19.12.2019, 12:35
Оқылды: 890

Аты аңызға айналған Оралбек оғлан

Сырым ауданының Жымпиты ауылында Сырым батырдың заманынан басталған билер мен батырлардың сара жолын жалғаған, сабақтастықтың ізін қалдырған бір адам болса, ол даусыз Оралбек Қожагелдин. Аты аңызға айналған оғлан Оралбектің дүниеден өткеніне 22жылдың жүзі болса, биыл тірі болса мерейлі 55 жасқа толар еді.

oralbek (4)

Ауданда дәстүрге айналған Оралбек Мәтниязұлын еске алуға арналған түрлі шаралар басталып та кетті. Оралбек Мәтниязұлының өмірбаяны, атқарған еңбектерін кез келген жерден тауып оқуға болады. Біз ағамыздың ерекше қасиеттеріне тоқталуды жөн көрдік.

oralbek (1)

«Қазақ жігіті қандай болу керек?» деген сұраққа «Оралбектей» деп ойланбастан жауап береді көз көргендер. Дархан даланың кеңдігін пейіліне жинаған азаматты үлкенге құрмет көрсету мен кішіге қамқор болудың биік эталоны десек, қателеспейміз.Тоқсаныншы жылдардағы қиындық кезінде ашқан күрес мектебіне Сырымның атын неге берді деп бір сәтке ойланып көрсек. Оның бойындағы туған жерге деген ыстық махаббат пен тарихына деген құрметі шексіз екенін біреу біліп, біреу білмес. Қазір көп жағдайда салынған қандай да нысан болмасын,  олардың атаулары балаларының, ата-апаларының немесе бір рудың төңірегінен аса алмайды. Ал Сырымның биік болмысын, оның тарихи тұлғалығымен қатар өзтуған жерінің осы батырмен аттас болғанын елжанды азамат ерте түсінген. Алақандай Қособасын әлемнің астаналарына айырбастамаған Оралбектің осы болмысы бүгінде аңызға айналды. Себебі тап осылай сүйіспеншілігін білдіре алатындар аздау ма деген ойға қаласың. Оның бойындағы кісіге болсын дейтін қасиеті оған  байлық жинатқан жоқ, дос пен бедел жинатты. Сол кездердегі естеліктерді қарап отырсақ, қазақтың батыр болмысты, намысты, ерік-жігері тау қопаратындай қайраттылығы қандай болса, махаббат пен достыққа адал, жұртқа сенгіштігі мен баладай аңғалдығы, оның сәби болмысын көрсетеді. Бірақ достың да алдап кетерін, жалғанның мәңгілік емес екенін сұм тағдыр тағы көрсетті. Қазақтың іштен шыққан жауы мен қазаққа қазақтың қас болғанынан қиын ештеңенің жоқтығынтарих тағыда дәлелдеді. «Батыраш болмыстылар» мен қасқыр терісін жамылғандардың жымысқы ойы қашанда бірінші жүзеге асады емеспе?! Ел басына күн туған қиын уақытта ауылдағы ағайынның жағдайына алаңдаған санаулы азматтардың да бірі осы Оралбек. Сол кездегі жасаған еңбегі бүгінде тарихқа, өзінің бейнесі туған-туыстары үшін сағынышқа айналды. Бүгінде орнында қалғандар оңалып, тірі жандар тіршілігін жасап жатыр. Жұдырықтай жүрек иесінің әміршісі болған алақандай Қособа ауылының түтіні түзеліп, ауыл халқының бұрынғы ұн іздеп, ұзақты кеш қаламен екі ортаға сапарлап жүретін ахуалы жоқ. Адам жанына не керектің бәрі бар. Рас, жолы әліде бұралаң шығар, мүмкін сол бұралаң жайын жол Оралбегін еске салатын шығар. Бірақ ол араларында жоқ екенін, уақыт өткен сайын алыстаған таудың зорайып көрінгені секілді, аңызға айналған оғлан туралы тарихтың да тым тереңдеп бара жатқаны сөзсіз. Дәтке медет – оның аты өшпейтіні, туған жердің тарихына айналған алмастай ұлдың асыл қасиеттері, өнегелі өмірі мен еліне жасаған әрбір істері талай ұрпаққа мұра болары анық.

 

Айнагүл Ойшыбаева

Сырым Датұлы атындағы

тарихи-өлкетану музейінің

меңгерушісі

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале