ат спорттық кешені салынды. Қазіргі таңда «Жайлау» спорт кешенінде 9 ат бапталып жатыр. Бүгінде негізгі мәселенің бірі аттарды жарыстарға тасымалдау болып тұр. Себебі кешеннің аттарға арналған арнайы тасымалдаушы көлігі жоқ. Осы уақытқа дейін көптеген жарыстарға аттарды алып баруға аудан әкімдігі мен ат спорты жанашырлары қолұшын созып келеді.

Аударыспақтан спорт шебері Бейбіт Аронов:

- 2016 жылдың қыркүйек айынан бастап ат спорттық кешенінде жаттықтырушы болып қызмет атқарамын. Ат баптап, жастарға осы ат спортының қыр-сырын үйретуге тырысып жүрмін. Жалпы, ат баптау, ат үстінде сайысқа түсу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Мен де ұзақ жылдар осы салада жүріп, алдыңғы аға буыннан үлгі алдым, қазір де осы ат спортын дамытуға өз үлесімді қосып жүрмін. Қазақта «Тай кезінде таптап мін, құнан кезінде баптап мін»- демекші, ат баптаудың да өз қыр-сыры бар. Жалпы атты 3 жасынан бастап көкпарға, аударыспаққа салған дұрыс. Себебі тай кезінде белі қатпаған әлсіз болады. Бір атты әбден машықтандыруға бір-екі жыл уақыт, тұрақты жаттығу керек. Жалпы, көкпар аты мен аударыспақтың аттары бөлек дайындалады. Әрқайсысын баптауда өзіне тән ерекшеліктер бар. Мысалы, қысқы шілде, жазғы шілде, дейтін шақтар болады. Ол уақытта аттарды 40 күндей жемдеп, семіртуге тырысамыз. Себебі жілігіне май жинауы керек. Әйтпесе аттар әлсіз, тез арығыш болады.   Әрдайым көңіл бөліп, қора-жайының тазалығын да тұрақты бақылап отырған жөн. Сонда ғана аттың бабы келіп, үстіне мінген шабандоздың ырқына көніп, көкпарда болсын, аударыспақта болсын иесін жолда қалдырмасы сөзсіз. Сонымен қатар тек ат қана емес шабандоздың да дайындығы өте маңызды. Сол себепті біз де балаларды 8-9 жасынан бастап үйірмеге қабылдап, жаттықтыра береміз. Алғашында бәйгеге, аударыспаққа қатыстырып, әбден шыныққасын көкпар алаңына шығарамыз. Бүгінде қырыққа жуық шабандоз дайындық үстінде. Атқа міну – салауатты өмір салтының бірден-бір кепілі. Атқа мінген адамның бел омыртқасы, жалпы буындары ауырмайды, жүрек жұмысы жақсарады. Денсаулыққа пайдасы зор. Сондықтан жастарымызды ат спортымен айналысуға, атқа мініп үйренуге, ұлттық спортты дамытуға шақырамын, - дейді.

Ұлттық спортты дамытып, толағай табысқа жетіп жүрген жүректі де, білекті батырларымыздың қатары арта берсін. Тұлпарларыңыз жүйрік, тақымдарыңыз берік, салымдарыңыз көп болсын!

 

Бақытжан Маратұлы,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале