6.02.2020, 10:13
Оқылды: 127

«Жұмылып жасаған еңбек – ерлік»

Сырым ауданы әкімінің есеп беру жиынына облыс  әкімінің орынбасары Серік Егізбаев келді. Өңір басшысының орынбасары Қарасу мөлтекауданында салынып жатқан үш қабатты тұрғын үйдің құрылысымен танысты.

syrym ui (2)

Сырым ауданы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, 36 пәтердің 18-і көп балалы аналарға берілмек. Мұны көп балалы жанұяларды әлеуметтік қолдаудың аудандағы айқын көрінісі деуге болады.

syrym (8)

Нысандар мен көрмелерді аралап болғаннан кейін Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Серік Егізбаев ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Дәурен Байтөлешов, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Мәлік Құлшармен және аудан тұрғындарымен бірге Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевтың ел алдындағы есептік кездесуіне қатысты. Ауданның 2019 жылдағы әлеуметтік – экономикалық дамуы жайлы баяндамасы осыған дейін «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінде жарияланып, халықтың назар-талқысына ұсынылған еді. Төлеген Төреғалиев басылымдағы баяндамасын қайталамай, негізгі көрсеткіштерге ғана тоқталды. Қосымша ақпаратты халық экраннан көріп отырды.

syrym (6)

Әдетте, басшылардың есептік баяндамасының болмысы саяси, сарыны ресми болып жатады. Ал Төреғалиевтің баяндамасының соңында айтқан мына сөздері әкімдік емес, азаматтық жүрегінен шықты-ау деп ойладық.

-Сіздерге Сырым ауданының 2019 жылдағы әлеуметтік-экономикалық аяқ алысын баяндадым. Қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының «Мен істедім дегенше, ел істеді десейші» деген қанатты сөзі бар. Жамырап жасаған еңбек ермекке айналады. Жұмылып жасаған еңбек ерлікке айналады. Әрбір берекелі істің артында елдің бірлігі, әрбір табыстың артында халықтың маңдай тері бар.

Жетістік – қолымызда тұр, жасайтын жұмыс жолымызда тұр. Бақыттың биігіне, берекенің төріне тек татулықтың туымен бара аламыз. Сол туды құлатпайық! - деген оған жерлестері ризашылықпен қол соқты.

Осы жылғы есептік кездесуде тұрғындар аудан әкіміне де, облыс басшының орынбасарына да ешқандай сауал қойған жоқ. Халық жұрттың ортақ жиналысында басымыздың базынасын айтып тұрмаймыз, жеке мәселемізді жеке қабылдауда айтамыз деген шешімге тоқтапты.

Жиналысты Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Серік Егізбаев қорытындылады.

syrym (2)

-Бүгін елдің тұрғындарының, ауыл шаруашылық құрылымдарының жетекшілерінің, кәсіпкерлердің жұмыс нәтижелерінің оңды екенін көрдім. Жетістік те бар, мәселе де бар. Соған назар салғым келеді. 2019 жылғы Сырым ауданы бюджеті кірісінің көлемі 5 млрд. 695 млн. теңге болса, дәл сондай көлемдегі қаражат жобаларды қаржыландыру арқылы келіп отыр. Былай айтқанда, ауданда 10 млрд. теңгенің жұмысы жүруде. Шығынның көлемі жаңағыдай, ал салықтық түсім 480 млн. теңге. Бұл жалпы бюджеттің 8-9 пайызы ғана. Жаңа ауданның кәсіпкерлік жобаларымен таныстым. 90 пайызы – дүкен мен тойхана бизнесі екен. Тойханамен, дүкенмен экономиканы дамыта алмаймыз. Ауданға өндіріс керек. Шаруалары мемлекетке төлейтін салығының көлемі сол мемлекеттен алатын демеу қаржысының көлемінен өте төмен. 500-2000 ірі қара ұстап отырған қожалықтар бар, құжаттарына қарасақ 2-3 адам еңбек етеді. Бұл – салықтан қашудың амалы. Салық төленбеді деген сөз – жұмысшылардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемі, зейнетақы жарнасы аударылмайды деген сөз. Қожалық иелері өздерінің бүгінгі күнін емес, жұмысшыларының ертеңін ойлауы керек.

Жол көлік оқиғаларының жиілеуі де бізді алаңдатады. Батыс Қазақстан облысы бойынша, 2019 жылы 120 адам көлік апатынан қаза тапқан. Апаттардың тең жартысы түнгі уақытта малға соғылудың кесірінен болған. Малдың бағымсыз болуы мал ұрлығының да, адам өлімінің де себепкері болып отыр. Мал бағымын ұйымдастыру, малдың өнімін алу сияқты ауылдың жақсы тәсілдері жандануы керек, - деген облыс әкімінің орынбасары елге экономикалық даму, рухани көркею тілеп сөзін аяқтады.

Сырым ауданы әкімінің есептік жиналысында «Сырым елі» қоғамдық-саяси газеті Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасы арқылы тікелей эфир жүргізді. Эфирді күннің аяғына дейін 400-ге жуық желі қолданушысы қараған.

 

Бауыржан Ширмединұлы

cуреттерді түсірген: Рафхат Халелов

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале