2.10.2020, 11:56
Оқылды: 65

Жұмыс та онлайн, қылмыс та онлайн

Ақпарат заманында өмір сүріп жатырмыз. Интернет осы күні баршамыздың мүмкіндігімізді кеңейтті. Білім алсақ та, жол қарасақ та досымызбен хабарласқымыз келсе де интернетті пайдаланамыз. Бүгінгі күні оның күші мен мүмкіндігін шектеу болмай тұр. Бірақ мұндай мүмкіндік арам ойлы ұрылар мен алаяқтарға да "артықшылықтар" сыйлауда. Осы күні адамның сенгіштігі мен азды көп, жоқты бар етсем деген ойын пайдаланып, ақшасынан айырып жүрген интернет баукеспелерінің дәурені жүрді. Адамды алдап, ақша табудың сан түрлі тәсілін меңгерген Остап Бендердің өзін сан соқтыруға қауқарлы интернет ұрылары ауданымыздың біраз тұрғынының қалтасын қағыпты.

Onlain (1)

Полиция бөлімінің бастығы Сұлтан Шалдарбековтың сөзінше, жыл басынан бері аудан көлемінде 13 адам интернет алаяқтарының құрбаны болған.

– Интернет алаяқтығы қазіргі таңдағы басты мәселелердің біріне айналып отыр. Бұл статистиканың өршуіне азаматтардың жеке мәліметтеріне немқұрайлы қарауы мен сенгіштігі себеп. Түрлі платформалар мен сайттардан қажет тауарын арзан бағаға сатып алуға болатын жарнамаға алданған тұрғындар бейтаныс адамдардың есепшотына алдын ала төлем ретіндегі қаражаттары мен жеке басын куәландыратын құжаттардың суреттері мен банктік карточкаларының порольдерін беріп қойып жатады, – дейді С.Шалдарбеков.

Полицейлердің айтуынша, ғаламтор ұрылары көбіне «Инстаграм», «В контакте» әлеуметтік желілері, «Телеграм», «WhatsApp» сияқты мессенджерлер мен «ОLХ», «Крыша.kz», «Колеса.kz» сияқты жарнамалық сайттарды пайдаланады екен.

Интернет алаяқтары қалай жұмыс жасайды?

 Адамдардың сенгіштігін тамаша пайдалана алатын алаяқтар көбіне жоғарыда аталған әлеужелілер мен жарнама сайттарына бір нәрсені сату жайында ақпарат таратады. Көбіне жымысқы әрекетін іске асырғысы келгендердің ұсынған тауарларының құны нарықтағыдан арзан етіп көрсетіледі. Осындай жарнамаға іліккен жандар жарнамадағы телефонға хабарласып, бағасына келіседі. Содан кейін «сатушы» тауардың жарты сомасын алдын ала qiwi-әмиянға, түрлі банктердегі шоттарға аударуды талап етеді. Ақша түскеннен кейін тауар да сатушы да ізім-қайым болады. Ал телефон нөмірі мен банктағы есеп-шот көбіне үшінші адамдардың атына ашылған болып шығып жатады екен.

Бұдан бөлек, жатын орын, бірнеше мезгіл тамақтандыру және қомақты жалақы ұсынатын шетелде жұмыс бар екені жайындағы жарнамалар да тұнып тұр. Солардың біреуіне телефон шалып, жұмысқа қалайша орналасуға болатынын сұрап білдік. Хабарласқанымызда жұмыс ұсынушы компания өкілі алдымен қомақты соманы өздерінің есепшоттарына салуды сұрады. Айтуларынша, берген ақша паспорт жасауға және басқа да құжаттарды реттеу үшін қажет екен. Паспорт жасау құнынан сұраған ақша әлдеқайда көп екенін айтқанымызда, тез жасау үшін арнайы орган қызметкерлеріне де ауызбастырық беру керек, ақшаны жылдам аударған адамның шетелге жұмысқа орналасуға мүмкіндігі артатынын айтып, қызықтырумен болды. Сендіре сөйлеген адамның ұсынған жұмысына кетіп қалғың-ақ келеді екен. Бірақ екі қолға бір күрек табар мүмкіндік жоқ боған жағдайда ақшамызды қалайша қайтарып алуға болатынымызға әлгі адам жауап бере алмады. Тек бәлен жерде батпан бар деген әдемі сөзбен қызықтырды. Алдап кетпейсіз бе? дегенімізге агрессивті түрде аталған компанияның репутациясы мықты адам алдап көрмедік деген жауап алдық. Олай болса репутациясы мықты компания неліктен пара береді екен? деген сауал тағы да жауапсыз қалды. Кейін аталған ұйым қызметкері телефонымызға бірнеше мәрте хабарласып, жұмыс орны аз қалғандығын айтумен болды. Ақыр соңында жұмыс тауып алдым, – деп құтылдық.

Сондай-ақ баукеспелер жарнама сайттарына салынған сату туралы ақпараттарды да қадағалап отырады екен. Осындай алаяқтың құрбаны болған  жерлесіміз де өзінің қалай алданғаны жайында айтып берді.

– Осыдан бірнеше ай бұрын үйімдегі тұрмыстық техникамды жаңартып, ескілерін «ОLХ» жарнама сайтына сатуға қойған едім. Көп ұзамай белгісіз нөмірден бір ер адам хабарласып, менің техникамды сатып алғысы келетінін айтты. Тауарыңның өткені жақсы ғой. Қуана келістім. Тіпті алдын ала төлем жасауға да дайын екенін айтқанда телефонның арғы бетіндегі жігітке деген сенімім арта түсті. Бірнеше минуттан соң кері хабарласқан «сатып алушы» мен берген ақпарат бойынша операция орындау мүмкін емес екенін айтып,  картамның нөмірін және артқы жағын суретке түсіріп жіберуін өтінді. Үйімде шаң басқан техникамнан тез құтылсам деген оймен сұрағанын жіберген едім. Картамдағы қомақты сома жоғалып кетті. Ал жаңа ғана апалап, іш-бауырыма кірген адамның телефон нөмірі өшірілулі болып қалды, – дейді Роза. (жәбірленушінің аты өз өтініші бойынша өзгертілген.)

Роза өзінің ақшасынан айырылғаны жайында полицияға хабарласқан. Бірақ ішкі істер қызметкерлері оның қалтасын қаққан жанды әлі таппапты.

Onlain (2)

Сақтанудың жолы қандай?

Сақтанудың ең басты жолы – интернеттен тауар сатып алмау. Алсаңыз да тексерілген сайттардан рәсімдеңіз. Ал ғаламтордың қыр-сырын жаңа меңгеріп жүрген болсаңыз ондай сайттарға жоламаған абзал. Қаладағы базарлардың есігі сіз үшін әрдайым ашық.

Ішкі істер қызметерлері белгісіз жан банк қызметкері ретінде хабарласып, сіздің телефонға келген смс-кодты сұраса еш уақытта бермеуіңізді сұрайды. Сондай-ақ жоғарыда аты аталған Роза сияқты, банк карточкаңыздың артындағы СVС кодты ешкімге бермегеніңіз де, суретке де түсірмегеніңіз дұрыс.

– Қоңырау шалып, банк қызметкері ретінде өзін таныстырған жанның сөзі күмән тудырса, бірден 102 нөміріне хабарласыңыз. Сондай-ақ сізге қызмет көрсететін банке телефон соғып, мәселенің анық-қанығына көз жеткізіңіз, – дейді Сұлтан Шалдарбеков.

Неліктен бұл қылмысты ашу қиын?

Материалды дайындау барысында интернет баукеспесіне алданған жан тез арада полицияға хабарласқаныммен бірнеше ай бойы алаяқтан еш хабар жоғын айтты. Мұндай қылмысты ашу қиын екенін ішкі істер қызметкерлері де растайды.

– Алаяқтық бабымен тіркелген қылмыстың көбі осы интернет ұрыларына қатысты болып отыр. Олардың ізіне түсу жағы қиын екені рас. Өйткені еліміздегі әлеуметтік желілердің хостинг провайдерлері мен серверлері шетелде орналасқан. Сол себепті қылмыскерді ID,IP адрестері арқылы жедел анықтау қиынға соғады, – дейді полиция бөлімінің бастығы С.Шалдарбеков.

Сұлтан Зұлқарнайұлының сөзінше, адам алдауды кәсіби тұрғыда меңгерген кибералаяқтар көбіне бір реттік абоненттік нөмірлерді пайдаланады екен. Сондай-ақ ешқандай тіркеуде жоқ нөмірлер арқылы байланысатын көрінеді.

– Интернет қылмыскерлер жымысқы істерін қалайша іске асыруға болатынын толық меігеріп алған. Бірнеше тәсілдерін біледі. Сондай-ақ біздер заңды түрде оған іздеу салып, анықтағанша біраз уақыт өтетінін де біледі. Осы аралықта алаяқтар өздерінің мәліметтерін жойып үлгереді, – дейді С.Шалдарбеков.

Бүгінде БҚО полиция департаментінің, криминалды полиция басқармасын «К» аталатын кибер қылмысқа қарсы күрес тобы бар. Ол жердегі қызметкерлермен аудандық полиция бөлімі бірлесе жұмыс жасап келеді. Қазір өңіріміздің басқа аудандары мен өзге облыстағы интернет қылмыстарға сараптама жасаған полицейлер үлкен істі атқарып отырғанын айтады. Алдағы уақытта бұл іс оң нәтижесін береді деген сенім бар.

Түйін

Заманмен бірге адам да өзгеруде. Тіпті қылмыс түрі де жаңаша сипатқа еніп, түрленгенін көріп жатырмыз. Әлеуметтік желіге кіре қалсаңыз жаңалықтар бетінен түрлі жарнамалар шыға келеді. Осы күні кез келген сайттарды тексеруге болатын бірнеше платформалар бар. Солардың бірі trustorg.com. Аталған сайтқа кіріп, көпшілік пайдаланатын «Сулпак», «Алсер», «Алиэксперсс», «е-каталог» интернет дүкендерін және «Жайық Пресс» сайттарын тексеріп көрдік. Нәтиже ойдағыдай болды. Сондай-ақ Google ұсынған аты таныс емес техника сататын сайтты да тексерістен өткіздік. Нәтиже оң боғанымен сенім туғызбады. Өйткені trustorg.com берген рейтингі төмен еді. Бұдан бөлек аталмыш платформа арқылы шетелде жұмыс ұсынатын жарнамасы бар сайтты да бір сүзіп өтуге тура келді. Ондағы нәтиже де көңілден шықпады. Жұмыс ұсынушы сайтқа сенімсіздік білдіргендер де болды. Сонымен қатар тез ақша табуға көмектесетін бір сайтты да сүзгіден өткіздік. Тексеріс нәтижесі ештеңе бермегенімен доменнің ашылғанына не бары 169 күн болыпты. Сондықтан сенімсіз деген шешім шығаруға тура келді. trustorg.com тек сайттарды ғана емес, инстаграм аккаунттар мен телефон нөмірлерін де тексеруге мүмкіндік береді. Сондықтан желі арқылы сауда жасар алдында өзіңізге телефон шалған абонент нөмірін де, жарнама ұсынған сайт  пен инстаграм аккаунтты да текеруге болады.

Сондықтан әр нәрсені жеті ойлап бір кескен абзал.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале