25.02.2020, 17:20
Оқылды: 139

Сәкен Нұртазаев: «Бізге халыққа адал қызмет ететін, елдің дамуына пайдасы тиетін «өзгеріс агенттері» деген сенім жүктелді»

Saken

БҚО-дан Президенттік жастар резервіне алынған санаулы адамның бірі – Сәкен Рүстемұлы Нұртазаев. Ол бүгінде БҚО ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасының басшысы.

Сәкен Рүстемұлы 1985 жылы дүниеге келген. Қазақстан-Британ техникалық университетінде инженер-технолог мамандығына оқыған. 2011 жылы Ұлыбританиядағы Стирлинг университетінен менеджмент мамандығы бойынша диплом алды. 2007 жылы «ҚазТрансГаз Аймақ» өндірістік департаментінің жетекші маманы ретінде еңбек жолын бастады. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің талдау және стратегиялық жоспарлау басқармасының сарапшысы, ҚР Президенті қарамағындағы мемлекеттік басқару академиясында сектор меңгерушісі болды. Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының бас инспекторы, Семей қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2016 жылы Орал қаласы әкімі аппаратының басшысы қызметіне тағайындалады. 2018 жылғы шілде айынан бастап Батыс Қазақстан облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер және архивтер басқармасын басқарады.

 

-Мемлекет басшысының жастар резерві жобасына өзге елдер де қызығушылық танытты. Жоба ары қарай қалай жүзеге асады?

-Мемлекет басшысы дарынды жастарға арналған әлеуметтік сатыны құру жайлы айтқан болатын. Сол идея жобаға айналды. Жобаның басты мақсаты – білікті басшылардың жаңа буынын қалыптастыру. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Кадрлық резервке өту – ұлт үшін, Ел үшін, халық үшін аянбай тер төгу деген сөз. Сіздерге үлкен жауапкершілік жүктеледі» деді. Мемлекеттік қыз­мет­ке өзгеріс әкелу үшіну үшін заманауи ой­лай алатын, жаңа тренд­­терді жете түсінетін жаңа фор­­мациядағы жастарды жұмылдыруды жоспарлады. Бізге ертең халыққа адал қызмет ететін, елдің дамуына пайдасы тиетін «өзгеріс агенттері» деген сенім жүктелді. Дұрыс жобаларды жүзеге асыру – міндетіміз. Әрине, біз үшін үлкен мүмкіндік. Соны пайдаланып елге қызмет етсек деймін.

 

-Резервке өту қаншалықты қиын болды?

-Әрине, оңай болған жоқ. Алты сатыдан өттік. Бірінші тестілеу болды. Содан кейін жоба ұсындық. Эссе жаздық. Қабілеттерімізді бағалау кезеңінен өттік. Ең қиыны – ұлттық комиссиядағы сұхбаттасу болды.

 

-Қанша тіл білесіз?

-Қазақ, орыс және ағылшын тілінде еркін сөйлеймін. Испан тілін үйреніп жүрмін.

 

-Өскен ортаңыз жайлы айта кетсеңіз.

-Қалада туып, өстім. Орыс тілді балабақшада тәрбиеленсем де Алматыда 1992 жылы екінші болып ашылған қазақ мектебінде оқыдым. Сол №159 мектепті  қазақ тілінде бітіріп, Қазақ-Британ техникалық университетіне түсіп, орысша аяқтадым. «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияда оқыдым.

Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң еңбек жолымды ауылдан бастадым. Ауылда екі жылдай жұмыс жасап, ауыл халқының барлық тұрмыс-тіршілігімен таныстым. Бұл мен үшін үлкен мектеп болды.

 

-Президенттік резервке өткен жастардың тіл меңгеруін қалай бағалайсыз? Қазақ тілін қаншалықты біледі?

-Үміткерлердің қабілеттерін бағалау кезеңінде қазақ тілін меңгеруіне жақсы көңіл бөлінді. Ұлттық комиссияда сұхбаттасу кезінде сұрақтардың 70 пайызы қазақ тілінде қойылды. Маған қойылған жеті сұрақтың бесеуі қазақ тілінде болды.

 

-Дәл қазір өзіңізді біліктілігіңізге сай жұмыс істеп жүрмін деп ойлайсыз ба? Әлде одан да жоғары лауазымдарды лайықты көресіз бе?

-Бірден үлкен лауазымды ұсынудан гөрі, мемлекеттік қызметте жақсы бастамаларды жүзеге асырсақ жобаның мақсаты орындалады деп ойлаймын.

 

-«Өзгеріс агенті» ретінде нені өзгертер едіңіз?

-Мен облыста цифрландыру жұмыстарымен айналысып жүргендіктен, бұл сөз менің ісіме жақын. Цифрландыру арқылы көп нәрсені өзгертуге, дамытуға болады. Бұл бағытта аз болса да тәжірибеміз бар.

Орал қаласының әкімдігінде «Ашық әкімдік», «Smart city» жобаларын жүзеге асырдық. Тұрғындардың қалалық әкімдіктің бөлім мамандарына тікелей жолығуына жағдай жасалып, мемлекеттік қызмет сапасы жақсарды. Сыбайлас жемқорлыққа жол беру қаупі төмендеп, адамдар уақытын үнемдеуге мүмкіндік алды. Мамандар қосымша құжат сұратып, келушілер әуре-сарсаңға түспейді. Бұрын жер актісін рәсімдеу үшін бірнеше мекеме-ұйымға табан тоздырып бару қажет еді. Бұл жүйені цифрландырдық. Оған жиырма шақты мекеме қосылды. Жер иесі сайттағы сауалнаманы толтырған соң, он шақты күн ішінде акт құжаты қолына тиетін болды.

Мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі басты назарда. Цифрландыру арқылы мемлекеттік бюджетті оңтайландыруға мүмкіндік мол. «Өзгеріс агенті» ретінде елге қосар үлесім осы бағытта болмақ.

 

-Облыстың цифрландыру деңгейі қандай деңгейде? Тұрғындардың өмірін жеңілдету үшін әлі қандай жұмыстар атқарылуы керек?

- Цифрландыру, «Ақылды қала» дегенде ең алдымен айтылатын – қауіпсіздік. «Ақылды қала» ұғымы бейнебақылау, қауіпсіз жаяулар өткелі, бағдаршамдар, «ақылды қиылыстардан» құралады. Мұны ең алдымен сол қаланың тұрғындары сезінуі керек. Үйден шықпай-ақ мемлекеттік қызметтердің қолжетімді болып, егер өзі барса тез әрі сапалы қызмет алуы тиіс. Екінші бағыты – оңтайландыру, бюджетке түсетін салмақты азайту. Өңірлер арасындағы рейтингке келсек, Орал қаласы үшінші орында. Әрине, мұны мен бағалай алмаймын, бұл Цифрлық даму министрлігінің мәліметі. Бұл көрсеткіш бізді тұрғындардың игілігі үшін одан әрі жұмыстана түсуге ынталандырады.

Нұрлыбек Рахманов,

суретке түсірген Эльвира Меңдіғали

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале