14.09.2022, 18:10
Оқылды: 136

Жолдау жүктеген міндеттер түсіндірілді

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында әлеуметтік мәсе­ле­лерге басымдық бергені белгілі. Олардың ішінде әйелдердің 61 жастан зейнетке шығуы, бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімін бір жарым жасқа дейін көтеру, жұмысынан айырылғандарға берілетін төлем мөлшері ұлғаюы, отбасылық цифрлық картаның дайындалуы бар. Бәйтерек ауданына келіп, жұртышылық өкілдерімен кездескен ҚР ЕӘҚМ Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті БҚО бойынша департаментінің басшысы Сатқан Төлегенов пен «Мемлекеттік-әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ БҚО филиалының директоры Аман Елдесов осы жайттар турасында сөз қозғады. 

IMG-20220914-WA0084

Жиында ашқан «АМАNАТ» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Бибігүл Ахметжанова Жолдауының мән-маңызына қысқаша тоқталып өтіп, ондағы халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, тұрмыс деңгейін жақсартуға бағытталған тұстарын кеңірек таныстыру мақсатында облыстан сала мамандары арнайы келгенін айтты.

- Әйелдердің зейнет жасына байланысты мәселе біраздан бері көтеріліп келеді. Соған орай зерттеулер жүргізіліп, соның нәтижесінде 61 жастан зейнетке шығу турасында шешім қабылданып отыр. Бірақ бұл түбегейлі шешім емес, тағы да талдау жұмыстары жүргізіледі. Соған сәйкес тағы да төмендеуі мүмкін. Жалпы зейнет жасты белгілеу адамның өмір сүру ұзақтығымен байланысты. Пандемияға дейін елімізде адамның орташа өмір сүру ұзақтығы 73 жас болды. Қазір ол сәл төмендеп кетті. Адам көп өмір сүрсе, зейнеткерлік жас та жоғарылай түседі. Қазір Германия, Италия, Испания, Дания секілді дамыған елдерде зейнеткерлік жасты 74 жасқа дейін көтеру жоспарланып жатыр. Яғни ондағы тұрғындар ұзақ өмір сүретінін осыдан-ақ көруге болады. Қазақстандықтардың да ғұмыр жасы ұзақ болуы үшін мемлекет тарапынан тиісті іс-шаралар алынбақшы. Мұны Президентіміз кешегі Жолдауында баяндады. Нақтылап айтқанда, отандастырмыздың денсаулығын сақтау бағында тиісті жұмыстар жүргізіледі. Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, мұның бәрі 2028 жылға дейін атқырылуы керек. Егер бәрі ойлағандай жүзеге асса, халқымыздың денсаулығы мықты, ғұмыр жасы ұзақ, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсы болады,- деді Сатқан Досмұханбетұлы.

IMG-20220914-WA0083

Ал «Мемлекеттік-әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ БҚО филиалының басшысы бүгінгі таңда балалы отбасыларды қолдау мемлекеттік жәрдемақылар мен төлемдердің 6 түрі арқылы жүзеге асатын жеткізді. «Әлеуметтік кодекс жобасында осы әлеуметтік қолдау шараларының барлығы толық сақталған. Енді отбасының жекелеген санаттарын қолдау шараларын күшейтуге бағытталған бірқатар жаңалықтар енгізілуде,-деді Арман Тілепіұлы.-Олардың негізгілерінің бірі – бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімін бір жарым жасқа дейін ұлғайту. Осы ретте, аталған норма жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін ата-аналарға да қолданылады. Мұны жарты миллионға дейін ата-ана пайдаланады. Оған қоса, бала күтімі бойынша жәрдемақы алуға үміткер әрбір ата-ананың әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі неғұрлым көп болса, төлем мөлшері соғұрлым жоғары болады. Бұл төлем бүгінде МӘСҚ-ға аударымдар жүргізілген табыстың 40%-ын құрайды. Ал жұмыс істемейтін немесе бала туылғанға дейінгі соңғы екі жылда 6 айдан кем жұмыс өтілі бар ата-аналар тек бюджеттен берілетін жәрдемақы мен төлемдерге үміткер бола алады».

IMG-20220914-WA0082

Жиында Жолдауында айтылған тапсырманы орындау үшін 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмысынан айырылғандарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлем мөлшері орта есеппен 13%-ға ұлғайтылатыны да баяндалды. Сонымен қатар 1 қыркүйе­кте пилоттық режимде енгізілген Отбасының цифрлық карта жөнінде сөз болды. Бар­лық жеңілдік, жәр­де­мақы және басқа мемлекеттік әлеу­меттік кепілдіктер жинақталған ақпа­раттық жүйеде азаматтарға қатысты ақпараттар қордалана­ды. Яғни, әр қазақстандықтың әл-ауқаты көрсетілген мәліметтер базасы түзіледі. Оның артықшылығы сол, көмек алушыдан өтініштің түсуін күтпей-ақ автоматты тағайындалады. Мысалы, дүниеге сәби келгенде, бұрынғыдай түрлі мекемеге шапқылаудың қажеті жоқ. Аталмыш ақпа­раттық жүйеде өмірге келген баланың дерегі пайда болып, мемлекет оған жәрдемақы төлей бас­тайды.

Кездесу барысында әлеуметтік қорғау бағытында түрлі сұрақтар қойылып, оларға нақты жауаптар берілді.

Сәкен Мұратұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале