19.05.2021, 11:43
Оқылды: 64

Жауынгер туралы сыр

- Әрбір сөз, әрбір естелікті ол әлі күнге дейін жарасы жазылмаған жүрекпен күбірлейтін... Біраз уақыт өтті, бірақ отты жылдардың куәгері болған әкеміздің әр естелігі естен кетпейді, санамызда күні бүгінгідей жаңғырып тұр,- деп бастады әңгімесін соғыс ардагерінің тұяғы – Бекболат Жианшаұлы.

A50E0A49-8398-4D83-8C7E-ED9F949E37BC

– Әкемнің әңгімесін тыңдап отырып, соғысқа дейін, Ұлы Отан соғысы кезінде және одан кейін де қиындыққа тап болған елдің жан мұңын сезуге болатын. Бұл адамдар құдды болаттан жасалған сияқты... Бәрін де өткерді, бәрінен де аман қалды.

Жианша – Сейітқалиевтер отбасындағы кенже бала еді. 1921 жылы қазіргі Теректі ауданы, Калинин ауылында дүниеге келген. Ата-анасы шаруа қожалығында жұмыс істеді. Балалары барлық үй шаруасын жасап, малға қарасты. Әкесі кіші ұлын «кішкентай батыр» деп еркелететін. Күндіз-түні жұмыстан қолы босамайтын ол баласына тек түнде ғана еміреніп, құшырлана иіскеуге шамасы келетін.

5A379682-31D4-461F-B15E-DAE9BE523755

Жианша 5 жасқа толғаннан кейін әкесі аяқ астынан ауырып, 40 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Әке өмірден өткен соң Сейітқалиевтер отбасында қиындықтар басталды. Бірақ анасы балаларын жетілдіріп қана қоймай, олардың білім алуына да ықпал етті. Жианша бұл кезде жеті шақырым жердегі Жасталап ауылына барып-келіп оқитын. Күн сайын 14 шақырым жолды жүріп өтіп, жетіжылдық мектепті ойдағыдай тәмамдады. Аттестатын алып, еңбек жолын әкесі жұмыс істейтін бригададан бастады. Ынта-жігері мен сауатын байқаған колхоз басшылары оны бірден есепші қылып тағайындайды.

9267FCB4-BB75-4216-B750-775B833DCFFF

22 маусым 1941 жыл, жексенбі. Сол күн мәңгі есте қалды. Таңертең ол көл жағасына бет алған топпен бірге кеткен. Алаңсыз демалып, ауылға жақындағанда көшеде жиналып қалған адамдарды байқады. Тұс-тұстан «Не болды? Біреуді өлтіріп кетті ме?» деген сауалдар жауды. Кенеттен бір әйел: «Не деп тұрсыз? Білмейсіз бе? Соғыс басталды...».

Орталық көшедегі баған басына орнатылған радиодан кенет Левитанның дауысы саңқ етті: «Германия агрессияға қарсы пактіні опасыздықпен бұзды... Соғыс басталғанын жарияламай тұрып, Кеңес қалаларын бомбалады... Халық Комиссарлар кеңесінің Қаулысы... Отыз бес әскери округте сарбаздарды жинап жатыр...».

Осылайша үлкен қанды майдан басталды. Елден тыныштық кетті. «Бәрі де майдан үшін» деген ұранмен қым-қуыт тірлік басталды.

Жианшаның үлкен ағасы Ғайса келесі күні-ақ майданға шақырылды. Анасы мен әпкелерін қамқорлауды ол інісіне тапсырды. 1942 жылдың 6 қаңтарында Жианшаның өзіне де майданға аттанар кезек келді.

Қазақстаннан шыққан жауынгер Польшаға дейін ұзақ майдан жолын жүріп өтті. Бұл жол – жай ғана жол емес. Әр күнің ғұмырыңның соңғы сәті секілді көрінетін, әрбір күнің жекпе-жекпен өтетін, туыстардан келген әр хатты көктен түскен аяндай көретін жол еді... Тіпті, солдаттың темекісі мен жүз грамм алкоголі өлім топырағындағы соңғы қуанышы болуы мүмкін. Бұл жолда сарбазға қандай күш дем береді? Әрине, сенім...

Сенім дегенде... Жианша әскерге шақырылғанда анасы мал сойып, дайындаған қазының бір бөлігін ұнға тығып қойыпты. «Ұлымның аман-есен келеріне шүбәм жоқ. Егер ет бұзылмаса, балама ештеңе болмайды деп білемін» дейді. Бұл – ананың сенімі. Ұлының күш-жігеріне деген сенім.

Жианша Сейітқалиев Камышинде жас жауынгердің алты айлық курсынан өтіп, Сталинград түбіндегі майданға түсті. Осы жерде кеңес әскері ентелеп кірген фашистердің бетін қайтарды. Тарихта  «Сталинград қазаны» аталған шайқастың қандай қорқынышты болғаны баршаға аян. Бұл қала үшін күрестегі жеңіс Ұлы Отан соғысындағы алғашқы бетбұрыс болды. Бірақ сол жерде қаншама даңқты ерлер жерленді!

Қатардағы жауынгер Жианша Сейітқалиев майдан даласында Алланың құдіретімен таңғажайып жағдайда аман қалды. Сталинград үшін соңғы шайқастарда ол жамбас буынынан ауыр жарақат алып, оқ жарқыншақтары сүйекке 10 сантиметрге дейін дендеп кірді. Оны Ульяновскідегі далалық ауруханаға жіберді. Кейін Самарқандта емделуге тура келді. Госпиталь төсегінде жатқан жауынгерге «Қызыл Жұлдыз» ордені мен «Ерлігі үшін» медалі табыс етілді. Тіпті, жауынгер Сейітқалиевке мүгедектік тағайындалып, үйіне жібергісі келеді. Жалғыз ағасы Ғайсаның «қаралы қағазды» хабарын естіген ол әскери-медициналық комиссиядан қайтадан қатарға тұруға мүмкіндік беруін сұрады...

Бауыры мен қанды көйлек жолдастары үшін кек алуға белін байлаған пулеметші Сейітқалиев соғыс даласына оралды.

Польшадағы Вистуланы алу кезінде тағы да жарақат алып, бас сүйегі зақымданады. Тағы да ауруханаға жатып, емделеді. Оның айтуынша, жауды тықсырып, жеңіс лебі сезілген кезде өмірге деген құлшынысы артып, өлгісі келмеген. Варшаваны алғаны үшін ол ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталды.

Емделіп шыққан сержант Сейітқалиев Стерлитамак қаласына жолданды. Жеңіс туы желбіреген 1945 жылдың мамырын сол жерде қарсы алды.

Жианша үйіне оралалғанда анасының қуанышында шек болмады! Оның ең кіші ұлы – қаһарман, нағыз батыр! Сары майдай сақтаған қазысы есіне түсті. Еш бұзылмаған екен. Көрген жұрттың барлығы қазының еш бұзылмағанына сенер-сенбесін білмей, таңғалып жатты. Сонда ана сенімі жаудың оғынан да мықты болып тұрғаны ғой?!

Бейбіт күнде Жианша Сейтқалиев бұрынғы ісіне оралып, колхозда есепші болып жұмыс істей бастады. Ауылдағы қыздар батыл да ержүрек жас майдангерге қызыға қарайтын. Ал, ол болса, өмірлік жар болуға өңірге танымал, атақты әйелдер трактор бригадасының жетекшісі Мүбинаны таңдады. Жаны нәзік қыз болса да, Мүбина еңбекке нар болатын. Мәскеуде Калининнің қолынан хатпен марапатталған. Аудандық кеңестің депутаты болып та сайланған.

Жастар бас қосып, отау құрды. Бір әттеген-айы біраз жыл сәбилері тұрмай, дүниеге келген соң шетіней берді. Шамасы сол жылдардағы аштық, ызғар мен ауыр жұмыс әсер еткен секілді. Содан, 1956 жылы ұлы Бекболат дүниеге келіп, шынайы бақыт құшағына оранды. Артынан тағы екі ұл мен бір қыз ілесті.

1958 жылы Жианша бас есепші болып тағайындалып, Сейітқалиевтер отбасы Рыбцехке көшті. Сол шаруашылықтан зейнетке шықты. Қызметін жетік меңгерген маман зейнетке шыққан соң да шаруашылық басшылығы ұсынысымен жұмысын жалғастырды.  Бертін келе, қайта құру тұсында балықшылар кенті ыдырап кеткен соң Сейітқалиевтер Орал қаласына көшіп кетеді.

«Біздің жеңіске жетуімізге не  көмектесті? Ол – Отанға деген сүйіспеншілік, әскери парыз, патриотизм мен ортақ идея, сенім еді. Бүгінгі ұрпаққа сол нәрселер жетіспей жатады. Мен қазір жастар жаман деп айтпаймын, бірақ олар басқаша өсіп келеді. Тамағы тоқ, көйлегі көк. Және бізге қарағанда әлдеқайда бақуатты, бай. Шүкір, менің өмір жолымда көптеген рухы мықты, жаны жайсаң адамдар кездесті. Мен шынымен де бақытты адаммын. Өйткені дер шағында дүниеге келгенмін. Өз бала-шағаммен, немере-жиендеріммен, жарым Мүбинамен мақтанамын!», - дейді екен Жианша ақсақал әңгіме-дүкен құрған шақтарда.

Жианша Сейітқалиев тоқсан жасқа қараған шағында, 2010 жылы дүниеден көшті.

Біз сұм соғыста осындай рухы асқақ, құрыштай шыныққан майдангерлердің арқасында жеңгенімізді әке туралы сағына сыр шерткен батыр Жианшаның ұлымен сұхбаттасып отырып, жан-тәніммен сезіне түстім.

 Ғазиза Рахметқызы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале