23.05.2023, 16:00
Оқылды: 13

Жұмыссыздық деңгейі 4 пайыз

Бүгін Бәйтерек ауданы әкімі Марат Тоқжанов аудан орталығы - Переметный ауылдық округінің тұрғындарымен жүздесіп, халық алдында есеп берді.

IMG-20230523-WA0029
Биылғы бірінші тоқсанда атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасаған округ әкімі Алексей Герасимовтің айтуынша, округ аумағында жарықтандыру, абаттандыру жұмысы қарқын алып, ауыл ішінің тазалық мәселесіне көп көңіл бөлінуде. Атап айтсақ, Переметный, Калинин, Болашақ, Қаражар, Поливной, Забродин ауылдары көшелерінің шамдарын 100 пайыздық жарық диодты шамдарға қыркүйек айына дейін толық ауыстыру жоспарланған. Переметный мен Калининдегі спорт және демалыс орындарында абаттандырылмақ. Сондай-ақ тал-терек отырғызу ісі де жүйелі жалғасын табуда. Переметный мен Калинин ауылдары көшелеріне заман талабына сәйкес 50 тұрмыстық қатты қалдықтар және 38 пластикалық заттарға арналған жәшіктер орнатылды. Әрі көшелерге 30 тұрмыстық қатты қалдықтар алаңы жасақталды.

IMG-20230523-WA0030
Аудан басшысы өткен жиында тұрғындар тарапынан көтерілген ауыр жүк көліктерінің ауылішілік жолды бүлдіруіне шара қабылдауы, «Жүк көліктері қозғалысына тыйым салынады» белгісін қою, 6 ескі аялдаманы жөндеуден өткізу немесе ауыстыруға қатысты аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Асылан Даубаев пен округ әкімі Алексей Герсимовке аталған нысандарды көріп, зерттеп, шұғыл қорытынды шығаруды тапсырды.
Екінші мәселе – Переметный ауылдық округіндегі жұмыссыздар санының артуы. Қазіргі таңда аядай ауылдағы жұмыссыздық деңгейі 4 пайызға, яғни 160 адамға жеткен.

- Азаматтарды мамандығына сай жұмысқа тартыңдар. Тұрақтауына жағдай жасаңдар. Өзін-өзі жұмыспен қамтуына ықпалдасып, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіріңдер. Кәсіп ашсын. Алайда ұсынған жұмыс орнынан бас тартып, мемлекеттік қолдауды пайдаланғысы келмейтіндер жұмыссыздар санатынан шығарылсын, - деді Марат Лұқпанұлы.
Есептік кездесуде Мұнайшы шағын ауданының тұрғындары аялдама қажеттігін айтып, интернет мәселесін көтерді.

Гүлжаз Баделова,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале