8.12.2021, 15:40
Оқылды: 69

Жас футболшылар жарысы

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Бәйтерек ауданы орталығындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде оқушылар арасында футболдан аудандық турнир ұйымдастырылды.

26

Бұқаралық спортты дамыту, жастарды  шыңдау, салауатты өмір салтын ұстауға баулу, футбол ойынына деген қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған турнирге 2008-2009 жылғы оқушылар қатысып, тартысты ойын көрсетті.

Спорттық бәсекеге  аудан мектептерінің командалары қатысты. Жарыс барысында мектеп оқушылары арасынан шыққан шебер ойыншылар үздік өнерін көрсетіп, жеңіске деген жігерлік танытты.

«Спорт – жастарды біріктіруші күш. Салауатты өмір салтын ұстанған жастар жаман жолға қадам баспайды. Олар уақыттарын тиімді де пайдалы өткізеді әрі өмірде жетістікке жету жолында аянбай тер төгеді. Дәл осындай жарыстардың жиі ұйымдастырылуы жастарды биіктерге жігерлендіре түседі,-дейді Бәйтерек аудандық балалар мен жасөспірмдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Ақылбек Ақылсайынұлы.

27

Тартысты өткен турнир барысында командалар қызу ойын өрнегін көрсетті. Қатысушы командалар намысты қолдан бермеуге тырысып бақты. Жарыс қорытындысы бойынша Камен мектебі бірінші, Белес мектебі екінші, Қасым Аманжолов мектебінің оқушылары үшінші орынды қанжығаларына байлады.

Жекелеген футболшылар арасында жүзден жүйрік шыққан А.Маюков «Үздік қақпашы», Д.Джуманьязов «Үздік қорғаушы», А.Мади «Үздік шабуылшы», С.Бермагамбетов «Үздік ойыншы» аталымдарына ие болды.

Шара соңында қатысушы командалар мен белсенді ойыншылар диплом және медальдармен марапатталды.

Альбина Бәтенова,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале